Денсаулық • 04 Қыркүйек, 2023

Балаларды тамақтандыру жүйесіне реформа қажет

233 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары елімізде мектеп жасындағы балалардың толып кетуі, қант диабетіне шалдығуы белең алып отыр. Оның басты себебін балабақша, мектептерде, тіптен отбасында дұрыс тамақтанбау салдарымен байланыстырған мамандар саламатты ұрпақ тәрбиелеудің ұлттық бағдарламасын қабылдау қажеттігіне назар аударып отыр.

Балаларды тамақтандыру  жүйесіне реформа қажет

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Ұлттық салауатты тамақтану орта­лы­ғы мамандарының өткен жылдың қыр­күйек айы мен биылғы жылдың қаңтар айы аралығында Шымкент қаласы, Түр­кістан және Батыс Қазақ­стан облыс­тары мектептеріндегі та­мақтану барысына ЮНИСЕФ-пен бірлесіп жүргізген талдауы нәти­же­сінде азық-түлік пен энер­гия­ға деген қажеттілік нормала­ры халық­ара­лық деңгейге сәйкес кел­мейтіні анықталған. Республикалық нор­ма­тивтерде қант пен тұзды тұтыну халықаралық нормалардан асып кеткен. Зерттелген мектептерде 6-17 жастағы балалар мен жасөспірімдер арасында артық салмақ пен семіздіктің таралуы 18 пайызды құраса, олардың 12 пайы­зында артық салмақ, 6 пайызында семіздік байқалған. Осы орайда ұл балалардың (21 пайыз) қыздарға (16 пайыз) қарағанда артық салмақ пен семіздікке бейім екенін ескерген жөн.

Қазақстан оқушыларының өмір салты факторлары, олардың физика­лық, психикалық денсаулығы мен әл-ауқа­ты ұлттық есебінің өткен жыл­ғы қоры­тын­дысына сәйкес, мектеп оқушы­ларының жартысы (51,3 пайызы) ұзақ уақыт бойы компьютер және автомат ойындарына әуестігі, балалардың үштен бірі телефон және планшеттен бейне өнімдерді көп көретіні анықталған. Ал 11-15 жас аралығындағы балалардың 42,6 па­йызы энергетикалық сусындарды, яғни әрбір бесінші оқушы апта сайын, ал 3 пайызы күн сайын соған ұқсас сусындар ішетіні мәлім болды.

Бүгінде еліміздегі балалардың 27 пайы­­зының күнделікті жеміс-жидек жеу мүмкіндігі жоқ, 20 пайызының мек­теп­тегі тамақтану барысына көңі­­лі тол­май­ды, ал тағы 20 пайызы дұрыс тамақ­танбаудың зардабын шегіп отыр. Дәс­түрлі Тамыз кеңе­сінің пленарлық оты­рысында Оқу-ағарту министрлігі Бала­лардың құ­қықтарын қорғау комите­тінің төрайы­мы Насымжан Оспанова осындай мәліметтерді тілге тиек етіп, республика мектептеріндегі тамақтану үрдісі, сауатты тамақтандыру жүйесін жол­ға қоюдың келелі мәселелерін қоз­ғады.

–  Балаларға қолайлы жағдай жасау – ұлттық саясаттың басым бағыттарының бірі. Президент тапсырмасына сәйкес, өткен жылы елімізде балалардың әл-ауқат индексі енгізілген болатын. Индекс қоғамдағы балалардың қалай өмір сүріп жатқанының көрінісін сипаттайды. Ол мемлекет тарапынан қолға алынған шаралардың, ұлттық саясаттың тиімділік дәрежесімен анық­­талады. Бүгінде елі­міз­дегі страте­гиялық құжаттардың бар­лығында бала­ларға жағдай жасау тура­лы айтылған. Бұл біліммен қатар ден­саулық, іш­кі істер, ақпараттық қауіп­сіздік салаларын да қамтиды. Осы орайда саламаттылық индексі ұлттық мониторинг ретінде аймақтардың индикаторларын халықаралық индекстермен салыстыруға, балалар бюджетін тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Қазақстандық индекс төрт бағыттағы 56 индикатордан тұрады. Сарапшылар зерттей келіп, индикаторлардың маңыз­ды екенін әрі балалардың өмір сүру жағ­дайына аса қажет екенін алға тартып отыр. Индикаторлар балалардың фи­зикалық, психологиялық ахуалын, же­келеген қабілеттерін, қоғаммен ықпал­дастығын қамтиды. Отбасы ішіндегі жағдайды, білім, денсаулық саласындағы мемлекеттік саясат­ты бағалайды. Соны­мен қатар экономи­калық, экологиялық индикаторлар енгізілген. Денсаулық сақтау минис­тр­-
лігінің есебі бойынша, 100 мың баланың 6 400-інде ас қорыту жүйесі бұзылған. Қазіргі заманғы балалар денсаулығының нашарлауы мен функционалдық мүмкіндіктерінің тө­мендеуі тамақтану мәдениетінің тө­мен­­­дігі сияқты нақты себептермен бай­ланыс­ты, – деп атап өтті Насымжан Оспанова.

Оның айтуынша, балаларды пайдалы, дәмді тамақпен қамтамасыз ету­­ді министрлік «Ұлттық мектеп ас­ха­­на­сы» бағдарламасы аясында ше­шу­ді жоспарлап отыр. «Ұлттық мек­теп асханасы» физиологиялық норма­лар­­ға негізделген тамақтандыруды қам­ти­ды. Дұрыс тамақтандыру үрдісін қалып­тастыра отырып, отандық азық-түлік өнімдерін тұтынуға да басымдық берумен қатар аймақтық ерекшеліктерді де басшылыққа алу маңызды. Бұл табиғи өнімдерді тұтынумен қатар ауыл шаруашылығы саласына да қолдау болмақ. Бүгінде 3 млн-нан астам бала, оның ішінде 1,6 млн-ы мемлекеттің кепілдендірілген ыстық тамағымен қамтылған.

Қазақстан профилактикалық медицина академиясының және Ұлттық саламатты тағамтану орталығының пре­­зиденті, медицина профессоры Ал­маз Шарманның айтуынша, дұрыс тамақ­танбау салдарынан балалар арасында аурулардың кең таралып отырғаны алаңдатады.

– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының дерегіне сәйкес, аурудың 60 пайызы дұрыс тамақтанбаудан пайда болады. Оның салдарынан жүрек қан тамырлары, қант диабеті, қатерлі ісік ауруларына шалдығады. Бүгінде Қазақстандағы балалардың 20 пайызы артық салмақтан зардап шегіп отыр. Сондықтан балаларды дәмді, құнарлы тағамдармен қамтамасыз ету дұрыс жүйе­ленбесе, ол баяу жарылатын бомба іспетті. Өкінішке қарай, кейінгі жыл­дардағы ас мәзірінің тағамдық пара­метрлері ғылыми негіздерге сәйкес келмейді. Бір мезгіл тамақ баланың 30 пайыз энергия шығынын қамтамасыз етуге тиіс. Тұзды, қантты шамадан тыс қосу, тәтті шай, шырын берудің салдары ерте жастан қан аздығына әкеледі. Жағдайды жақсартып, оңтайландыру үшін бұл іске ғалымдарды тарту керек, – деді Алмаз Шарман.

Қазіргі кезде балаларды тамақтан­дыру үрдісі бірқатар нормативті акті­лер­мен реттелген. Алайда мұндай құжаттардың да ескіргенін қаперге алған жөн. Бұл бағытта тиісті министр­ліктермен бірлес­кен жұмыс қажет. Ғалымның айтуын­ша, кейінгі он жылда әлем өзгерді. Құжат­тардың да ескіруі заңдылық. Сондықтан тамақтандыру үрдісінің әдістемелік негіздерін қайта қарай отырып, бұл іске қоғам болып атсалысатын кез келді. Пайдалы әрі нәрлі тамақтануды бала ерте жастан меңгеруге тиіс. Ол үшін мек­тептерде дәрігерлер де, педагогтер де арнайы оқытылып, ата-аналар да са­лауатты тамақтанудың не екенін түсінгені абзал.

Алмаз Шарманның айтуынша, мек­тептерде балаларға тамақты таң­дап ішуге мүмкіндік берілмейді. Сон­дық­тан Финляндия, Швеция сияқ­ты елдердің тәжірибесін зерттей келіп, балаларға тамақты өздерінің таңдауына ерік берген жөн. Бұл асхана қызметкерлері үшін де тиімді болмақ. Сонымен қатар құрамы микроэлементтерге, ағзаға қажетті вита­­миндерге бай екенін ескере отырып, қазақтың дәстүрлі тағамдары, сүт өнімдерін балаларға уақытылы беріп отыру да маңызды.

Бүгінде бала ағзасына зиян тағам­дар­ды тұтыну ата-аналар үшін де қа­лыпты жағдайға айналғандай. Әсі­­ре­се көпте­ген жас отбасыларда күнделікті ас мәзі­ріне жылдам дайын­далатын тағамдар­ды жиі кез­дес­тіруге болады. Ондай та­ғам­дар­дың сапа сертификаты да үнемі тексеріліп жатпайды. Осы орайда С.Ас­фен­дияров атындағы Қазақ ұлттық меди­цина универ­си­теті нутрициология кафедрасының до­­­цен­ті, PhD, Ұлттық саламатты тағам­тану орталығының маманы Айгүл Қожах­метова Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымының тізіміне енген зиян­ды тамақтарды тұтыну салдарынан елі­мізде балалар арасындағы аурулар көбейіп барады деп алаңдаушылық білдірді.

– Балаларды тамақтандыру мәсе­лесін қозғаған кезде біріншіден, қазіргі күн үдесіне сәйкес келмей­тін нормаларды өзгерту қажет. Яғни жаңа заман балалары үшін жаңа­ша ас мәзірі керек. Осы орайда хал­қымыздың құнарлы, нәрлі ұлт­тық тағамдарын тұтынуды, оны бала­лардың ас мәзіріне енгізуді де ойла­натын кез келді. Ал нормативтік-құқықтық құжаттарды заманға сай, бүгінгі балалардың қажетіне, талға­мына орай икемдей отырып, бала­лардың денсаулығының кепілі табиғи тағамдар екеніне мән беретін уақыт жетті. Ол үшін балаларды тамақтандыру жүйесіне өзгеріс қажет, – дейді Айгүл Қожахметова.

 

АЛМАТЫ