Ғимарат 600 балаға арналған. Мұнда 24 оқу кабинеті, асхана, спорт зал, кітапхана, зертханалық кабинеттер бар. Құрылыс компаниясы білім күніне үлгеруге кестеден оза жұмыс істеген. 1 қыркүйекте мектеп-гимназия табалдырығын бірінші сыныпқа барған 250 бала аттады. Мерекеге орай шаһардың бас ұстазы барша мұғалімдер мен ата-аналарды, оқушыларды білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылында табыс тіледі.
– №65 мектеп-гимназия ұжымы – қаладағы ең озық білім ордаларының бірі. Биыл жаңа оқу корпусы пайдалануға беріліп отыр. Жалпы, осы жылы мегаполистің мектеп түлектері жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, ҰБТ қорытындысы бойынша олардың 85 пайызы мемлекеттік гранттарды жеңіп алды. Қаламызда жыл сайын жаңа мектептер салынып жатыр. Білім сапасы артып келеді, инфрақұрылымы жақсару үстінде. Оқушылардың қауіпсіздігіне де баса мән беріліп отыр. Сондықтан балалардан талап етілетіні – тек қана білім алу, – деді Ж.Тәжиева.
Жалпы, Шымкентте 27 мыңнан астам оқушы 1-сыныпқа барды. Қалалық білім басқармасының мәліметінше, 1-сыныпта оқитын оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында 1-сыныпқа қабылданған оқушылар – 25 005 болса, 2022-2023 жылы – 26 781, ал биылғы оқу жылында 26 969 оқушыны құраған. Яғни мектепке жаңадан барған оқушылар жыл санап артып келеді деген сөз. Сонымен бірге мегаполисте орта білім беретін 246 мектепте 232 788 оқушы білім алып жатыр. Мектептерде 20 184 пегагог жұмыс істейді.
ШЫМКЕНТ