Aтырау облыстық дін істері басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында ашылған радио ҚМДБ Атырау облыстық өкілдігімен бірлесе жұмыс істейді. Ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы, Бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы және Сараптама бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Евфратұлы, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.
Іс-шараны ашқан наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы асыл дініміздің құндылықтарын насихаттап, қоғамға пайдалы ақпараттармен насихаттауда радионың орны зор екенін атап өтті. «Адамға насихат ең бірінші құлақпен есту арқылы жетеді. Сол себепті жаңа істеріңіз берекелі болсын», деп батасын берді.
Атырау облысы дін істері басқармасының бас маманы Қаһарман Рахметұлы дін саласындағы өзекті мәселелерді имамдарымызбен бірлесе отырып шешу мақсатында жаңа жобалар жалғасатынын айтты. Ал наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы алғашқы қонақ ретінде радиоға сұхбат берді.
Айта кетейік, «Azan» – елімізде ашылып отырған рухани бағыттағы екінші интернет-радио. Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан «Munara» радиосы ашылып, жұмыс істеп жатыр.