«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты ғылым және мониторинг бөлімінің ғылыми қызметкері Илья Бофоновтың айтуынша, бұрын қоқиқаздар Атырау қаласының маңына жақын келген емес. Мұндай жайт өте сирек кездеседі.
«Қазір құстардың жылы жаққа оралатын кезеңі басталды. Осындай миграция кезінде құстардың дені аялдайтын су айдынын іздейді. Атыраудағы «Сасық сай» булану алаңы қоқиқаздардың аялдайтын орнына айналды. Демек бұл алаңда қоқиқаздарға табиғи азық – ұсақ шаянтәрізділер бар деп болжауға болады. Қазір мұнда өсімдіктер мен микроағзаларды өсіретін микробиологиялық үдеріс жүріп жатыр», дейді Илья Бофонов.
Оның пікірінше, «Қызыл кітапқа» енгізілген қоқиқаздардың қонғанына қарағанда, булану алаңының экологиялық жағдайы жақсара бастаған болуы мүмкін. Өйткені қоқиқаз ластанған су айдынына қонбайды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, Атырау қалалық әкімдігі 476 гектар аумақта орналасқан булану алаңын қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеген. Екі жыл бұрын сараптаманың оң қорытындысы алынған соң қалпына келтіру жұмысы басталған.
«Жобаны іске асырудың бірінші жылында топырақ тасылып, бөгеттер салынды. Арнайы алаң дайындалды. Тұнба шөгінділері жиналып, учаскелер қамыстан тазартылды. Ал былтыр булану алаңы 355 мың текше метрден астам тұнба шөгіндісінен тазартылды. Бөгеттерді толтыру, тегістеу және тығыздау үшін инертті материалдар сатып алынды. Жоба бойынша булану алаңын қалпына келтіруді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр», деп хабарлады басқарма мамандары.
Атырау облысы