Екіншісі, Көлік министрлігі құрылмақ. Жол мәселесі Ұлытау облысы үшін де өте өзекті екені белгілі. Өйткені өңір еліміздің дәл ортасында орналасқан. Қызылорда мен Жезқазған тасжолы әлі салынып біткен жоқ. Жаңадан құрылатын министрлік жол құрылысына үлкен серпін береді деп сенемін.
Тағы бір айта кетерлігі, Мемлекет басшысы «Otbasy bank» жұмысын қайта қарау туралы тапсырма берді. Бұрын оның бөлімшелері облыс орталықтарында ғана бар-тұғын. Енді моноқалаларға, ауылды жерлерге «Otbasy bank» жұмысы қолжетімді болады.
Жолдауда айтылған өзекті тақырыптың бірі – зорлық-зомбылыққа қатысты. Президент кәмелет жасына толмаған балаларға зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны күшейтуді талап етіп отыр. Бұл да – қазіргі қоғамдағы күйіп тұрған мәселенің бірі.
Жолдауда айтылған тапсырмалар орындалса, экономикалық тұрғыдан нығаюға жол ашылады. Экономиканың дамуын 2029 жылға дейін екі есе өсіруге мүмкіндік туатыны анық. Енді алға қойылған бағыттар бойынша жұмыс істеу керек.
Ерболат САТЫБАЛДИН,
Мәжіліс депутаты