Қоғам • 06 Қыркүйек, 2023

Бар игілік – балаларға

185 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дәстүрлі Қысқы қайырымдылық балының дебютанттар кастингі Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театрында өтті. Жыл сайын «Болашақ» корпоративтік қоры ерекше қажеттіліктері бар балалардың сапалы білім алуы және дарынды жастарды қолдау мәселелеріне қоғамның назарын аудару мақсатында 2012 жылдан бастап Қысқы қайырымдылық балын өткізіп келеді.

Бар игілік – балаларға

Қысқы қайырымдылық балы – дәстүрлі түрде бизнестің, дипломатиялық корпустың, қоғамдық және саяси топтардың өкілдерін жинайтын өз тарихы бар бірегей бал. 11 жыл бойы балдың қонақтары классикалық вальс­тен латиноға дейін дебютанттардың биі, салтанатты кешкі ас, бағалы лоттар аукционы, сондай-ақ іс-шараның серіктестерінен жүлделер ұтыс ойыны бар ғажайып атмосфераға бөленеді.

Биыл Қысқы қайырымдылық бал іс-шараларының басталуы, атап айтқанда, дебютанттар кастингі Қаллеки театрында салтанатты түрде өтті. XIV Қысқы қайырымдылық балының дебютанты атанудың құрметі үшін 300-ге жуық адам тартысты. Еске салсақ, бұған дейін­гі уақытта дебютанттар кастингіне 6 мың­нан астам үміткер қатысты, ал балға 148 жұп дебютант бақ сынады. Ғажайып кештің себеп болуымен 6 жұп дебютант жолдары түйісіп, шаңырақ көтерді.

Іріктеудің екі кезеңінен – хорео­графиялық байқаудан және ұйымдасты­рушылармен әңгімелесуден сәтті өткен 30 үміткер дебютант атанды. Олар енді үш ай бойы балда орындай­тын әртүрлі кәсіби бал билерін үй­ренеді. Дебютанттарды биге Қысқы қайы­рым­дылық балдарын қоюшы-хореограф, хореография факультеті деканының орынбасары, Қазақ ұлттық хореография академиясының аға оқы­тушысы – Евгений Моисеев дайындайды.

«Осы балдың арқасында біз құқықтар мен мүмкіндіктер тең инклю­зивті, ашық қоғам құрып жатырмыз. Балдардан түскен қаражатқа ерекше балалары бар отбасылардың өмір сүру сапа­сын, инклюзивті білім беру саласын­да мамандарды даярлау сапасын және соның нәтижесінде инклюзивті білім беру саласында көрсетілетін қызмет­тердің сапасын арттыратын бүкіл әлемде қабылданған озық әлемдік тәжі­ри­белерді, ғылыми дәлелденген тиімді әдістемелерді енгізеді. Сонымен қатар ел бойынша инклюзивті алаңдар желісін құрдық. Елдегі тұңғыш мінез-құлық талдаушыларын оқыттық, бүгінгі таңда енді олар ерекше балалармен жұмыс істейтін жүздеген педагогтер мен мамандарды оқытып жатыр», дейді «Болашақ» корпоративтік қоры Қам­қоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.

Жиналған қаражат «Болашақ» қо­рының ерекше қажеттіліктері бар балалар мен дарынды жастарға арналған «Әр бала мектепке баруға лайықты» және «Жол жүру гранттары» қайырымдылық бағдарламаларына бағытталды. XIV Қыс­қы қайырымдылық балына «Нұрбанк» АҚ және «Hilton Astana» қо­нақүйі демеушілік көрсетті. Сонымен қатар «Amanat» партиясы мен «The sun» дид­житал агенттігі кастингке қолдау көр­сетті. XIV Қысқы қайырымдылық балы Астанада 8 желтоқсанда «Hilton Astana» қонақүйінде өтеді.

Айта кетейік, балдар өткізілген 11 жыл ішінде 150-ден астам демеуші мен серіктес тартылып, 880 миллио­н теңгеден астам қаражат жинады. Түскен қара­жатқа 85 мамандандырылған оңал­ту мекемесі ашылды және жарақ­тан­дырылды, оның ішінде бүкіл Қазақ­стан бойынша 56 инклюзияны қолдау кабинеті ашылып, аутизм және дамуында басқа ерекшеліктер бар 800-ден астам бала мектепке баруға мүм­кіндік алды. 3000-нан астам маман оқытылып. 500-ден астам жұмыс орны құрылды. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға және ерекше қажет­тіліктері бар адамдарға 120-дан астам білім беру және жол жүру гранттары берілді. Сондай-ақ «Болашақ» қоры инклюзивті білім беруді дамытуға қа­тысты Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне 80-нен астам сапалы ұсыныстар мен түзетулер енгізді.