Руханият • 05 Қыркүйек, 2023

Қазақша білу – қажеттілік

316 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Элина Масагутова – республикалық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің директоры. Павлодар өңірінде туып-өскен ол – қазақ тілінің жанашыры. Мемлекеттік тілді саналы түрде меңгеріп, айналасына үлгі-өнеге болып жүр.

Қазақша білу – қажеттілік

– Әкем – орыс, шешем – татар. Татарға күйеуге шықтым. Отба­сы­мызды шағын Ассамблея десе де болады. Әке-шешем мектепте мұ­ғалім болып жұмыс іс­тейді. Павло­дар қаласында орыс мектебінде білім алдым. 9-сыныптан кейін облыс ор­та­лығындағы мемлекеттік уни­вер­ситеттің жанындағы лицейге оқуға түстім. Қазақ тіліне деген қы­зығушылығым да осы кезден бас­талды. Бұған дейін барлық оқушы секілді қазақ тілін сабақ дең­гейінде ғана меңгердік. 9-сыныптан кейін тереңдете оқуға ден қойдым. Олимпиадаларға қатыса бастадым. Отбасымызда орысша және татарша сөйлейтінбіз. Ал татар тілі қазақ тіліне ұқсайды. Сондықтан да қазақ тілін еркін меңгеру қиын болған жоқ. Оның үстіне әкем қазақша кітап оқуым­ды, теледидардан қазақша бағдарламалар көруімді тапсыратын, қадағалайтын. Осылайша, әкемнің қолдауымен мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін деңгейге жеттім. Менің Отаным – Қазақ­стан. Мұндағы негізгі халық – қазақтар. Сондықтан қазақ тілін білуге міндеттімін. Өзіңді осы елдің нағыз азаматы ретінде сезінгің келсе, қазақша үйренуің керек. Сонда ғана осында тұратын адамдардың жан-дүниесіне үңіле аласың, – дейді Элина.

12 жасынан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмы­сына араласып, «Ассамблеяның баласы» атанып кеткен Элина қоғамдық һәм мемлекеттік қыз­меттерде қазақ тілін насихаттауға ден қояды. Қазір республикалық «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің директоры ретінде де қазақ тілінің дамуына қал-қадерінше үлес қосып келеді.

– Павлодарда жүргенде өзге ұлт жастары арасында қазақша сөйлеу клубтарын аштық. Бұл бастамамыз өз жемісін берді. Қазіргі жұмысым тікелей осы саламен байланысты десем де болады. «Қоғамдық келі­сім» мекемесі бірнеше жоба арқылы мемлекеттік тілді насихаттап келеді. Мәселен, жастарға арналған «Бірлік» лагері, «Бір ел» экспедициясы, «Үйде сөй­ле» жобасы арқылы қазақ тілін насихаттап жүрміз. Жалпы, әрбір отбасы үйінде қазақша сөйлеуге тиіс. Осындай үрдіс қалыптасуы керек. Ата-аналар ұл-қыздарының болашағын ойласа, осыған мықтап көңіл бөлгені абзал. Өйткені қазақ тілі өмірлік қажеттілікке айналды. Осыны естен шығармау керек. Қазақша қате сөйлеп, ұятқа қаламын деп қысылмаған дұрыс. Мемлекеттік қызметке жұмысқа тұрарда қазақ тілін қаншалықты меңгергенін білу үшін тест тапсырады. Мұн­дай талапты күшейту керек. Дәл осы жағдай өзгелердің қазақ тілін меңгеруіне ықпал етеді деп ойлаймын, – дейді Элина Сергеевна.

Бертінге дейін бір ауыз қазақша білетін өзге ұлт өкілін көрсек, елпілдеп қалатын едік. Кейінгі уақытта бұған да көз үйреніп, таң­данбайтын болдық. Солай болуы да керек. Өйткені олар өз Отанының тілінде сөйлейді.