Қоғам • 05 Қыркүйек, 2023

«Күміс жас» жобасы

434 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Егде адамдардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі шектеулі. Әйтсе де зейнетке жасы таяп қалған адамдар мемлекеттік бағдарлама арқылы «екі қолға – бір күрек» тауып отыр.

«Күміс жас» жобасы

Биыл өңірдегі 200-ге жуық адам жұмысқа орналасты. Бұл орайда жасы елуден асқан адам­дардың тиімді жұмыспен қам­тылуына айрықша назар ауда­рылып отыр. Қазіргі күні аға буын өзде­рінің қолынан келетін жұ­мыс­пен қамтылып, зейнет дема­лы­сына шыққанда толымды зей­нетақы алу мүмкіндігіне ие бо­лып отыр.

– «Күміс жас» жобасы бо­йын­ша мүмкіндіктің бәрі екшеліп, та­разы басына тар­тыл­ғаннан кейін 189 адамды жұмысқа орна­ластыруды жоспарлаған едік. Бұл жоспар 104,2 пайызға орын­далды. Бір жақсысы, 33 адам лайықты жұмыс істеп, зейнет де­малы­сы­на сәтті шықты. Біз­дің орталық ар­қылы жұмысқа ор­на­лас­қан адамның 13-і таяу арада еңбек демалысына шықпақ. Олар мемлекеттік бағдарлама ая­­сында жасалып жатқан қамқор­лық­­қа дән разы, – дейді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасының ең­бек ұтқырлығы орталығының ди­рек­торы Асыл Молдиярова.

«Күміс жас» жобасына қа­ты­су­­шылар үшін төленетін еңбек­ақының 70 пайызын орта­лық субсидиялайды. Ақыл таразысына салып қарасаңыз, бұл тәсіл – жұмыс беруші үшін де көп-көрім демеу. Әсіресе зейнетке шығуға жасы таяп қалған адамдар үшін тиімді.

Шындығын айтқанда, күш кеміп, қуат қашып, егде тарт­қан адамдардың жұмысқа орна­ласуы да шырғалаң екені – шын­дық. Міне, осы сәтте екі иіні­нен басқан жүктің салмағын жеңіл­детіп, орайын келтіру қоғамды ізгі­лендіре түсері даусыз.

– Алпыстан жасым асқан соң қарап қалғаным салымды суға кетіріп еді. Аудандық орталыққа жүгінуге тура келді. Халықты жұмыспен қамту орталығының маманы бос жұмыс орындарын ұсынды. Сондай-ақ «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» жаңа бағдарламасына қатысуға ұсыныс жасады. Несі бар, біз жұмыстан қашпаймыз ғой. Сөй­тіп, құрылыс саласынан қо­лым­­нан келетін жұмыс табылды, – дейді Атбасар қаласының тұр­ғы­ны Серікбай Қараноғаев.

Адамдардың бойында бола­шақ­­қа деген сенім оты осындай қам­қорлықтың ұшқынымен лау­лайды.

– Масыл болғаннан өз на­ның­ды адал еңбегіңмен тап­қан жақсы емес пе? Осы уа­қыт­қа дейін жұ­мыс іздеп таба­ным­нан таусылдым. «Күміс жас» бағдарламасы туралы кез­дейсоқ естіген едім. Жа­на­шыр­лығы мол жақсы бағ­дар­лама екен. Ел қамын жеген осын­дай қамқорлық бар жерде біз өзімізді дәрменсіз санамаймыз, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Алпысбай Көшімбаев.

«Күміс жас» бағдар­ла­ма­сы­ның жан жадыратарлық шарапаты егде адамдардың үміт отын тұта­тып, көкірегін сәу­ле­лен­діріп тұр.

 

Ақмола облысы