Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Онкология орталығын ашу туралы шешім қабылданған тұста мекемені жаңа үлгідегі технологиялармен жабдықтап, білікті мамандарды тарту мәселесі күн тәртібінде тұрды. Осындай кезеңде Алматыдағы А.Сызғанов атындағы хирургия орталығын басқарған медицина ғылымдарының докторы Тоқан Сұлтанәлиев орталықтың басшылығына келді. Ұлттық ғылыми онкология орталығын кейін басқарған профессор-дәрігерлер де өз ісін жетік білетін. Міне, содан беріге дейін 14 жыл өте шығыпты. Ендеше, онкология – отандық медицинада кеше пайда болып, бүгін көңіл бөлінген бағыт емес.
– 2013 жылдың маусымында онкология орталығында мәйіттік донордан алғаш рет трансплантация жасалды. Қазір қарап отырсам, сын сағатта жылдам әрі дұрыс шешім қабылдаппыз. Мәйіттік донордың бауыры, екі бүйрегі мен жүрегі 4 адамға өмір сыйлады. Төрт ағза төрт ауруханаға жөнелтілді. Біз донордың көмегімен хал үстінде жатқан екінші науқастың бауырын ауыстырдық. Айта кетерлігі, ол операцияға шетелдіктер келмеді. Негізі ағзада өңеш ішіндегі көктамырлар бауырдан өтеді. Ал пациенттің бауыры цирроз болған соң тамырлар ұлғайып, қан қысымы жоғарылағанда бірнеше рет жарылған. Мәйіттік донордан алған бауырды 10 сағаттан артық сақтай алмайтынымыз тағы бар. Ал дерті асқынған науқасты емдеудің трансплантациядан басқа тәсілі жоқ. Алғашқы трансплантацияның сәтті өтуіне 25 маман ниеттес болды. Иә, операцияның сәтті шықпауы да мүмкін еді. Алайда біз, сосын өмірге құштар науқас үмітін үзбеді. Қазір сол күйеуінен көз жазып қалған әйел, яғни донордың жары трансплантация жасаған әйелмен жүздесіп тұрады. Осыдан соң трансплантацияға басымдық беріп, тамызда екінші, қыркүйекте үшінші науқасқа операция жасадық. Кейін туыстық донорға иек арта бастадық, – дейді орталықтың хирургия жөніндегі бас консультанты Тоқан Анарбекұлы.
Операцияға дейін Т.Сұлтанәлиев АҚШ, Корея, Беларуське барып бауыр трансплантациясы бойынша тәжірибе жинаған. Себебі операция кезінде қандай кедергі туындайтынын болжап білу қиын. Қайта тәжірибелі дәрігердің арқасында аман қалған науқастардың көрер жарығы бар екен. Тоқан Сұлтанәлиев Алматыдағы медициналық институтта, кейін 1976 жылы Мәскеудегі медицина академиясында аспирантурада оқыған. Алты жылдан соң Мәскеуде докторлық диссертация қорғап, Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының кафедра меңгерушісі, профессор, ректоры болған. Сол шаңырақта 29 жыл еңбек етіп, Алматыдағы А.Сызғанов атындағы хирургия орталығында төрт жыл директор болыпты. 2009 жылдан бері онкологиялық ауруларды емдейтін орталықта еңбек ететін Т.Сұлтанәлиев науқастарды емдеумен қатар шәкірт тәрбиелеуге де көңіл бөліп келеді.
Елде мәйіттік донордың тапшылығына байланысты орталық мамандары туыстық донордың көмегіне көбірек жүгінетін болған. Мұндай операцияларда донор мен науқас жіті тексеруден өтеді. Тақырыпты кеңінен тарқатсақ, донордан бауырдың бөлігін алған соң 10-15 күнде бауыр өздігінен 30% өседі екен. Жүрек, бүйрек сынды басқа ағзалар өспейді. Бауырдың ерекше қасиеті сол, трансплантация кезінде донорда бауырдың жартысынан да аз бөлігі қалады. Себебі донордың өзінде бауыр қайта өссе, бауыры ауысқан науқаста өспейді десе де болады. Мұндай күрделі операцияларға дәрігерлер мейлінше ерте қамданады. Өйткені қатерлі ісік орналасқан тұсты анықтап, алдын алмаса, ісік метастаз беріп, науқастың ахуалы операция жасауға келмей қалуы да мүмкін. Орталықтың дәрігерлері шетелде тәжірибе жинап, ел медицинасына жаңашылдық енгізуден қол үзбейді. Мысалы, трансплантологтер қан орталығымен бірлесіп қан тобы сай келмейтін пациент пен донорды үш айға жуық арнайы курстардан өткізіп, операция жасауды да меңгерген.
Қатерлі ісік барлық ағзада болуы мүмкін. Тіпті теріден де, сүйектен де анықталатын жағдайлар кездеседі. Қиыны, онкологиялық аурулар асқынғанда ғана жанға батады. Оған дейін науқас әлсіреп, қажып, тәбеті қашып жүрген шағын шаршағанның салдары деп бейқам жүруі әбден мүмкін. Қазір скринингтің көмегімен онкологиялық ауруларды мейлінше ерте анықтауға мүмкіндік молайған. Қатерлі ісікті емдеу, соның ішінде трансплантация ел азаматтарына тегін. Яғни шығынды мемлекет өтеп отыр. Әйтпесе, күрделі операциялардың құнын екінің бірі өтей алмайтын еді. Орталықтан осы күнге дейін ем алған пациенттің көптігін ескерсек, сала дамып келеді деп айта аламыз. Медицина мамандарының жадында болса керек, алғашында, елдің барлық аймағынан онкология орталығын ашу туралы идея ұсынылыпты. Алайда Тоқан Сұлтанәлиев күрделі операцияға араласатын орталықтарды елдің әр өңірінде ашқаннан 3-4 орталықтың жұмысын мықтап жетілдірген дұрыс деп санайтынын айтып қалды. Неге десеңіздер, науқастың трансплантацияға дейінгі және кейінгі күтімі де жақсы болуы қажет. Ал елдің барлық аймағынан орталық ашуға әуелі қаражат немесе білікті маман жетпей қалуы әбден мүмкін.
Ұлттық онкология орталығында еңбек ететін мамандардың дені АҚШ, Беларусь, Корея, Үндістан, Түркия, Пәкістан тағысын-тағы бірнеше елде тәжірибесін шыңдаған. Орталыққа шетелдердің де білікті профессор дәрігерлері келіп, шеберлік сабағын өткізіп тұрады екен.
– Мәскеуде оқып жүргенде талай жақсы-жайсаңдармен, белді академик, профессорлармен таныстық. Тәлім алдық. Іздендік, шыңдалдық. Қазір өзіміз де түйген-білгенімізді ізімізден ерген жастарға шама-шарқымызша айтып отырамыз. Ұстаздарымыздың күні бізге де туды. Орталықта 2013 жылдан бері 70-тен аса пациентке бауыр трансплантациясы жасалды. Яғни мұндай операцияларды жасаудың әдіс-тәсілі бірізділенді. Осында жүріп жаңа технологиялық операцияларды енгізуге үлес қосқанымызға, науқастарға қолдан келгенше көмек көрсеткенімізге ризамыз, – деп түйіндеді Т.Анарбекұлы.