Аталған іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Парламент Мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов елімізде ұлттық спорт түрлері мемлекет қолдауымен қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді.
«Төл мәдениетімізді дәріптеп, ұлттық спортты дамыту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрдайым ерекше назарында. Оның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы Президент Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан еді. Ұлттық спорт түрлері – бұл біздің тарихымыздың және қазақ халқының өзіндік ерекшелігінің айнасы. Оны дамыта отырып, рухани мұрамызды болашақ ұрпақтың игілі үшін сақтап қаламыз», деді Е.Қошанов.
Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы алдағы жылы елімізде Мемлекет басшысының қолдауымен өтетінін V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының мәні мен маңызына да тоқталды. Біршама мемлекеттің спортшылары бас қосатын халықаралық жарыста еліміздің әлеуетін танытуға мүмкіндік берілетінін тілге тиек етті.
VI фестивальдің ашылу салтанатына қатысқан Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов алдағы бес күнде спортшыларымыз көкпар, асық ату, тоғызқұмалақ, жекпе-жек, жамбы ату, теңге ілу және тағы да басқа ұлттық ойын түрлерінен күш сынасатынын айтып өтті.
Сондай-ақ бұл іс-шарадағы айтулы оқиғаның бірі – «Joryq» ат спорты федерациясы осымен екі жыл қатарынан өткізіп отырған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесі. Еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы ат басын бұрған 20 команда 14 күнде елордадан Түркістанға дейінгі 1 300 шақырым қашықтықты жүріп өтеді.
«Бәйге-марафон «Amanat» партиясының қолдауымен былтыр тұңғыш рет өткізілген еді. Бұл – болашақта ұлттық ат спорты түрлерінің дамуына айрықша әсер ететін маңызды әрі ауқымды оқиға. Дүбірлі дода еліміздің барлық өңірін біріктірді. Шабандоздар сайын даланы ат тұяғымен дүбірлетіп, туған жердің сырына қанығады. Спорттық жетістіктерден бөлек, бұл бәйге этнотуризмді дамытуға және халқымыздың мәдени мұрасын насихаттауға мүмкіндік береді», деді «Amanat» партиясының төрағасы.
Фестивальді ұйымдастыруға Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «Amanat» партиясы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы, Ұлттық спорт қауымдастығы, Туризм мен спортты қолдау қоры ұйытқы болды.