Экономика • 04 Қыркүйек, 2023

Ел экономикасының екпінді драйвері

188 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Мұнай-газ қызметкерлері күнінің кәсіби мереке ретінде ресми түрде бекітілгеніне биыл 20 жыл.

Ел экономикасының екпінді драйвері

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Еліміз егемендік алғалы бері мұнай-газ саласы экономика мен өндірісті дамытуда елеулі рөл атқарып келеді. Осы жылдар ішінде мұнай-газ саласы қалыптасу жолынан өтті, елеулі табыс­тар­ға қол жеткізді және жас мем­ле­кетіміздің тарихында айрықша маңызға ие болды.

Еліміздің 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында мұнай-газ кешені, мұнай және газ конденсатының қоры үлкен орын алады. Мұнай өнімдерінің қазіргі қоғамдағы қозғаушы күш ретіндегі әлеуеті орасан зор. Мұнай-газ саласы экономиканың басқа салаларының дамуына да жағдай жасайды. Олардың қатарына отандық энергетикалық тасымалдау, машина жасау, химия және мұнай химиясы, жеңіл өнеркәсіп, автожолдар салу және тағы басқа салалар жатады.

Экономика, өндіріс, шаруашылық дамуының кез келген бағыты осы мұнай-газ кешенінің дамуымен тығыз байланысты. Мұнай-газ саласы негізінен төрт салаға бөлінеді: мұнай өндіру, мұнай өңдеу, газ өндіру, газ өңдеу. Бұл салалар өзара байланысты, өйткені өндіру және өңдеу үдерістері бір-бірін толықтырып отырады. Барланған қордың көлемі жөнінен біздің ел әлемде мұнай бо­йынша 12-орында, газ конденсаты бо­йынша 15-орында, оны өндіру деңгейі бойынша 23-орында тұр. Қазақстанның үлесіне әлемдік мұнай қорының 1,5 %-ы келеді, мұнайдың алынатын қоры – 2,2 млрд тонна, 690 млн тонна конденсат және 2 трлн текше метр газ қоры бар. Көмірсутек ресурстарының болжамдық көлемі 17 млрд тонна мұнайды құрайды, оның 8 млрд тоннасы Каспий теңізінің қазақстандық секторына тиеді. Қазіргі таңда еліміздің энергия ресурстары әлем­­дік нарыққа ықпал ете ала­тын көмір­­сутектің мол қорына ие. «British Petroleum» компаниясы сарап­шы­лары­ның мәліметтері бойынша Қазақ­стан­ның мұнай қоры 1,1 млрд тоннаны құрайды және ТМД елдерінің ішінде Ресейден кейінгі екінші орында тұр.

Еліміздің газ саласының да мүм­кін­­діктері жеткілікті. Қазақстандық газдың қоры 10,2 трлн текше метр деп баға­ла­нады, оның 9,2 трлн текше метр бөлігі Каспий маңы ойпатында шоғырланған. Еркін және қосалқы газдың зерттелген қоры, Каспий теңізі аумағын есепке алмағанның өзінде 3 трлн текше метр мөлшерді құрайды. Осы деректердің өзі газ қоры бойынша Қазақстан әлемде 16-орын алатынын Канада мен Нидерланды сияқты мемлекеттермен бір санатта екенін көрсетеді.

Мұнай-газ саласын игеруге энер­ге­ти­калық индустрияның Chevron, ExxonMobil, Eni, Agip, Total, Лукойл сынды әлемдік көшбасшыларының кеңі­нен қатысуы өңірдің инвесторлар үшін тартымдылығын көрсетеді.

Қазақстанда негізгі мұнай өндіру үш ірі кен орындарында жүргізіледі: Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған. Тәуелсіз сарапшылардың бағалауы бойынша, 2025 жылға қарай әлемдік барланған мұнай қорының қазақстандық үлесі 3,3 %-дан 5,5%-ға дейін өсуі мүмкін.

Ел аумағында және жер қойнауында газ қоры әркелкі таралған. Каспий ойпа­тын­­дағы Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған, Имаш және Жаңажол кен орындары барынша барланған. Ал табиғи және ілеспе газ қорының 90%-ы Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыс­тары аумағында орналасқан. Табиғи газ қоры бойынша ТМД елдері ішінде Ресей, Түрікменстан және Өзбекстаннан кейін төртінші орында тұр.

Мұнай-газ өндіру саласы дербес, тәуелсіз мемлекет ретіндегі даму кезеңінде ел экономикасының ең алдыңғы қатарына шықты. Сала өтпелі кезеңнің және нарықтық реформалардың барлық қиыншылықтарын, басқару жүйесіндегі құрылымдық өзгерістерді, сондай-ақ әлемдегі қаржылық-эконо­микалық дағдарыстың түрлі салдарын басынан кешті. Мұнай-газ кәсіп­орындары сол сынақтар мен қиын­шылықтардан сүрінбей өтіп, бүгінде қарқынды дамып келе жатыр.

Ел аумағында мұнай мен газдың ірі барланған қорларының болуы шетелдік инвесторлардың табысты қызметі үшін барынша жағдай жасап отыр. Табиғи ресурстар қорының молдығына байланысты республика шетелдік инвестицияларды тарту көлемі бойынша ТМД және Батыс Еуропа елдері арасында алдыңғы орындарға ие. Шетелдік инвестициялардың көп бөлігі экономиканың минералды-шикізат сек­торының дамуына бағытталған. Жалпы алғанда мұнай-газ саласына са­лынған инвестициялардың 79%-ы өндіруге, ал 21 %-ы геологиялық бар­лау­ға жұмсалған.

Қазірде мұнай-газ саласының сер­пінді және тұрақты дамуы үшін қолай­лы жағдайлар жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасын тауып ке­ле­ді. Мұнай-газ саласының үйле­сімді дамуын қамтамасыз ету, мұнай және газ ресурстарын игеру төңіре­гін­дегі геосаяси жағдайды талдау, мұнай-газ саласын дамытудың негізгі страте­гиялық бағыттарын айқын­дау, мұнай-газ саласындағы ғылы­ми-тех­ни­калық инновацияларды, сондай-ақ мұнай-газ өнеркәсібін дамы­туға байланысты экономикалық, қаржы­лық, басқарушылық, экологиялық және әлеуметтік аспектілерді зерттеу жөніндегі іс-шаралар жан-жақты қамтылған мемлекеттік бағдарлама бар. Ол кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр.

Мұнай-газ өндірісі дегенде осы салада қызмет ететін бірнеше буын ұрпақ өкілдерінің ерен еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Олардың қажырлы, қапысыз қызметтері қандай да болсын құрмет пен ілтипатқа лайық.

Қазірде елімізде 250-ден астам мұнай және газ кен орындары бар. Мұнай өңдеу кәсіпорындарын жаңарту, қайта жаңғырту қалыпты жүргізіліп жатыр, мұнай-газ секторы қызметкерлерінің еселі еңбегінің және осы саладағы нақ­ты қойылған мемлекеттік саясаттың арқа­сында өңірлерді газдандыру жандандырылып жатыр. Бір сөзбен мұнай-газ саласын одан әрі дамыту жөніндегі мақсатты жұмыстар сәтімен жалғасып жатыр.