Кез келген суретшінің тісі бата бермейтін тың тақырыптарға бой алдырған қылқалам иесі өнерді өмірім деп біледі. Киелі өнердің киесін кетірмеу, тұнығын лайламау суретшінің басты ұраны. Жас суретшінің шығармалары жылдар жылжып, ғасырлар алмасса да отбасындағы жарасым мен жылылық, сағыныш пен қамқорлық сынды ізгі сезімдер өз биігінде қала беретінін дәлелдейді. Көз алдыңдағы жансыз бейнеден әлдеқашан өмірден өткен атаң мен әжеңді көресің. Көңіл түкпірінде қатталып қалған сағыныш қайта қоздайды. Жүрек қылын шерткен арман-тілек мәңгілік аңсарға ұласып, жан-дүниеңді шымшылайды. Осы заманғы өнер тіліне сай өткір де өтімді туындылар қылқалам шеберінің үнемі ізденіс үстінде жүретінін аңғартады. Өнертанушылар Оралбек суреттері өнеге мен киені өзара үндестіріп, уақыт пен заман тынысына сай бере білуімен ерекшеленеді деп есептейді.
– Бұл күндері өнердің өрісі қандай кең болса, оның бейнелеу мүмкіндіктері де, образдық пайымдаулары да соншалықты мол әдіс амалдардан тұрады. Оралбек қолтаңбасының басты ерекшелігі – тақырыптық, көп бейнелі картиналарға қалам тербеуі. Ол әдемі пейзажды этюдтермен кескіні келген портреттермен көрерменді алдаусыратпай кесек, қабырғалы туындылар арқылы өз ойын азаматтық келбеті мен көзқарасын көрсеткісі келеді. Әрбір картина суреткердің жазылып қойған мінездемесіндей дүниелер. Солар арқылы көрермен суретшіні танып біледі, оған деген көзқарасы қалыптасады, қарым – қатынас жасай бастайды. Сөйтіп өнер әлеуметтік қажеттілікке ие болады. Оралбек өнердің мінезін болжап біле алмайтын, өлшеп өмілдірік салдырмайтын тазалық пен адалдыққа ғана мойын ұсынатын ақ боз тұлпарының жалынан ұстаған сияқты, – дейді өнертанушы Самал Мамытова.
Мына бір суреттегі дастархан басына жайғасқан жарасымды жанұя кішкентай мемлекет іспетті. Ұрпағына аңызын шертіп, өнегесін өрбітіп отырған қазыналы қария қасиеттің алтын діңгегіндей. Қарияның ту сыртына саялы бәйтеректің бейнеленуі әке мәртебесін барынша асқақтатып тұр. Әр отбасы мүшесінің дастархан басынан өз жолына сай орын алуы қазақ отбасындағы ізет пен құрметтің, кісілік пен кішіліктің жарқын үлгісін көрсетеді.
АЛМАТЫ