Білім • 02 Қыркүйек, 2023

Қазақ сыныбының қатары көбейді

414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлытау облысы бойынша биыл 1-сыныпқа 4 342 оқушы қабылданды. Оның 81,3 пайызы қазақ сыныптарын таңдады. Облыста таза орыс тілінде білім беретін бірде-бір мектеп қалған жоқ.

Қазақ сыныбының қатары көбейді

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Сәтбаев қаласындағы №25 мектептің ашылғанына келе­сі жылы 60 жыл толады. Осы уақыт ішінде мұнда тек орыс тілі үстемдік құрып келген еді. Ал биыл алғаш рет үш қазақ сыныбы және мектепке даяр­лық тобына бір қазақ сыныбы ашылды.

– Әрине, оңайға түскен жоқ. Ата-аналарды иландыруға ту­ра келді. Сөзімізге илікпе­ген­дері де кездесті. Ең бастысы, сең қозғалды. Енді мектебіміз қазақылана бастайтыны күмән­сіз. Алдағы уақытта бұл сы­нып­тарға қоса қазақ тілінде білім алатын 5-сыныпты да ашу ойда бар. Қазір сол ба­ғытта жұмыс істеп жатырмыз, – деді мектеп директоры Жансая Бодықова.

Білім күнінде алғаш рет пар­таға отырған 1 «ә» сыны­бы­ның оқушыларымен бірге олардың сыныбына бардық. Бұл сыныптың жетекшісі Кү­ләй­хан Елібаева – қаладағы мақ­таулы мұғалімдердің бірі. Жиырма жылға жуық тәжіри­бесі бар. Алпыс жыл дегенде бұл мектептің табалдырығын ал­ғаш рет қазақ сыныбының қарлығаштары болып аттаған балалардың ата-аналарын да тілге тарттық.

– Екінші немерем Фарида осында оқитын болды. Үйі­міздің қасындағы мектептен қазақ сыныбы ашылғанына қуа­­ныштымын, қатарымыздың қалыңдай түскенін қалаймын, – деді еңбек ардагері Әбдірахман Түсіпбеков.

Тұңғышы Мансұрды мек­тепке жетектеп әкелген Айдана Сәкебаева: «Үш жыл бұрын Қарағанды қаласынан кө­шіп келген едік. Биыл міне­ки, бұрын-соңды болмаған оқи­­ғаның куәсі болып тұрмыз. Орыс мектебінен бір емес, бір­неше қазақ сыныбы ашылды. Сөйтіп, қадамымыз құтты болып жатыр», деді.

 

Ұлытау облысы