Пікір • 01 Қыркүйек, 2023

Жаңа министрлікке қабілетті кадрлар керек

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір елімізді су мәселесі қатты алаңдатып отырғаны белгілі. Президент те Жол­дау­да еліміз үшін судың маңызы мұнай мен ­газ және металдан кем емес екенін айт­ты. Осы орайда су шаруашылығы жү­йе­сін тиімді дамыту мәселесімен дербес меке­ме айналысуы қажет екендігін атап өтіп, ­Су ресурстары және ирригация министр­лігі құрылатынын және осы ми­нистрлік­тің аясында Ұлттық гидрогеоло­гия қыз­меті қайта жұмыс істейтінін жеткізді.

Жаңа министрлікке қабілетті кадрлар керек

Мен мұны дәл уақытында кө­теріліп отырған өзекті бастама деп айтар едім. Өйткені биыл жаз­ғы демалысымызда еліміздің бір­қатар өңірін, соның ішінде су тап­шылығынан зардап шегіп отырған облыстарды араладық. Атап айт­қанда, Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы жа­йылымдарына барып, фермер­лермен тікелей кездесіп сөйлес­­тік. Мәселені өз көзімізбен көр­дік. Бұл шын мәнінде кезек күттірмес шаруа. Оны дереу шешпесе, ертең қиын болатыны көрі­ніп отыр. Сондықтан Президент­тің арнайы министрлік құру, су қо­рын сақтайтын технологияларды енгі­зу, су тоғандарын жасау туралы бас­тамалары құптарлық іс.

Бұл жерде кадр мәселесін де естен шығармаған дұрыс. Су мәселесі – тек экономикалық емес, саяси мәселе. Шүкір, Қазақстанда су мәселесін мемлекеттік дең­гейде меңгерген, Орталық Азия­ның гидрология, ирригация көш­басшыларын жетік білетін мемлекеттік тұлғалар бар. Олар зейнет жасына шықса да, тәжіри­бесімен саланы тығырықтан шы­ғара алады.

Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылғаннан кейін ол жерде жұмыс істейтін адамдар лауазымдық міндеттерімен қатар сөзі өтімді және беделді болуы керек. Біз су мәселесінде көршілерге белгілі бір деңгейде тәуелді елміз. Сондықтан жаңа мемлекеттік органның басшылары өз ішіміздегі ресурстарды тиімді пайдаланумен қатар, көрші мемлекеттермен де оңтайлы диалог құрып, дипломатиялық жолдармен шиеленісті жағдайларға жол бермеуге тиіс. Бізде ондай қабілетті азаматтар бар. Бұл үлкен жұмыс және оның нәтижесі ауыл шаруашылығын дамыту үшін маңызы зор.

 

Азат ПЕРУАШЕВ,

Мәжіліс депутаты