![Мемлекеттік саясаттың интеллектуалдық деңгейі](/media/2023/09/05/skrinshot-05-09-2023-090840.jpg)
Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Осындай сәтте біз үшін қоғамды жұмылдырып, нақты, конструктивті іс-әрекетке жетелейтін мықты саяси қадам, салиқалы тоқтам ауадай қажет еді. Президент Жолдауы халқымыз күткен осы шетін сауалдарға толықтай жауап береді.
Біздің қоғамға құр сөз емес, нақты іс-әрекетке жұмылдыратын батыл саяси бастамалар қажет. Содан да болар, жұрт Жолдаудан көп нәрсе күтті. Бұған әлеуметтік желілерде желдей ескен биліктегі ауыс-түйіс туралы әңгіме емес, Президенттің ілгеріректе айтқан «ел дамуының жаңа экономикалық үлгісін ұсынамын» деген сөзі әсер еткені анық.
Қ.Тоқаев Президент әкімшілігінің басқару құрылымын өзгертті. Әлемдік тәжірибеде әртүрлі әдіс-тәсіл бар. Әсіресе «Welfare State», яғни әлеуметтің әлеуетін арттыруды ойлайтын мемлекетке басымдық беріледі.
Жалпыға ортақ әл-ауқаттың классикалық жүйесі жөнінен Скандинавия елдері көш бастап тұр. Бұл елдерде салық түсімі жоғары, әлеуметтік салаға қаржы молынан құйылады. Скандинав моделі энергетикалық ресурстарымен де ерекшеленеді. Мұны Норвегиядан байқауға болады. Десек те, «Welfare State» тақырыбындағы талқы әлі де жалғасып жатыр. Халқы бақуатты мемлекетке айналу үшін нақты, жүйелі әрекет керек.
Біз мұны Еуропалық одақ пен АҚШ-тан да байқаймыз. Олар қазір кедейлікпен күреске шындап кірісті. Салық, басқа да кешенді шаралар арқылы жүзеге асырып жатыр. Мәселен, АҚШ-та салық заңнамасына өзгеріс енгізілді. Көпбалалы отбасыларға үш жылдық салық каникулы берілді. АҚШ балалар арасындағы кедейлікті азайтуға басымдық беріп отыр. Бұл оларға оңайға тиіп жатқан жоқ. Өйткені баланың ата-анасының айналасын мұқият зерттеп, әлеуметтік есеп жүргізу қажет.
Климаттың өзгеруі – жер-жаһанды алаңдатып отырған өзекті мәселе. Бүгінде көптеген мемлекет «жасыл» экономикаға ден қоя бастады. Тіпті қазба байлықтарының қоры мол елдердің өзі. Өнеркәсіптегі энергияны үнемдеу, оны тұтыну көлемін азайту, көмір қышқыл газының шығарындыларын қысқарту күн тәртібіндегі мәселеге айналды. Басқа жол да жоқ. Өйткені ғаламшарда демографиялық өсім жоғары. Алайда бұл жерде экономикасы орнықты, озық елдерде бар екі дүниені ескеруге тиіспіз. Бұл – әлеуметтік және климаттық жағдай.
«Мемлекет отандық өнім өндірушілерді қорғауға міндетті», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Бұл – терең ішкі мәдениет пен демократиялық құндылықты сақтаудың айқын айғағы. Мұның әрқайсысы өзіндік мән-маңызға ие. Түптеп келгенде, бұл ұлттық дамуға бастайды. Терең ішкі мәдениет – адамдардың береке-бірлікте өмір сүру қабілеті. Яғни жауапкершілік, елгезектік, сыпайылық. Қоғамды алға бастайтын, адамдарды біріктіретін тағы да басқа осыған ұқсас қасиеттер.
Батыс елдерінің соңғы 70-80 жылдағы капитализм эволюциясының негізгі өзегі – қоғамның тілегіне, әлеуметтің үніне құлақ асқандығында. Қазіргі капиталистік қоғам еңбек этикасымен ерекшеленеді. Негізгі корпоративтік ойыншылар, қаржы институттары, банктер тек қалта қампайтуды ойламайды, белгілі бір мақсаттар жолында жұмыс істейді. Олар табыстан абыройды биік қояды.
Президент Жолдауы осындай даму бағдарларына бастайды. Жолдаудың негізгі өзегі – қоғамға осындай өзгеріс пен белсенділік әкелу, халқы бақуатты мемлекет құру үшін отандық экономикалық жүйені трансформациялау. Бұған Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға», ірі компаниялардағы мемлекет активтерін халықтық ІРО-ға беру бастамалары дәлел. АЭС құрылысын салу мәселесі референдумда қаралатын болды.
Президент отандық банктердің алдына маңызды міндет қойды. Банктер халықты табыс табудың көзіне айналдырмай, қоғамның дамуына үлес қосуды басты бағдар ету керегін шегелеп айтты. Енді еліміздегі корпоративті несие беру ісіне шетелдік банктер тартылатын болды. Меніңше, бұл отандық банк секторын ұйқыдан оятып, жұмысына тың серпін береді. Батыстағы банктердің еліміздегі банктерден өзгешелігі көп. Олар ең әуелі тұтынушылардың тілегін, нарықтың сұранысын ескереді.
Осы тұста Президенттің мемлекеттік қызметтегі кадрларға қатысты айтқан пікірін айналып өте алмаймыз. Бұл Мемлекет басшысының кадрлардың сапасына ғана емес, күллі мемлекеттік басқару жүйесінің жұмысына көңілі толмайтынын аңғартса керек. Пандемиядан кейін әлемде, еңбек нарығында, рекрутингте (қызметкерлерді іріктеуде), технологияда елеулі өзгеріс болды. Қазір жасанды интеллект технологиялары қарқынды енгізіліп жатыр. Әрине, бұл мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талапты күшейтеді. Бүгінде мемлекеттік аппаратта буын алмасу үдерісі жүріп жатыр. Мұндай жағдай үлкен спортта да болады. Бүкіл команда, барлық спортшы ауысады. Осындай сәтте үлкен нәтижелерге қол жеткізу қиын, бірақ шегінерге жол жоқ. Өйткені команда өзін жар салып жариялап қойған, жоғары лигадан ойып тұрып орын алған. Амалсыз сол абыройды сақтап қалу үшін ойынды жалғастырады. Әлсіздік танытып, бас тартсаң, кейін бәрін қалпына келтіру қиынға түседі.
Кадр саясаты жаңғыртуды қажет етеді. Тәрбиелік және институционалдық тұрғыдан ғана емес, саяси тұрғыдан да өзгеріс керек. Президент «мемлекеттік саяси қызметшілер үшін кадрлық резерв құрылады» дегенді бекер айтқан жоқ. Енді мемлекеттік қызметшілердің саяси деңгейіне көңіл бөлінеді. Батыс елдеріне бажайлап қарасақ, олардың саяси қызметшілері – нағыз саясаткерлер. Олар Парламент депутаттары, үлкен мінберлерде үлкен мәселе қозғап жатады. Демек Үкімет пен Парламентте екі тізгінді тең ұстайтын азаматтардың отырғаны абзал.
Саясаткерлер сайлауалды науқан кезінде жігерлі болуы керек. Олар саяси дода барысында жан алысып, жан берісіп, айқын басымдықпен жеңуге тиіс. Келесі сайлауда жеңіліп қалмас үшін берген уәдесін орындап, сайлаушыларының сенімінен шығуы маңызды. Осы орайда Президенттің еліміздегі саяси партиялардың кадрлық әлеуетін пайдалану туралы айтуы өте орынды. Бұл – Мемлекет басшысы ұстанған бағдар, саяси реформалардың жалғасы.
Қазақстан – аймақтағы дамудың демократиялық векторын ұстанған санаулы елдердің бірі. Бұл – Батыс сарапшылары атап көрсеткен әлемдегі авторитаризмнің жаңа толқыны жағдайында табандылықты талап ететін ең күрделі міндеттердің бірі болса керек. Тіпті ең жақын көршілеріміз де бұл мәселеде батылдық таныта алмай отырғаны белгілі. Осындай жағдайда мемлекетіміз басқару жүйесін орталықсыздандыру, бюджетті тең бөлу, сайлау бойынша маңызды реформаларды батыл жүргізіп келеді.
Президент өзінің интеллектуалдық платформасы негізінде елдегі ахуалды жан-жақты саралап, қоғамда тепе-теңдікті сақтауға барынша назар аударатынын байқатты. Мемлекет басшысы биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермеу үшін саяси жүйені сапалық жағынан оңтайландыруды көздейді. Енді біртіндеп бәріміз баршаға мүмкіндік беретін, жайлы саяси жүйеде өмір сүруге үйренетін боламыз. Билік тармақтары мен шенеуніктер өз бетінше шешім қабылдау үшін жеткілікті деңгейде ресурстарға да, жауапкершілікке де ие болуы керек.
Біз саяси полюстер иерархиясының екпіні басылып, көптеген мәселенің көлденең байланыстар, желілер арқылы шешілетін жаңа кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Қазір шіренген шенеуніктер емес, алдына белгілі мақсат қойған, соңынан адамдарды ерте білетін жобалау топтарына басымдық беріледі.
Президент жаңа Жолдауында екі стратегиялық саяси бағытты айқындады. Біріншіден, ол конституциялық өкілеттігі аяқталғанша елді түбегейлі өзгертуді, Жаңа Қазақстан құруды көздеп отыр. Негізгі жоспарлар мен бағдарламалар 2029 немесе 2030 жылдары түпкі нәтижесін беруге тиіс. Яғни Президент саяси және экономикалық жүйесі жолға қойылған, халқы бақуатты, билігі әділ мемлекеттің қайраткері болуға ниетті. Елең еткізген екінші бағыт – Президент қоғамды жаңа кезеңде ұйыстыру міндетін белгіледі. Бұрын мұндай міндет қойылмады, өйткені билік жеке тұлғаға табынуға негізделген жүйенің кем-кетіктерін жоюмен айналысты. Бұрынғы кездегі көп мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот үдерістері жүргізілді. Бұл, шын мәнінде, күрделі кезең болды және капиталды қайтаруға қатысты мәселелер оның әлі толық аяқталмағанын көрсетеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Үкіметте жаңа министрлер тағайындалды. Ең бастысы, Президент өзінің жаңа бағдарын айқындады. Қазіргідей аумалы-төкпелі кезеңде қоғамды біріктіру миссиясын реттеп алды. Дегенмен Президенттің осындай саясатының артында орта тапты нығайту мақсаты байқалады. Президент Жолдауындағы мемлекеттік сатып алу жүйесін жаңғырту, орта бизнесті қолдау, корпоративтік несиелеуді кеңейту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту сияқты мәселелер бұған айқын дәлел.
Ел экономикасының негізі – индустрия, электр энергетикасы, аграрлық өндіріс, ғылым мен инновация. Креативті өндірісті дамыту әлемдік әдебиетте «креативті класс» деп жиі аталатын орта тапқа тың серпін береді. Жаңа экономикалық модель ұлттық кірістің көбірек болуын, қаржының орта тапқа көбірек бөлінуін қамтамасыз етуге арналған.
Бұрнағы жылдары бұл әлеуметтік құрылым мемлекеттің назарынан тыс қалды. Үнемі төтенше жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр болды. Пандемия кезінде адамдардың өмірін сақтап қалу, оларды қауіпсіз жерге көшіру, апаттар мен қақтығыстардың салдарын еңсеру секілді дүниелерден бас көтермеді. Орта таптың бар-жоғы білінбей қалды. Құндылықтар өзгерді.
Сарапшылардың пікірінше, посткеңестік авторитарлық елдерде орта тап консервативті идеологиялық қысымға ұшыраған. Олардың бұған еті үйреніп алған, кей адамдар тіпті осыны өздеріне қолай көрген. Алайда конституциялық реформа аяқталып, сайлау өтіп, билікте ауыс-түйіс болған соң еліміздегі орта таптың жағдайы өзгерді. Олар либералды-демократиялық құндылықтарға бет бұрды. Бұл еліміздің өзіне тән демократиялық даму векторын жалғастырып келе жатқанын анық аңғартады.
Демократия міндетті түрде мінсіз деген сөз емес. Бұл – баршаға өздерінің жан дүниесі қалаған әлемді құра алатындай мүмкіндік жасау. Жалпыға ортақ әл-ауқатты мемлекетті құру таңдау еркіндігімен тығыз байланысты.
Біз Президенттің елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін экономикалық, саяси, электоральды жүйені қалай жаңғыртып жатқанын көріп отырмыз. Әрине, бұл – нағыз, шынайы бәсеке. Саяси бәсекелестіктің негізі – мықты орта таптың дамуы, демек, шағын және орта бизнестің өркен жаюы. Бұл монополистердің жалғанды жалпағынан баспай, қызметін бақылауға алып, Үкіметтің тарифтік саясатты реттеп отыруына мүмкіндік береді.
Президент әділ және жауапты қоғамның өлшемдерін жүйелі түрде енгізіп жатыр. Жолдаудың түпкі мағынасы Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы туралы айтқан кезде белгілі болды. Президент осындай терең әрі мазмұнды тұжырымдамаларды алға тарта отырып, мемлекеттік саясатты интеллектуалдық деңгейін барынша көтеруге пейілді екенін аңғартты.
Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауы халқымыздың әл-ауқатын түбегейлі жақсартуға, қазір қалыптасып жатқан жаңа геосаяси, геоэкономикалық және көлік логистикалық кеңістікте ойып тұрып орын алатынымызға кепілдік береді.
Дархан КӘЛЕТАЕВ,
Қазақстан Республикасының Украинадағы Төтенше және
өкілетті елшісі