Алматы • 01 Қыркүйек, 2023

Өңірде 9 мектеп ашылды

414 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы облысында 456 мектепте қоңырау соғылып, 340 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылын бастады. Соның ішінде 39 мың балдырған мектеп табылдырығын алғаш аттап отыр.

Өңірде 9 мектеп ашылды

Өңірде үш ауысымды мектептер­ді және орын тапшылығын жою мақ­сатында былтыр 710 орындық 4 мек­теп салынып, қолданысқа бе­ріл­ген еді. Биыл 16 мектептің құры­лысы жүргізіліп жатыр. Оның 9-ы 1 қыркүйекте пайдалануға берілді. Соның бірі – Еңбекшіқазақ ауданы­ның орталығы Есік қаласындағы №6 мектеп-лицейі. Оның ашылу сал­та­натына Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайберге­нов қатысып, ұстаздар мен оқушылар­ды, ата-аналарды жаңа оқу жылының ­басталуымен құттықтады.

– Облысымызда алдағы уақыт­та «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясын­да 53 мектеп салу жоспарла­нып отыр. Сондай-ақ өңірде жеке ин­­вес­тордың есебінен 1 800 орын­дық 2 мектеп салынып жатыр. Бү­гін пайдалануға берілген 1 500 орын­­дық жаңа мектеп бұған дейін үш ауы­сымда жұмыс істеп келген Те­реш­кова, Тоқатаев, №1 Рахат орта мек­тептерінің проблемасын ше­шіп отыр. Мектеп құрылысын «BI Global» серіктестігі жүргізді. Ен­дігі кезекте осындай зәулім мектепте оқитын балалар бізді жақсы жетістіктерімен қуантады деп се­неміз, – деді ол.

Жаңадан салынған мектеп-лицей оқушыларды тек қазақ тілінде оқытады. Білім ордасы соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған 82 кабинеттен тұрады. Сондай-ақ лицейде кітапхана, екі спорт залы, оның бірі 310 орындық жылжымалы электр платформасы бар акт залымен біріктірілген, екі киім ілетін бөлме және үш жүзге жуық бала бір мезгілде тамақтанатын асхана бар. Нысан үш қабаттан және үш блоктан тұрады. Оқу ғимаратында талапқа сай шағын футбол, баскетбол алаңы мен жүгіру жолы салынған.

– Осы мектептің салынатынын естігенде қуанып, пайдалануға бері­луін асыға күттік. Себебі бұған дейін балаларым үш ауысымды мектепте оқып келді. Енді, міне, сәулетті де кең мектепке немерелерімді әкеліп отырмын. Бек қуаныштымыз, – деді қала тұрғыны Р.Малдыбайқызы.

Есік қаласындағы мектеп-лицей­ге Білім күні 570 бала партаға отырып, сабақтарын бастады.

Дәл осындай қуанышты сәтті Іле ауданы, Боралдай ауылындағы №54 орта мектептің ашылу салтанатына қатысқан тұрғындар да бастан өткерді. 1 500 орындық жаңа мектеп осы уақытқа дейін үш ауысымда жұ­мыс істеген №17 орта мектептің мәсе­лесін түбегейлі шешті. Бүгінгі таң­да аталған мектепке 1 200 оқушы қа­былданып, 52 сынып ашылды. Мек­теп құрылысын «BI Global» серік­тес­тігі жүзеге асырды.

Бұл күні Іле ауданында тағы екі мектеп – Междуреченск ауылындағы 1 500 орындық №55 орта мектеп және Көкқайнар ауылында 1 500 орындық №53 орта мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. Аталған мектептер оқу­шыларды қазақ тілінде оқытады әрі екі ауысымда жұмыс істейді.

Сондай-ақ бұл күні Жамбыл ауда­ны­ның Ұзынағаш ауылында 1 500 орын­­дық №1 мектеп-лицейі жұмысын бас­­тады. Қаскелең қаласында 1 500 орын­­дық мектеп-гимназиясы, Қара­сай ауда­нының Алмалыбақ және Ір­ге­­лі орта мектептеріне қосымша 600 орын­­дық жапсарлас ғимараттар, Қо­наев қаласында 900 орындық орта мек­­­теп пайдалануға берілді. Қалған бес мек­тептің құрылысы жыл соңына де­­йін аяқталады деп күтіліп отыр.

 

Алматы облысы