Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жарты ғасыр бұрын жарық көрген бұл жинақ Тынышбай Рахимовтың жеке кітапханасына тиесілі екен. Алғашқы бетін аша бергенде-ақ ақынның «Тынышбай Рақымның жеке кітапханасы» деген мөрі тұр. Бізді елең еткізген – қолтаңба. Авторы – Тынышбай Рахимов.
«Тоқаш – қазақ поэзиясына ешкімді қайталамай, өзіндік соны ізбен, поэтикалық жаңа өрнекпен келген өзгеше ақын. Жырларында қайта оқығың келетін жаңалықтар көп: яғни Тоқаштың өз жолы жетелеп отырады. Міне, бұл – Ақын!
Жамбыл қаласы,
29.09.74»
Иә, өмірден өткен соң қаншама ақын-жазушының жеке кітапханасы сатылып кетті. Өмір бойы жиналған кітаптардың иесінің көзіндей жеке кітапханаға айналмай, әр дүкеннің сөресіне кетуіне әлеуметтік-тұрмыстық жағдай, яки қоғамдық сана сынды факторлар әсер еткен болар.
Аталған жинаққа Тоқаштың сырға толы өлеңдері мен поэмалары енген. Қысқа ғұмырын, бар тіршілігін әдебиетке ғана арнап, сол жолға қалған қызықтың барлығын құрбан еткен ақын:
«Өмірім бұрқырап өтті ғой,
Ашыған қымыздай сабада.
Күндерім – телеграф сымдары,
Жылдарым – ыздиған бағана»,
– деп жырлайды.