Жоба • 04 Қыркүйек, 2023

«Ауыл аманаты» – өміршең бағдарлама

303 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Жолдауы – қоғамның жаңа құрылымын қалыптастырудың кезекті қадамы. Кейінгі жылдары дәстүрге айналғандай, қоңыр күздің алғашқы күндері жария етілетін Жолдауда еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне баса мән беріліп келеді. Ал оны қамтамасыз ету үшін экономика мен өндірістің негізгі бір саласы саналатын агроөнеркәсіп кешенін жүйелі түрде, жан-жақты дамыта беру қажет.

«Ауыл аманаты» – өміршең бағдарлама

Биылғы Жолдауда да: «Біз агро­­өнеркәсіп кешенінде нақты сер­піліс жасауымыз керек. Ауыл ша­руашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ қолда бар мүмкін­діктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Еліміздің стра­­тегиялық мақсаты – Еуразия құр­­лығындағы басты аграрлық орта­лықтың біріне айналу», деп айрықша атап өтілді.

Мемлекет басшысы айтқандай, ол мақсатқа жету үшін алдымен өндірілген өнімдерді өз күшімізбен, жоғары талаптарға сай өңдеуге жедел көшуіміз керек. Біздің ауыл шаруашылығы өнімдері – дәнді, майлы дақылдардың басым бөлігі шикізат күйінде шетелдерге жөнелтілетіні белгілі. Ендігі жерде бұл жеңіл тәжі­рибені мейлінше қысқарту керек. Өңдеу кәсіпорындары санын барынша көбейтіп, саланың жұмысын дұрыс жолға қоя білсек қана өңделген өнім үлесін арттыру мүмкін болады.

Биылғы жыл ауа райы тұрғы­сынан оңай болған жоқ. Жауын-шашын мөлшерінің аз болуы, су тапшылығы ауыл шаруашылығы мен агроөндірістің қалыпты дамуына біршама зиян келтірді. Сондықтан Жолдауда ауыл шаруашылығы мен аумақтық даму бағытына барынша басымдық берілгенін біз, ауыл шаруашылығы өнімдерін өнді­руші­лер қуана қабылдадық.

Аграрлық мәселелер тыңғы­лықты тапсырмалар тізімін құрайды. Оларға шағын шаруа­шы­лықтарды қолдау, жеке шаруашылық иелерінің өзара бі­рігуі, материалдық-техникалық базаны жаңарту, инновациялық амал-тәсілдерді өндіріске батыл енгізу сынды агроөнеркәсіп ке­шенін дамытуға негіз болатын, серпін беретін қызметтер кіреді. Сондай-ақ кейінгі кезеңде қауырт қолға алынып жатқан егістікті әрта­раптандырудың да маңызы ерекше. Қазірде диқандар бұрынғыдай дәстүрлі дақылдарды ғана екпей, дәнді, майлы дақылдардың бірнеше түрін егуді мықтап қолға алуда. Бұл да болса – нарық заңы.

Сайып келгенде, агроөнеркәсіпке қатысты егістікті әртараптандыру, тиімді шағын және орта бизнесті дамыту, өндіріске озық технология­ларды енгізу мәселелері Жолдауда ерекше атап өтілген «Ауыл аманаты» бағдарламасының халыққа аса қажеттігін, өміршеңдігін білдіреді. Ауыл тұрғындарын, шаруа баққан елді мемлекет тарапынан қолдау ша­ралары сан салалы. Сондықтан аталған бағдарламаны орындау, абыроймен атқару – өз қолымызда, біздің міндетіміз.

 

Едіге ТӨЛЕУХАНҰЛЫ,

шаруа қожалығының

жетекшісі