Экономика • 05 Қыркүйек, 2023

Әуе билеттерінің құны неге аспандап тұр?

174 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазір дүниенің бәрі қымбат десек те, жол ақысының шарықтағаны халыққа оңай болмай тұр. Соның ішінде біздің елдің әуе компаниялары қызмет ақысын тым асыра сілтеп жіберетіні рас. Оны қарапайым жұрт былай тұрсын, Сенат пен Мәжіліс депутаттары да байқап үлгеріп, жеріне жеткенше айтып әлек. Бірақ өзекті мәселе әлі шешімін таппай тұр. Ғаламторды шарлап, әлеуметтік желілерді ақтарып шыққанда келген байламымыз – осы.

Әуе билеттерінің құны неге аспандап тұр?

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Жүріс-тұрысы көп жаз айлары бол­ғаннан кейін бе екен, соңғы уа­қытта әуе билеттерінің баға­сы тым шарықтап кетті. Бірақ бұған дейін де арзандап тұрғаны шама­лы еді... Шектен шығып тұр­ған баға жолаушылардың да жанай­қайын тудыратыны анық. Осы мәсе­леге қатысты тиісті мекемелерге хабар­ласып, әуе жолақысының қым­бат­та­уына қатысты кезекті уәж­дерін тыңдап көрмекші болғанбыз. Өкі­нішке қарай, бұл әрекетімізден түк шықпады. Ешқайсысының да жолаушы жұрттың жанайқайына жауап беруге құлқы болмады. Сонда да болса жұртты тыныштандырар жауап іздеп ғаламторға кірдік, әдет­­­тегідей әлеуметтік желілерді де па­­­рақтап көрдік.

Сырттай қарағанда, мемлекет мүмкіндігінше жолау­шының қалтасын қақпау­дың қам-қарекетін ойлас­ты­рып жатқандай көрінеді.  Айталық, қолжетімді деп ұсынған жобаның бірі – «FlyArystan». «Air Astana» компа­ния­сының жанынан құрылған «FlyArystan» бюджеттік жобасы 2019 жылы қарапайым халықтың жағ­дайына орай арнайы іске қо­сылған еді. Оның қолайлы қыз­меті мен аса қымбат тұрмайтын билетін пайдаланушылар саны жыл са­йын артып барады. Мысалы, 2019 жылы оның қызметін 700 мыңдай адам пайдаланған болса, өткен жылы «FlyArystan» арқылы 3 млн 250 мың адам әуе жолымен сапар шегіпті.

«FlyArystan»-ның ал­ғаш­қы кезде ұйымдастырған бір күн­дік әлеуметтік акциялары жолаушы жұрттың көңілінен шығып, көп адамның қолдауына ие болғаны есімізде. Бастапқыда ел ішінде кейбір бағытта 7 мың теңгемен жетіп алуға мүмкіндік бар-тын. Қазіргі күнде «FlyArystan» арқылы бір ай бұрын Астанадан Алматыға билет алсаңыз бағасы 15 566 – 40 566 теңге аралығында. Ал елі­міздің батыс өңірлеріне сәл қым­баттау. Күні жақындаған сайын бұл компания да бағаны біршама өсіріп отырады. Қанша дегенмен билет құны басқа әуе компанияларына қарағанда арзандау көрінетіні белгілі.

«FlyArystan» арқылы арзан билет алғаныңызбен, қол сөмкеңіз ауыр болса, тағы да шығынданасыз. Егер сөм­ке­ңіз­дің салмағы 20-25 кило тартса, билет ақысына пара-пар қаржы төлейсіз. Сондықтан ұшақпен жолға шыққанда осы жа­ғында ескерген жөн. Айта берсек, ұшақпен жол жүрудің тиімді тұс­та­ры мен қиын жақтары жетіп артылады. Мәселен, «FlyArystan»-ның жол ережесі бойынша қазақтың қарапайым домбырасын жолаушылар салонына жібермейді. Бұл туралы қоғамда талай айғай-шу шығып, біраз пікірталас болғаны есте...

Ал енді билет бағасының неге қым­баттап жатқаны туралы мәселе­ге ойыссақ. Ғаламтор желі­ле­­рінде әуе билеттеріне қатыс­ты көңіл жұбататын бір жаңа­лық емге жоқ. Сөйтсек, әу баста әуе би­лет­терінің бей-берекет қымбат­тай беруіне жағдай жасап, жолы ашылып қо­йыл­ған екен. 2015 жылы қазан айын­­­­да елдегі ішкі ба­ғыт­тар­да жо­лау­шыларды авиатасымалдау на­ры­ғы мемлекеттік реттеуден заңды түрде шығарылыпты.

Сол кездегі билік неге мұндай қа­дамға барғанын сұрағандарға қа­на­ғат­танарлықтай жауап та жоқ. Себебі елдегі әуе тасымалымен жо­лау­шыларды қамтамасыз ете­тін санаулы-ақ компания бар. Содан ба бұл салада ешқандай бәсе­ке­лестік жоқ. Ортаны толық монополия жайлаған. Билік болса Қазақстанда авиакомпаниялар өз билеттерінің бағасын сұранысқа сай өзі белгілейді деп отыр. Сол арқылы жолаушы мен халық мүд­десі өз пайдасын ғана ойлайтын компаниялардың ырқына қарай жығылады. Былай алып қарағанда, бағаны нарық белгілейді. Десе де сол нарықта бәсекелес деген ұғым мүлде жоқтың қасы. Соның салдарынан Қазақстандағы әуе тасымалының жағдайы осындай күйге жеткен.

Әуе кемелеріне билет құны­ның көтерілуіне тағы бір себеп авиа­ке­ро­синнің үсті-үстіне қым­бат­тауы да әсер етіп отырған көрінеді. Мұ­найлы еліміз қатты күштегенде жылына 650 мың тонна ғана авиа­отын өндіруге қауқарлы екен. Ал авиакомпаниялар қызметін тұты­ну­шылар күн санап көбейіп келеді. Қазіргі жағдайда сұранысқа орай отандық әуе тасымалдаушылары тұтынатын авиаотын көлемі 1 млн тоннадан асып жығылады екен. Демек жетпеген авиакеросинді қымбатынан өзге елден сатып алуға мәжбүрміз.

Сол кездегі билік авиаком­па­ния­лар­ға қажетті керосин құнын жолау­шы жұрттың қалтасынан өндіріп алуға ерік берген соң есе­ленген пайданы ғана көздеп жүрген тасымал­дау­шы не істе­мей­ді? Авиаотын қым­баттаса, билет бағасын көтере қояды. Ал керісінше, авиакеросин арзандап кетсе, билет бағасы со­ған сай төмендемейді. Сол баяғы көте­рілген күйінде қала береді. Бұл жер­де оларға, «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа» болмай тұрғандығы ғой....

Бүгінде бұл саланың құлағын ұста­ғандарға қарапайым халық түгілі депутат­тардың да дауысы жет­пей жатыр. Мәселен осы жыл­­­дың сәуір айында Сенатта Қа­зақ­стан­дағы әуе тасыма­­лына қа­тысты мәселелер талқы­лан­ды. Сонда депутаттар ұшақ билет­те­рі­нің тым қымбат екенін тәп­тіш­теп айтты. Сенатор Амангелді Төлемісов монополияға қарсы тек­серу­лер жүр­гізіліп, әуе ком­пания­ларына айып­пұлдар салынса да, ұшақ биле­тінің бағасы бұры­н­ғыдай жоға­ры екеніне бір емес бірнеше дәлел келтіріп айтты.

«Авиабилеттің бағасын негізсіз көтеру және тиісті монополиялық тетік­терді қолдану фактілері болды. Бірақ сіздер бұл фактіні тірке­сеңіздер, неге бағаны төмен­дет­педіңіздер? Тек бір адамды жа­уап­кер­шілікке тарттыңыздар, бірақ баға жоғары болып тұр. Бұл тұ­тыну­шыларымызға, жолаушы­лар­ға әсер етеді. Әуе билеттері өте қымбат. Тіпті біздің қалтамыз көтермейді, қарапайым халықтың оны төлеуге мүмкіндігі жоқ», деді депутат.

Одан бері 5-6 ай уақыт өтті. Мәселе, «сол баяғы жартас» күйін­де қала берді. Оның анық дәлелі дәл бүгінгі авиабилет құны­ның аспандап тұрғандығы. Сенбе­сеңіз теле­фоныңызды ашып, әр бағыт­та­ғы ұшақтардың билет бағасына көз жүгіртіп көріңіз.

Бүгінде Астанадан Алматыға қарай бірер күн бұрын ұшақ билетін алғыңыз келсе, шытырлатып 60-80 мың теңге қаражатыңызды қам­дай беріңіз. Бір-бір жарым ай бұрын алсаңыз әрине соның жарты бағасына алуыңыз ықтимал. Шаруаңыз бір ай бұрын жоспар­лау­ға келетін болса, жердің беті пойызбен де жетуге болады ғой. Бірақ ол жақтың да бағасы анау айтқандай арзан емес. Сонымен, әуе кемелерінің қызметін пайдалану батыс өңірдегі халыққа тым қымбатқа түсіп тұр. Алматы мен Атырау қаласының аралығындағы жолақысын «Air Astana» әуе компаниясы 311 621 – 317 067 теңгеге бағалаған. Бұл – билетті бір күн бұрын алатын болсаңыз төленетін ақы. Енді ел ішіндегі авиатасымалды осымен доғарып, көрші елге көз салып көрейік.

Қазір Астанадан Ресей астанасы Мәскеуге бару үшін қазақс­тан­дық авиакомпания қызметін пайда­лан­ғыңыз келсе, билетті ұшуы­ңызға бір күн қалғанда алатын болсаңыз, ең арзан билет – 73 926 теңге, қымбаты 1 375 334 теңге тұрады екен. Елімізде орташа жалақы 365 502 (қазақстандықтардың басым көпшілігіне бұл сома үлкен арман) теңге болып тұрғанда, авиа­би­­леттердің бағасы тым аспандап кеткені көпшілік қауымға түсі­ніксіз.

Журналистер осы жағдайды түсіндіруді тиісті мекемелерден сұрағанда, алған жауаптары бір­кел­кі. Біз қазір жолдаған сұ­рақ­тары­мыз­ға нақты жауаптар ала алма­ған соң, осыдан 5-6 ай бұрынғы Үкімет уәжін тағы көр­сетуді жөн санадық. Сонымен Қа­зақ­стандағы авиабилеттер неге қымбат?

Сол кездегі Индустрия және ин­фра­құрылымды дамыту минист­рінің орынбасары Алмаз Ыды­ры­сов ұшақ билеттерінің бағасы көптеген факторға байланысты белгіленетінін былай түсіндірген. «Ең алдымен, ұшақ билетінің құ­нына 32 пайыз әуе керосинінің бағасы мен тапшылығы әсер етеді. Былтыр еліміздегі мұнай өңдейтін за­уыт­тар 684 мың тонна әуе ке­роси­нін өндірді, ал жанармайдың сұраныс көрсеткіші 806 мың тон­на­ға жетті. Яғни Қазақстан 158 мың тонна әуе керосинін шетел­ден сатып алуға мәжбүр болып отыр. Эксплуатациялық шығындар мен әуе кемелерінің лизингі – 18 па­йыз, әуежай қызметтері – 13 пайыз, жалақы төлеуге жұмсалатын шы­ғын­дар – 6 пайыз билет бағасын бел­гілеуге ықпал етеді», дейді ол.

Оның айтуынша, әуе кемелерін сатып алу немесе жалға алу, қосалқы бөлшектерін сатып алу сияқты әуе компаниясы шығындарының 80 пайызға жуығы шетел валютасы арқылы іске асырылады. Ал әуе компаниялары өз табысының 80 пайызын теңгемен табады. Сол себептен олар өз шығындарын жабу үшін билет құнын қалағанынша қымбаттататын көрінеді.

Енді бұдан былай әуе кеме­ле­рінің билет бағасы арзандауы мүмкін бе, жоқ па? «Егер авиа­ком­панияларға қатысты заң, ере­же­лерге түзетулер мен то­лық­ты­ру­лар енгізіліп, халық мүд­де­сіне орай қайта жасалса, авиабилет құны түсуі кәдік. Ол үшін алғы­шарт­тарда жа­салып та жатыр. Оның жүзеге асуы үшін халық талапшыл, Үкімет батыл әрі адал болуы ләзім, дейді кә­сіпкер Бегалы Пердәліұлы.

Кәсіпкердің бұл пікірі жүзеге асуы әбден мүмкін. Өйткені биылғы жарты жылда жолаушылардың саны 30 мыңға артқан. Сағаттап әуе­жай­да уақыт өткізетін жолау­шы­лардың жанайқайы ақыры Үкі­мет­ке де жетті. Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министр­лі­гінің мәлімдеуінше, жыл соңына дейін «SCAT» – 9, «FlyArystan» – 3, «Air Astana» – 2 әуе кемесін алуға тиіс.

Оған қоса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 1 қыркүйектегі Халыққа Жолдауын­­­­­­­­да жаңа ұсынысын алға тартты. «Келесі жылы «Air Astana» ком­­паниясы халықтық ІРО-ға шығарылады» деді ол. Қазіргі таңда елдегі ең үлкен әуе компаниясы «Air Astana» екені мәлім. Оның 51 пайыз акция пакеті «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына тиесілі. Бұл шара тиімді жүзеге асырылса, бәсекелестер саны артып, билет бағасының төмендеуіне әсер етуі бек ықтимал.

Бұдан шығатын қорытынды салаға арналған жол картасы бо­йынша азаматтық авиация саласында бәсекелестікті дамы­ту­дың негізгі кедергілерін азайту үшін н­а­рыққа шамадан тыс мем­ле­кет­тік қатысуды жою шаралары қа­рас­тырылады. Мемлекет басшысы айтқандай «QazaqAir» АҚ, «AirAstana» АҚ акцияларының мем­­ле­кеттік пакеті сатылымға шы­ға­­рылады. Оған қоса, шетелдік әуе тасымалдаушыларының на­рық­қа еркін кіруіне, елімізге рейс­терді өз бетінше жолға қоюына мүм­кіндік беретін «Ашық аспан» режімінің қолданылу мерзімі 2028 жылға дейін ұзартылады. Сондай-ақ авиа отынды өндіру мен оны отандық әуе компанияларына дел­дал­сыз жеткізіп беру жүйесі түзі­леді.