Қоғам • 04 Қыркүйек, 2023

«Тұсауын кескен соң ұлым нық жүре бастады». Орыс отбасы осымен үшінші баласына тұсаукесер жасады

4159 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда тұратын орыс отбасы қазақтың дәстүрін дәріптеп, тұсаукесер рәсімін жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Тұсауын кескен соң ұлым нық жүре бастады». Орыс отбасы осымен үшінші баласына тұсаукесер жасады

Фото: Анна Маврешконың жеке мұрағатынан

Әлеуметтік желі арқылы көзіміз шалған ерекше видео авторы Анна Маврешконы сөзге тартқан едік. Атырауда туып-өскен орыс қызы қазақтың барлық салт-дәстүрін жақсы көретінін айтты. Мұндайда бірден мүмкін оның күйеуі қазақ шығар деген ой келеді. Жоқ. Ата-анасы да жолдасы да орыс. Тек оның сіңілісі қазақ жігітке тұрмысқа шыққан-ды. Сөйтіп олар қазақпен құда болғалы ұлтымыздың түрлі салтымен танысқан көрінеді.

Анна Маврешко сіңілісі балалы болып, тұсаукесер рәсімін жасағанда мән-мағынасы мол дәстүрді өз баласы дүниеге келгенде жалғастыруды ниет еткен. Солайша дүниеге екі қыз, бір ұл әкелген ана осы мұратына жетіпті.

«Қыздарым бір жасқа толғанда ырымдап, үйде өзіміз тұсаукесер рәсімін жасағанбыз. Енді міне, көптен күткен ұлымыз дүниеге келіп, оның да тұсауын қазақы ырыммен кестірдік. Енді ғана тәй-тәй басып жүрген балам тұсауын кестіргеннен кейін нық қадам баса бастады. Бұның бір өз құдіреті бар сияқты. Тағылымы мол дәстүрді кейін балаларымның да жалғастырғанын қалаймын», деді ол.

Анна жай ғана әдемі естелік ретінде түсірілген видеоның әлеуметтік желіде мұнша танымал болып кететінін білмедік дейді. Желіде оларға жылы лебізін білдіріп жатқандар көп.