Қоғам • 05 Қыркүйек, 2023

Рим Папасы және қазақ имамы

664 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен аптаның жұма күні Рим папасы Франциск (Franciscus) Ватикан мен Моңғолия Республикасы арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толуына орай ел президеті У. Хүрэлсүхтің шақы­руы­мен Ұланбатыр қаласына келді.

Рим Папасы және қазақ имамы

– Папаның Моңғолияға ресми сапары, – дейді әлем баспасөзі: «Аталған ел­дегі жем­қорлық пен әді­летсіз­дікті ауыздықтау, ежелгі көш­­пелі өрке­ниеттен қалған жал­ғыз жұрнақ – моңғол жұр­­тының байырғы мәде­ниетін көзімен көріп, ой түю» деп жазып жа­тыр. Сон­дай-ақ ғалам­дық діндер арасында ка­то­­лицизм сенімінің көш­­басшысы Моңғо­лияға келген соң әртүрлі дін өкіл­дері­мен кездесу өткізіп, олар­дың да ой-пікірлерін тың­дады.

Осы орайда, елдегі ислам діні атынан сөз алған Моң­ғолия мұсылмандар ұйымының төрағасы, философия ғылым­дарының док­­торы (PhD) Батырбек Ха­­дыс «Ассаляму алейкум уа рах­матул­лахи уа ба­ра­ка­тух!» (Аллахтың сіз­ге сә­­лемі һәм рахметі мен бере­кесі болсын) деп сө­зін Алла­ның сәле­мімен бас­­тап, өзін Моңғолияда өмір сү­ріп жат­қан діні мұсыл­ман қазақ деген ха­лық­тың өкі­лі екенін таныс­тыра отырып: «Әлем дегеніміз – бір отбасы. Ға­лам­ның тыны­ш­тығы отба­сы­ның бей­біт өмі­рінен бас­талады. Моң­ғол хал­қы­ның «Өзіңде түзе – от­басыңды оңалт, Ота­ның­ды жырғат» деген мәтелі бар. Бұл сөз көш­пелілердің өмір­лік ұстанымы» дегенді жеткізіп, сөзінің со­ңын­да: «Олардың Алла­дан өзге сиын­ғандарын боқ­та­маңдар. Олар білмей шек­тен шығып Аллаға тіл тигі­зеді. Осылайша әр топқа өз істерін әдемі көрсеттік. Со­нан соң қайтар орындары Раббыларына. Сонда олар­ға не істе­гендерін біл­діреді» деп «Анғам» сүре­сінің 108-аятын оқып берді. 

Батырбектің сөзін мұ­­қият тыңдаған (аудармашы арқылы) католик көсемі ор­та ғасырдың өзінде Шың­ғыс қаған астанасы Қара­қорымда екі мұсылман ме­шіті болғанын, ол туралы 1254 жылы Мөңке ханның ордасына келген еуропалық сая­хатшы – монах Гильом де Рубруктың жазбасында айтылғаны туралы атап өтті.