Еңбек • 06 Қыркүйек, 2023

Тігіншілікпен айналысатын ерекше азамат

203 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының Келес ауданына қарасты Бозай ауылында тұратын ІІІ топ мүгедектігі бар Әбдіжаппар Махмұтбеков тігіншілікті өзінің кәсібі етіп, осы күндері құрақ құрап, киім және ат жабдықтарын тігумен айналысады, деп жазады Egemen.kz.

Тігіншілікпен айналысатын ерекше азамат

Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Ол қаршадайынан сурет салуға қызығып, кейіннен дизайнер болуды армандаған. Әбдіжаппар Мұзафарұлы Шымкент қаласында №5 колледжде тігінші мамандығы бойынша білім алған.

«Нәресте уақытында сырқаттанып, ерекше балалардың қатарына қосылды. Сонда да өз қызығушылығының арқасында бүгінде қолөнер шебері атанып отыр. Кәсібін киім тігіп бастады. Кейін көрпешелерге арналған құрақ құрап, түрлі пластик бөтелкелерден көркем гүлдер істеп, балабақшаларға таратты», дейді анасы Жұлдыз Әдеева.

Арғы аталары суретші болған екен. Анасының пайымынша баласына қасиет сол аталарынан дарыған.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша Ә.Махмұтбеков мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, тігін машинасын сатып алған. Ол алдағы уақытта кәсібін кеңейтіп, ауыл жастарын қолөнер саласына тәрбиелеуді жоспарлап отыр. «Ауыл аманаты» жобасының алтыншы бағыты бойынша 2,5 пайызбен несие алуға ниетті. Жергілікті атқарушы орган өкілдері қажетті қолдау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

 Түркістан облысы әкімдігі