Шаруашылық • 04 Қыркүйек, 2023

Жылыжай шаруашылығын дамыту басымдығы

417 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал», деп айрықша атап өтті.

Жылыжай шаруашылығын дамыту басымдығы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ «EQ»

Соңғы жылдары елімізде жылыжай шаруашылығы қалыпты дамып, өндіріс орындарының саны жыл санап артып келеді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатты ден қойып, қауырт қолға алып жатқан тың сала ішкі нарықты жергілікті көкөніс өнім­дерімен қамтамасыз етуде және импорт­тық өнімдердің үлесін азайтуда ма­ңызды рөл атқарады. Дегенмен Ауыл ша­руашылығы министрлігінің мәліметтеріне сәйкес жылыжай көлемі өткен жылдың қоры­тындысы бойынша 232,3 гектарға қыс­қарып, 1,2 мың гектарды, жылыжайда өсі­рілген қызанақ пен қиярдың жалпы өнімі 177,5 мың тоннаны құрады. Жылыжай аумағының қысқаруы өндірілген өнімнің өзіндік құнының жоғары болуына жəне бизнестің төмен рентабельділігіне байланысты орын алып отыр.

Бүгінде жылыжайлардың негізгі бө­лігі жеміс-көкөніс өсіру үшін ауа райы қолайлы Түркістан облысында – 824,2 га, Шымкент қаласы маңында – 139,2 га, сондай-ақ Алматы облысында – 79 га, Қарағанды облысында – 43 га көлемінде шоғырланған. Елдің басқа аймақтарында да шағын жылыжай алаңдары бар.

Жылыжай шаруашылықтарының не­гізгі мақсаты тұрғындарды сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, сауда орындарын тасқын судай басып жатқан көкөніс өнімдерінің импор­тын азайту, сөйтіп, бағаның тым шарықтап өсуіне жол бермеу екендігі белгілі. Со­ның нәти­жесінде соңғы жылдары бел­гілі бір дәрежеде қияр, қызанақ, қырыққабат, сәбіз, пияз сияқты ас-тағам мәзіріне күнделікті қажет болатын өнімдер бағасының тұрақ­тануына қол жеткізілді. Алайда бағаның көтерілуі тоқтар емес. Оның бір себебі – елдің жылыжай шаруашылықтары көкөніс өнімдері нарығында Орталық Азия шаруа­шылықтарымен жоғары бәсе­келестікке төтеп бере алмай отыр. Ел­дің күрт құбылмалы салқын ауа райы (жылыту маусымы ұзаққа созылады), энергия тасымалдаушыларға жоғары тарифтер (жылыжай өнімінің өзіндік құнындағы энергия көздерінің (жарық, газ, көмір) үлесі 45% дейін жетеді) жылыжай өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай төмендетуде.

Жылыжай шаруашылығымен тұрақты айналысушы ірі кәсіп иелерінің негізді талап-тілектері, проблема етіп көтеруі нәтижесінде бұл мән-жайға бүгінде ерек­ше мемлекеттік маңыз беріліп отыр. Ай­талық, жылыжай шаруашылықтарын дамыту мәселелеріне арналған Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі­нің орынбасары Аманғали Бердалин маусымаралық кезеңде электр энергия­сы, газ, көмір шы­ғындарын субсидиялауды енгізу бойын­ша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өткен бо­латын. Ол үшін 2023 жылғы 1 ма­мыр­дан бастап күшіне енген фермерлік жы­лыжайларға арналған ұлттық стандарт (ҚР СТ 3834-2023) бекі­тілді. Инвес­ти­циялық субсидиялау шең­берінде жылыжай кешендерін салу жəне кеңейту жөніндегі жобаларды іске асыру кезінде шығындарды өтеуді 25%-дан 30%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ жабық топырақта өсірілген көкөніс дақылдарын өндіруді дамыту мақсатында тыңайтқыштар, пестицидтер, биоагенттер мен биопрепараттардың құнын субсидия­лау, қияр жəне қызанақ тұқымдарына субсидиялар беру жөніндегі мемлекеттік қолдау шаралары жалғасуда.

«Агробизнес» әмбебап кредит беру бағ­дарламасы шеңберінде жылыжай құры­лысына кредит беру алдағы уақыт­та да іске асырыла береді, бұл ретте мөл­шер­леме субсидиялау есебінен 6%-ға дейін төмен­дейді. 2020 жылдан бастап осы бағдарлама бойынша 16,7 млрд теңгеге жалпы алаңы 51 гектар болатын 14 жылыжай қаржыландырылды. Жабық топырақта көкөніс өндірудің рентабельділігін арттыру өндіріс кезінде өзіндік құнын төмен­дету есебінен ғана мүмкін болатынын ескере отырып, Министрлік жылыжай шаруа­шылық­тарын гектарлық субсидиялауды енгізу бойынша жұмыс жүргізуде», деді АШМ Өсім­дік шаруашылығын дамыту бас­­қар­­масының басшысы Қарлығаш Нұри­ханова.

Жылма-жыл жылыжайлар саны артып келе жатқанына қарамастан жергілікті кәсіпкерлердің халықты көкөніспен, же­міс­­пен толықтай қамтамасыз ете ал­мауының бір себебі шаруашылықты әлем­дік стандарттар деңгейінде дамыта алмай отырғанымызға келіп саяды. Сарапшы, мамандар бұл ретте әлемдік озық үлгілі тәжірибелерді алға тартады. Мәселен, әлемде жылыжай салудан Қытай бірінші орында, елдің жылыжай шаруашылығының алқабы шамамен 1,5 млн гектар аумақты алып жатыр. Бұл сала едәуір дамып тұрған елдер тізімінде АҚШ, Оңтүстік Корея, Израиль, Испания, Жапония, Түркия, Үндістан, Нидерланд, Ресей, Иран, Мысыр елдері бар. Израиль, Қытай, Нидерланд секілді дамыған елдерде көлемі үлкен әрі жаңа технология­мен жабдықталған 1 гектар жылыжай кешенінің құны 1,5-2 млн еуроға дейін барады. Өйткені оның құрылымында қуатты өте көп мөлшерде тұтынатын жылыту, жарықтандыру жүйелері бар және құнарлы, сапалы өнім алуға жұмсалған қаржы өзін-өзі ақтауға тиіс.

Дамыған елдердің көпшілігі сұранысы, өтілімі жақсы көкөніс өсіруге басымдық береді. Айталық, Түркияда жылыжайдың 88 пайызында көкөніс өсіріледі. Ал қал­ған 10 пайызына жеміс, 2 пайызына гүл егіледі екен. Халқының саны бізбен бір­дей болғанымен, жері әлдеқайда кіші Нидерландының әлемді азық-түлікпен қамтамасыз ету әлеуеті таңғалдырады. Бүгінде Нидерланд – тамақ өнімдерін экспорттау бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында. Елдің мұндай толайым табысқа жетуінің басты бір кілті – осы саламен шұғылданатын шаруашылық, кәсіп иелері әрбір әлемдік технологиялық жетістікті мұқият қадағалап, жедел өнді­ріске енгізіп отырады. Жылыжайдың ірге­тасы қаланғаннан бастап, алғашқы өнімді бергенінше шаруашылық білікті мамандардың қатаң бақылауында болады.

Елімізде мұндай күрделі кешенді салуды кез келген кәсіпкердің қалтасы көтере бермейді. Әрбір қадамыңның қымбат тұрғаны былай тұрсын, өнімді өсірудің өзіндік қиындықтары өте көп және де, кәсіп­керлердің айтуынша, жылыжай ке­шені тәуекелді де іс. Оның бір мысалы, биылғы жылы Түркістан облысының Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының бірқатар жылыжай шаруа­шылығы қыстағы қатты аяздан және қар­дың көп түсуінен, сондай-ақ көмір же­тіспеу­шілігінен зардап шеккені, шы­ғынға ұшырағаны белгілі.

Жалпы, қандай жағдайда болсын, көкөністі оңтүстік өңірлерде өсірген тиімді, пайдалы. Еліміздің Солтүстік, Орталық, Шығыс аймақтарында көкөніс дақылдарын жабық жерде өсіру мүлде қиын. Неге десеңіз, аталған жерлердің қысы қатты, ұзаққа созылады, ауа райы суық, жылытуға және электр энергиясына шығындар көп мөлшерде жұмсалады. Осыған орай жылыжай шаруашылығы Оңтүстік өңірде қатты дамып келеді. Бүгінде Түркістан облысында 1 459 гектар алқапта 3 366 бірлік жылыжай орна­ласқан, бұл елдегі жылыжайлар көлемінің 71%-ы.

 Шығын дегеннен шығады, бір гектар жердегі жылыжайға шамамен 1МВт электр қуаты мен 10 мың гекакалория жылу қажет екен. Сол себепті де сарапшы, мамандардан бастап кәсіпкер, делдалдарға дейін Солтүстік аудандарда газ бен электр энергиясына соншалықты шығынданғанша өсірілген тауарды оңтүстіктен солтүстікке тасып саудалаған пайдалы деп санайды. Бірақ тасымалдау кезінде тауар қанша дегенмен бұзылып, қосымша шығын артады. Соның салдарынан өнімнің өзіндік құны өседі. Осыдан келіп онсыз да саны жағынан аз өндірілетін отандық өнім үлкен партиямен әкелініп, нарықты жаулаған, химикатпен өңделген көрші елдердің өніміне қарағанда бәсекеге төтеп бере алмай қалады.

Ел тұрғындарының қысқы маусымда, ерте көктем уақытында қияр, қыза-нақ, қырыққабат секілді өнімдерге деген қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жылына 300 мың тоннаға жуық жылы­жай өнімдері өндірілуі керек екен. Әзірге шаруашылықтар бұл сұраныстың 60-70 пайызын ғана жауып отыр. Сондықтан өнімдердің бір бөлігін шеттен импорттауға мәжбүрміз. Ал ол өз кезегінде бағаның кө­терілуіне алып келеді. Бұл ретте баға­ның көтерілгені үшін саудагерлер мен кәсіпкерлерге де кінә арта алмайсыз.

Елорданың жеміс-көкөніс базарлары мен мен дүкендеріне аталған өнім түр­лерінің қайдан келетінін анықтап көрген едік. Қызметі қашанда қайнап жататын, қаланың шалғай аумақтарындағы сауда нүктелеріне негізінен өнім осы жерден тасымалданатын «Артем» ба­зарындағы, сондай-ақ «Еуразия» сауда орталығындағы көкөністер Қытайдан, Өзбекстаннан әкелінеді екен.

«Қазірде өзіміздің өнімдер жақсы өтіп жатыр. Дегенмен қысқа салым олардың көлемі азайып, базарды Қытайдан, Өзбек­станнан, тіпті сонау Еуропадан тасы­малданатын өнімдер жаулайды. Себебі сол кезеңде жергілікті жылыжай­ларда өндірілген өнімдер тұрғындар сұранысын тарта алмай қалады. Бағаның, құбыл­малығы, көтерілуі де осы арадан келіп шығады», дейді сауда орындарының бірін­де жұмыс істейтін жеке кәсіпкер Ар­қат Нұрахметов.

Сөздің тоқетері, ел көлеміндегі жылыжай шаруашылықтары кешенін дамытып, өнімдері ішкі нарықты қалыпты қамтамасыз ететін дәрежеге көтеру қажет. Осы орайда агроном мамандар Астана қаласы маңынан жылыжай кешенін салудың тиімділігіне барлау, талдау жа­саған екен. Нәтижесінде, көкөністі тұтыну көлемінің халық санының өсуіне қарай үздіксіз өсіп отыратыны анықталған. Ал осы сұранысты шешу үшін қысы суық және ұзақ солтүстік өңірлерде де өн­діріс­тік жылыжайлар салу қажет деген қорытынды жасалған. Яғни бүгінде өзіндік бет-беделін қалыптасып үлгерген «Астана Эко Стандарт» ЖШС жылыжайларына ұқсас кешендердің санын арттыру керек.

Қанша дегенмен, жылыжай шаруа­шылығы мемлекет тарапынан аз қолдау тауып отыр деп айта алмасақ керек. АШМ Өсімдік шаруашылығын дамыту басқармасының мәліметтеріне сүйен­сек, жылыжайды салуға кеткен шы­ғын­­ның 30 пайызы мемлекет есебінен өтеледі. Бұл қаржы – несие емес, тегін беріледі. Екіншіден, көкөністерді сақтау шығынының 20 пайызы субсидияланады. Біраз жылдардан бері кооперация мәсе­лесіне де жіті назар аударылып ке­леді. Жиналған өнімді өткізу жайы қарастырылып, техника сатып алуға кепілдік беру де көзделген. Үшіншіден, көкөніс бір жылда екі айналымда өсіріледі. Осы өсіру шығынына да 500 мың теңгеден 5,5 млн теңгеге дейін мемлекеттен қолдау көрсетілуде. Төртіншіден, тыңайтқыш, әртүрлі аурумен күресетін биогенттерге, арам шөптермен күресетін герби­цидтерге де субсидия тұрақты бө­лінеді. Ал алдағы, жақын мерзімдегі кезек күт­тірмес шараларға келсек, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отан­дық өндірістерді дамыту, жергілікті өнім­нің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында, жылыжайларды гек­тарлық субсидиялау бағдарламасын жедел қолданысқа енгізу, жылыжай шаруа­шылығын жеңілдетілген жолмен несиелеу және айналым қаражатын толықтыру үшін «Кең дала» несиелік бағдарламасына қосу, инвестициялық субсидиялар бағ­­дарламасы шеңберінде жылыжай ке­шендерін салуға, кеңейтуге арналған инвестициялық шығындарды өтеу үлесін қолданыстағы 25%-дан 50%-ға дейін ұлғайту, жылыту маусымы кезеңінде көмір отынын төмен бағамен тікелей жет­кізу­ді қамтамасыз ету қажет. Сонда ғана ел тұр­ғындарының қажеттіліктері жылыжайларда өндірілген көкөніс өнім­дерімен маусымдық кезеңдерде толық қана­ғаттандырылатын болады.