Парламент • 02 Қыркүйек, 2023

Заң шығару үдерісі ашықтықты қалайды

149 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төра­ға­лығымен палатаның жал­пы отырысы өтті. Онда депутат­тар Мемлекет бас­шы­сының Жолдауы аясын­да­ атқарылатын жұмыстарды тал­қылап, бірқатар жаңа заң жобасын қарауға алды.

Заң шығару үдерісі ашықтықты қалайды

Мәжіліс төра­ғасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақ­стан халқына Жолдауында депутат­тардың алдына қойылған мін­деттерді жария етті. Оның бар­лы­ғы өңірлердегі проблемалармен үндес екенін атап өтті. Бұл әрбір отба­сының амандығы, тұрақты жұ­мысы, лайықты жалақысы, аман­дығы мен қауіпсіздігі, елдегі тыныш­тық, бейбітшілік пен келі­сім.

– Қасым-Жомарт Кемелұлы бүгін жұртшылықты алаңдатқан мәселелердің бәріне нақты жа­уап берді. Президент азаматтарға қамқорлық жасау, олардың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің басты назарында екенін тағы да айқын көрсетті. Мәселен, келер жылы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге дейін көтеріледі. Бұл шара 1,8 миллион адамды қамтиды, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы бірінші кезек­тегі міндеттер қатарында отан­дық өндірісті дамыту, инфрақұрылым мәселелерін шешу, халықтың қарыз жүктемесін азайту, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адам­дарды әлеуметтік қолдау, Са­лық және Бюджет кодекстерін қа­былдау, сонымен қатар цифр­ландыру, ғылым мен технологияны дамыту екенін айтты.

Суға қатысты мәселелерді то­­лық шешу үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, көлік-логистикалық секторды дамыту үшін Көлік ми­нистр­лігі қайта құрылады. Мәжіліс спикері Президенттің атом электр стансасын салу бойынша референдум өткізу туралы бастамасын стратегиялық шешімдердің бірі деп атады. Бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып және ол бүкіл ел тұрғындарының пікірін ескере отырып шешіледі.

– Біздің міндетіміз – Мемлекет бас­шысы алға қойған мін­дет­терді заңнамалық деңгейде са­палы әрі жедел орындауды қам­тамасыз ету. Республикалық бюд­жеттен бөлінген әрбір тиын мүлтіксіз өз мақсатына жұмсалуға тиіс. Де­путат­т­ар мұны қатаң қада­ға­лауы қажет. Заң шы­ға­ру үдерісі аза­мат­тық қоғам­дастықтың пікі­рін ескере отырып, ашық болуы керек, – деді спикер.

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуовтің өкі­лет­­тігі мерзімінен бұрын тоқта­тылды. Депутаттар экс-мәжі­ліс­менді шығарып салып, жаңа қыз­ме­тіне сәттілік тіледі.

Одан соң депутаттар бір­қатар жаңа заң жобасын жұ­мыс­қа қа­был­дады. Соның ішін­де 2024-2026 жылдарға ар­налған республикалық бюджет және Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Ұлттық қорынан кепіл­дендірілген трансферт, қоғам­дық бірлестіктер туралы, тұтыну­шы­­лар­дың құқықтарын қорғау туралы заң жобасы мен ілеспе түзетулер, әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар және екі ратификациялық заң жобасы бар.