«Келісім нормаларын іске асыру Қазақстан-Өзбекстан кедендік шекарасынан құбырлар мен электр желілері арқылы тасымалданатын энергия ресурстарын бақылаудың тиімділігін арттырады», деді депутат Ирина Смирнова қосымша баяндамасында.
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, енді елдер тәжірибемен және кеден заңнамасын бұзудың анықталған фактілері туралы ақпаратпен алмаса алады.
Хаттамада тараптардың кеден органдары балансында тұрған есепке алу тораптары көрсеткіштерін ай сайын алуды, сондай-ақ есепке алу аспаптарына салынған кедендік сәйкестендіру құралдарының тұтастығын, сәйкестендіру құралдарын жою мен салуды тексеру көзделген.
Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында Салық кодексі мен Салық кодексін қолданысқа енгізу туралы заңға, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер, жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды өзін-өзі реттеуге беруге қатысты өзгерістер, сондай-ақ бірқатар халықаралық құжаттар бар. Сондай-ақ депутаттар жауапты мемлекеттік органдарға әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша депутаттық сауалдарын жолдады.