Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2023

Студенттер игілігіне – заманауи жатақхана

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің үшінші мегаполисінде жылдан-жылға студент жастардың саны артып келеді. Осыған байланысты жатақхана тапшылығын шешу өзекті мәселелердің біріне айналған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан халқына Жолдауында аталған мәселеге айрықша тоқталып өткен еді. «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақ­ханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекет-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек» деген болатын Президент.

Студенттер игілігіне – заманауи жатақхана

Осыған дейінгі Жолдауларда да жиі көтерілген Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «Inter Press BK» ЖШС шырайлы шаһарға заманауи жатақхана салып берді. Қарқынды еңбектің нәтижесінде аталған нысан құрылысын 10 айдың ішінде аяқтап үлгерді.

Жуырда  студенттерге арналған қонақ үй типтегі осы жатақхананың ашылу салтанаты өтті. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген мәртебелі қонақтар жаңа жатақхананың заман талабына сай екендігіне ерекше тоқталып, ризашылықтарын білдірді.

Мемлекет-жекеменшік серіктестік аясында салынған ғимарат 7 қабаттан тұра­ды. Студенттер үйінде 2, 3 және 4 адам­дық 160 жатын бөлмесі қарастырылған. Жалпы сыйымдылығы 500 адамды құрайды.  Сонымен қатар әр бөлме санитарлық тораппен, яғни душ, дәретханамен қамтылған. Жатақхананың іші толығымен қажетті жиһаздармен жабдықталған. Сондай-ақ 14 бөлменің ішінде кір жуатын машиналар қойылған. Бұл – студенттерге ыңғайлы болу үшін жасалып отырған қадам.  Бұған қоса тағы 14 ас дайындайтын бөлме, 2 тренажер залы, демалыс және оқу бөлмелері бар.  Жатақханада лифт жұмыс істейді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ғимарат ішінде бейнебақылау жүргізіледі.

Бұл жоба белгілі кәсіпкер, меценат Батырбек Көшербайдың бастамасымен іске асып отыр. Келешекте ғимарат студенттік жатақханалардың жарқын үлгісіне айналары сөзсіз. Заманауи стандарттарға сай ғимаратта Шымкенттегі іргелі оқу орны –  Ө.Жәнібеков атындағы ОҚМПУ сту­денттері тұратын болады.

 

ШЫМКЕНТ