https://primeminister.kz/
Италия Қазақстанның әлем бойынша ірі үш сауда серіктесінің бірі саналады. Әрі Еуропалық одақ елдері арасында бірінші орында тұр. Былтыр екі елдің тауар айналымы 55%-ға жуық артып, шамамен $15 млрд-қа жетті. Италия Еуропалық одақ елдердің арасында Қазақстан экономикасының өркендеуі үшін әріптестік орнатқан ірі инвесторлардың бестігіне кіреді. Соңғы 17 жылда жалпы тартылған инвестициялар көлемі $7,3 млрд-қа жетті. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша шамамен 2,5 есе өсіп, $300 млн-ға жуықтады.
«Дегенмен тауар айналымын одан әрі арттыруға әлеуетіміз жеткілікті. Біз Италияға жалпы құны $900 млн-нан асатын қазақстандық 110 тауар өнімінің экспортын арттыруға дайынбыз», деді Әлихан Смайылов.
Антонио Таяни Италия Қазақстанмен жан-жақты, әсіресе сауда, энергетика және өнеркәсіп бойынша ынтымақтастықты нығайтуға қашанда құмбыл екенін жеткізді. «Біз Италияда бірлескен кәсіпорындарды, жаңа қазақстандық компанияларды ашуға дайынбыз. Сондай-ақ кәсіпорындарымыз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал ететін Іскерлік кеңес құруға ниеттіміз», деді ол.
А.Таяни Алматыда жаңа итальяндық мәдениет институтын ашудың маңызы зор екенін, екі ел арасында студенттер алмасуды арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.