Туризм • 07 Қыркүйек, 2023

Экотуризм: Алакөл мен Балқаш аясы

362 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Түптің түбінде алпыс екі тамырында көшпелінің ізі бар халқымыз жиһанкез ұлтқа айналатыны сөзсіз. Бүгінде әлемнің қай түкпіріне жо­лыңыз түссе де, саяхаттап жүрген қандасты кездестіресіз. Тіпті мәң­гілік мұзды мекен – оңтүстік поляр аймағындағы Антарктидаға, дейін барған жерлестерімізді білеміз. Жарнамасы әбден ке­ліскен, әлемнің басқа қиырындағы мекендерді бес саусағындай білетін отандастарымыз өз елінде де ер­тегідей жерлер бар екенінен бейхабар.

Экотуризм: Алакөл мен Балқаш аясы

Басқа өңірлерді айтпағанда, мынау іргеміздегі Жетісу өңірінің ұңғыл-шұң­ғылында кез келген көлік жете алмайтын, екінің бірінің табаны тимеген көрікті мекендер көп екені айдан анық. Соның бірі киелі – Бұрқан бұлақ. Жуырда ғана осы алыс та жақын, қасиетті мекенге бір топ БАҚ өкілінің жолы түскенін және оған жұрттың бәрі жете алмайтынын тарқатып айтқанымыз жөн болар.

Бұрқан бұлақ – Орталық Азиядағы ең биік, айналасының сұлулығын сипаттауға сөз жетпейтін әсем сарқырама. Алматы облысының Текелі қаласынан жоғары Қора өзенінің шатқалында орналасқан, төрт қиядан құлай аққан сарқыраманың жалпы биіктігі – 168 метр. Ал көз жететін жердегі төменгі үш қиясы – 114 метр. Теңіз деңгейінен 2 мың метр биіктіктен сарқырап құлайтын Бұрқан бұлақ өзені Қаратаудан бастау алады.

Бұрқан бұлақ шатқалындағы тұмса табиғатты көрген кез келген турист таби­ғаттан асқан шебер жоқ шығар деген пайымға келері сөзсіз. Таңғажайып таби­ғатын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Тек осы маңда ғана өсетін Тянь-Шань шыршалары мен азиялық аршалардың хош иісі жан сарайыңды ашады. Саф таза ауаның өзі қандай? Әсем табиғатта жаның тыншу табады.

Әлемнің бір шалғайына шекара асып, мұхит басып, ақша шашып жүрген жерлестеріміздің өзі де Отанында осындай табиғаттың таңғажайып кереметтерін біле бермейтіні даусыз. Неге?

Мәселен, Жетісу өңірі де жаңа туристік бағыттарды дамытуға ерекше ден қойып отыр­ға­нымен, Жоңғар Алатауындағы «Бұр­­қан бұлақ» сарқырамасына елдің бәрі жете ал­майды. Ең басты кедергі – жол. Оған тек жол талғамайтын көлікпен ғана жете аласыз.

Жолдауда осы мәселеге кезекті рет тоқталған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Жетісуға келген сапарында экологиялық туризмді дамытуды тапсырған еді. Қора шатқалына турис­терге көлікпен баруға қолайлы жағ­дай туғызу туралы да баса айтқан. Сол мақсат шеңберінде қазір Бұрқан бұлақ сарқырамасына дейін жол салу жоспарланып жатқан жайы бар.

«Жетісу облысының туристік әлеуе­тін ілгерілету аясында 2024 жылы Қора шат­қалындағы Бұрқан бұлақ сарқырамасына дейін жол салынады. Биыл 1 ақпанда Жетісу облысының әкімі Бұрқан бұлақ сарқырамасына дейінгі автомобиль жолын қайта жаңарту жөніндегі Жол картасын бекітті. Халық өз игілігін көруі керек. Жетісу өңірі жаңа туристік нысандарды дамытуды қолға алып келеді. Бұл тарапта біздің орталық ақпараттық жұмыстарды қолға алып, ішкі туризмді дамытуға өз үлесін қосуда. «Vizit Zhetysu» туристік орталығының ашылғанына 10 айдан асты. Аз уақытта біраз жұмыс атқарылды. Бұрқан бұлақ сарқырамасына баратын екі жол бар. Бірі қысқа жол болса, енді бірі – Қапал арқылы өтетін айналма жол. Біз Текелі арқылы баратын қысқа жолды жоспарлап отырмыз. Ол Бұрқан бұлақ сарқырамасына дейін 52 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда жолдың техникалық паспорты әзірленді, топо­графиялық түсірілім жүргізіліп, инже­нерлік-геодезиялық есеп дайындалды. Судың максималды шығынын анық­тау үшін инженерлік-гидрологиялық есеп­теулер жүргізілді. Бұрқан бұлаққа жол салуға облыстық бюджеттен 94,8 млн теңге бөлінді», дейді «Vizit Zhetysu» ту­рис­­тік орталығының басшысы Жандос Нұриев.

Сол сияқты өңірдегі Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – эколо­гиялық туризмді дамытуда ерекше орын алады. Тау бөктерінде жайқалған шыршалар мен азиялық аршаның хош иісі мұндағы ылғалды ауаға пайдалы қасиеттер сыйлап, сарқырама маңын табиғи шипажайға айналдырады. Бүгінде осы кереметті аң­ғарған саяхатшылар саны көбейіп, Бұр­қан бұлақтың танымалдылығы жыл сайын артып келеді.

Бұрқан бұлақ шатқалында орналасқан жалғыз турбазаның менеджері Екатерина Николаеваның айтуынша, жолсыз жолдың ауыр әрі күрделілігіне қарамастан саяхатшылар көптеп келеді.

«Көбінесе Германия, Ұлыбритания, Ресей, ТМД елдерінен келетін турис­тер көп. Биыл Үндістаннан да алғашқы қо­нақтар келді. «Бұрқан бұлақ» демалыс орнында бір мезетте 50 адамды қондырып, күтіп жібере алады. Мамыр айынан қыр­күйек айына дейін күн суытқанша жұмыс істейміз. Саяхатшыларды Талды­қорғаннан арнайы жол талғамайтын кө­ліктермен тасымалдаймыз. Бұл жердің таңғажайып сұлу да әсем табиғатына сүйсінбеген жан жоқ. Барлығы риза болып, қайта ораламыз деп кетеді. Жол салынса, саяхатшылар үшін жағдайлар жасалса, Жетісудың көркем табиғатына жол ашылар еді», дейді Е.Николаева.

Осы сапарда журналистер Әулие тасқа да аялдап, Жетісу облысының жаңа туристік бағыттарымен танысты.

«Respublica» партиясының Жетісу облыстық филиалы мен «Vizit Zhetysu» туристік орталығының ұйымдастыруымен өткен үш күндік пресс-тур аясында БАҚ өкілдері Балқаш көлінде де болды. Еліміздегі экотуризмнің жай-күйі­мен, проблемаларымен және даму келеше­гімен, сондай-ақ туризмнің осы түріне демалушылардың сұраныс деңгейімен танысу сапардың басты мақсаты еді.

Жер жаннаты Жетісу жеріндегі экотуризмді дамытуда Алакөл мен Бал­қаштың әлеуеті зор. Еліміз туризмді өз даңғылына салуға әрекет жасап отыр­ғанымен, Алакөлдің Шығыс жағының жағдайы дұрысталып, демалыс орындары бой түзеп, халық игілігіне жарай бастады. Ал Балқаш көліндегі жағдай керісінше. Балқаш көлінде жарық та, ауыз су да, жол да жоқ.

«Балқаш көліне әлемдегідей көкпен таласқан биік ғимараттар салмаса да, ең құрығанда көл жағалауларында заманауи үлгідегі демалыс орындары бой көтеріп, халықтың демалуы үшін бар жағдайлар жасалса екен», дейді Балқаш көлінде демалып жүрген алматылық турист Гүлмира Асылбекқызы.

Балқаш көлі маңындағы ең жақсы деген «Бунгала» демалыс орнының иесі Бунько Татьянаның айтуынша, көлге жол 5 жылдан бері салынып жатыр.

«Турбазаның ашылғанына 7 жыл болды. Жыл сайын туристер саны артып отыр. Биыл Германия, Қытай елдерінен саяхатшылар келеді. Көбісі ресейліктер. Демалушылар мен саяхатшылардың шағымы тек біреу – жол машақаты. Бірінің дөңгелегі жарылса, бірінің көлігі жүруге, тіпті жарамай, эвакуатормен алып кетуде. Жолдың жасалып жатқанына 5 жылдан асты. Екі жыл болған дұрыстау жолдың өзін жоқ қылды. Жолдың жасалып бітпеуі біздің бизнеске кері әсерін тигізуде. Біз де демалушылар үшін мүмкіндігінше бар жағдай мен сервисті жақсартуға тырысып жатырмыз. Жарықты генератор арқылы береміз. Ал ауыз суды өзіміз алып келеміз. Балқаш көлінде туризмді дамыту үшін алдымен су, электр жүйесін тартып, жол салу қажет. Бұл менің ғана емес, осындағы демалыс орындары иелерінің жанайқайы деп білсеңіздер», дейді Т.Бунько.

Оның айтуынша, Балқаш көлінің шипалық қасиеті 15 тамыздан қыркүйек айының ортасына дейін артады екен. Орайы келіп тұрғанда, Балқаш көлі – Каспий теңізі мен Арал теңізінен кейінгі ірі көлемді және ағынсыз су қоймасы, әлемдегі ең үлкен тұйық көлдердің бірі екенін айта кету керек. Аумағы 19 мың шаршы шақырымға жетеді. Су тұнық таза және тұздылығы төмен. Сонымен бірге жағасы таяз болғандықтан суға түсуге қауіпсіз көл деп айтуға болады. Бал­қаш көлінің ерекшелігі – оның жіңішке бұғазбен жалғасып жатқан Батыс пен Шығыс бөліктерінің минералдарының екі түрлі болып келетінінде. Батыс бассейні бұрын суы көп болған Іледен толы­ғатындықтан су тұщы болады да, Шығыс бөлігі – ащы. Қазір көлге Іле, Қаратал және Лепсі өзендері құяды.

Табиғи экотуризм – бүгінгі заманның ырғақты дамып жатқан трендтерінің бірі. Әлемдік нарықта экотуризм бағыттарына сұраныс бірнеше жылдан бері қарқынды өсіп келеді. Орталық Азия тұмса қалпы бұзылмай сақталған табиғи нысандарының көптігімен экотуризмді дамытуда үлкен әлеуетке ие. Ресми деректерге сүйенсек, тек бір ғана Қазақстанның өзінде мемлекет қорғауындағы табиғи аумақтардың жалпы ауданы 26 млн гектарды құрайды, бұл экотуризмі жақсы дамыған бірқатар елге қарағанда он есе үлкен.

Қазір Алматы мен Жетісу өңірлерінде қарқын ала бастады. Туристік бағыттар Ұлттық парктерді, Көлсай көлін, Қайыңды көлін, Шарын шатқалын, Іле Алатау ұлттық паркін қамтиды. Сондықтан осы бағыттағы саяхатшылар саны көбейе бастады. Шығыс Қазақстан облысының да әлеуеті арта бастады десек, Қатон-қарағайда да туризм жолға қойылды.

Осы Жолдауда Президентіміз: «Жал­пы, кемінде 15 ірі жобадан тұратын нақты тізім дайындалуға тиіс. Осы салада бұрын болған қателіктерді қайталауға болмайды. Жобаларды тиімді қолдау шараларын және оларды орындау мерзімдерін нақты айқындау керек. Оны іске асыруға шетел инвесторларын және еліміздің бизнес өкілдерін барынша тартқан жөн», деді.

 

АЛМАТЫ