Қоғам • 05 Қыркүйек, 2023

Жолсерік болсаң, Аяндай бол!

858 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жол жүргенде көбіне пойызды қолай көремін. Жақында ғана сапарлатуға тура келіп қалды. Қарап жүрмей пойыздар­дағы қызмет сапасына, жолсерік­тердің қызметіне сыни көзбен қарай­тынымыз тағы бар ғой. Көбі­несе көңіліміз толмайтыны да рас. Дегенмен, қызметі тәнті ететін, жұмысына деген жауап­кершілігі жаныңды жадыратын жолсеріктер де жоқ емес екен.

Жолсерік болсаң, Аяндай бол!

Таяуда жолға шыққанымда №117 Қызылорда – Павлодар ба­ғытындағы жолаушылар пойы­зының 5-вагонындағы жолсеріктің жолаушыларға деген елгезектігі риза етпей қоймады. Вагонның іші тап-таза, шайдың буы бұр­қырап тұр. Күн ыстықта қосыл­ған кондиционердің біреуге жаққанмен, кейбіреуге жақпауы да мүмкін ғой. Бір апамыз көзіне операция жасатқан ба, салқын тигізіп алудан қорқып, «Мынаны сөндіруге болмай ма?» деген өтініш айтып еді, жолсерік жігіт жалпы тәртіпті өзгерте алмайтынын, бір­ақ, қаласа кондиционері жоқ вагондардың бірінен орын тауып, ауыстырып беруге болатынын айтып, түсіндірді. Бірақ, әлгі апай «ана вагоннан мына вагонға секіріп жүрмейін» деген соң, «Енді қайтсем екен?» деп сәл ойланып тұрды да, лып етіп барып, одеял әкеліп, жоғарыдан төмен қарай көлегейлеп апаға жел соқпайтындай қорғаныш жасап бере қойды. «Мынауың, қандай дұрыс болды» деген апамыз ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырып жатты.

Түннің бір уағында жолсеріктің «Апа, бүрісіп жатырсыз ғой, тоңып қалғансыз ба?» деп, тағы бір үлкендеу кісінің аяқ жағын одеялмен қымтап жатқанын көріп қалдым. Мұндай да жолсерік болады екен-ау... Қаншама жыл жол жүріп, мұндайды алғаш көруім. Шынымды айтсам, таңғал­дым. Сосын арнайы барып таныс­тым. Оның аты-жөні – Аян Сәр­сенбайұлы Алдашев екен. Жол­серік болып жүргеніне 10 жыл толыпты.

– Біздің міндет – жолаушыларға қызмет көрсету. Сол міндетімізге адал болсақ, дейді Аян. Қандай қарапайымдылық!

Әркім өз міндетіне нақ осындай түсінікпен қараса, көп нәрсе басқаша болар еді. Жолсеріктердің де неше түрлісін көріп жүрміз ғой. Енді оларға «Жолсерік болсаңдар, Аяндай болыңдар!», дегіміз келеді.

 

Ұлытау облысы