2 қыркүйекте өткен мерекелік іс-шараға ұлттық мәдениетті әлемдік кеңістікте танытып жүрген мәдениет майталмандары мен өнер жұлдыздары қатысты. Мәдени кешке «Қазақконцерттің» солистері мен өнер ұжымы, «astana musical» мемлекеттік театры, «Turan» этно-фольклорлық ансамблі, «Гүлдер» ансамблі, «Астана сазы» фольклорлық ансамблі, «Халық қазынасы» дәстүрлі өнер орталығы, эстрада және классикалық өнер бөлімінің солистері, сондай-ақ Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Құрмаш Махан, Бибігүл Жанұзақ, Салтанат Ахметова, Әлішер Каримов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Рухия Байдүкенова, Азат Малик, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Дидар Әбдухалық және «Қазақконцерттің» барлық шығармашылық ұжымы мен әртістері қатысты.
Ал 3 қыркүйек күні «Turan» этно-фольклорлық ансамблі «Bridge of times» атты жаңа бірегей жоба ұсынды. Кеш бағдарламасында фольклорлық және симфониялық үздік туындылар орындалды. Іс-шарада композитор Ақтоты Райымқұлова, белгілі опера әншісі, «Италия жұлдызы» орденінің кавалері Медет Чотабаев, опера әншісі, Арриго Бойто атындағы консерваторияның магистрі (Италия) Әйгерім Алтынбек, пианист, концертмейстер Дина Мирманова өнер көрсетті.
4 және 5 қыркүйек күндері «Джаз кештері» халықаралық фестивалі өтіп, jam-session-ға «Қазақконцерт» сахнасында үздік джаз топтары сахнаға шықты. Музыкалық кешке қатысқан өнер ұжымы мен солистерінің қатарында Айжан Нұрмағамбетова, Жанна Орынбасарова, Ғазиза Габдрахимова, Гүлнәр Көшенова, Салтанат Меңдіғалиева, «Saz&Soul» вокалды-аспапты ансамблі, Шығыс Қазақстан облысы Мәдениет басқармасының «Ертіс концерт» РМҚК «Big Band», Қарағанды облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің, «Қостанай қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ «Джаз Big Band», Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының «Биг Бенд» джаз-оркестрлері мен солистері, «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі құрамындағы «Жігер» эстрадалық-джаз ансамблі, «Шабыт» шығармашылық ұжымы, «Jam-session trio» триосы, «Gulder Band» ансамблі өнерлерімен бөлісті. Ал кештің басты қонақтары – Өзбекстанның халық әртісі Мансур Ташматов және Өзбекстан мемлекеттік филармониясының солисі (саксофон) Азизбек Исматуллаев болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, джаз фестивалі көрерменге жаңа есімдерді ашуға арналған. «Қазақконцерт» құрылған кезден бастап бірнеше жыл бойы мәдениет пен өнердің ордасына айналды. Еліміздегі ең ірі концерттік ұйым бүгінде көпжылдық дәстүр бойынша республиканың үздік әртістері мен шығармашылық ұжымдарын шоғырландыра отырып, мәдени тарихты лайықты жалғастырып келеді», деді ұйым директоры.
Жаңа маусымның жаңалықтары туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры Ақтоты Райымқұлова баяндады.
«Алдағы маусым керемет оқиғаларға толы болмақ. Жаңа жобалардың жұртшылықтың қызығушылығын тудыратынына сеніміміз мол. Себебі біздің тұрақты көрерменіміз жазғы демалыс аяқталғаннан кейін сүйікті әртістерімен кездесуді асыға күтеді. Айта кетейін, өткен 62-ші концерттік маусымды ойдағыдай аяқтап, мақсатымызға қол жеткіздік. Бұл маусымда шығармашылық ұжымдар мен әртістер үшін гастрольдік сапарлар мен түрлі жобаға және айтарлықтай оқиғаға толы болды. Жыл бойы «Қазақконцерттің» әртістері мен шығармашылық ұжымдары республикалық, халықаралық және әлемдік турне бойынша 379 іс-шараға қатысты. Халықаралық гастрольде 35 концерт, 2 спектакль (АҚШ, Франция, Швейцария, Словения, Бельгия, Аустрия, Хорватия, Мажарстан, Италия, Бразилия, Оңтүстік Корея, Ресей, Германия, Өзбекстан, Қырғызстан) қойды. Ал республика көлемінде 72 концерт, 6 спектакль ұсынды», деді ұйым директоры.
Сондай-ақ ол Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаевтың, Қазақстанның Еңбек Ерлері Айман Мұсаходжаеваның, Роза Рымбаеваның, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Төлеген Мұхамеджанов пен Еркеш Шакеевтің шығармашылықтарына арналған жеке концерттері өткенін атап өтті.
«Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының әртістері мен шығармашылық ұжымдары «Ел бірлігі – Жаңа Қазақстан» жобасы бойынша 2022 жылғы тамыздан бастап, 2023 жылғы тамыз аралығында ел ішіндегі гастрольдік сапарларда 30 000 шақырымнан астам жол жүріп өтті. Гастрольдік іс-шаралармен ел ішінде 65 000 көрермен қамтылды. Осы жоба бойынша 2022 жылы «Қазақконцерт» ұжымы гастрольдік сапармен жаңа облыстар – Абай, Ұлытау, Жетісудың және Шығыс Қазақстан,Түркістан, Жамбыл облыстарының елді мекендерін аралап, өңір тұрғындарына арнайы концерт беріп қайтқан болатын. Ал биыл наурыз-сәуір айларында Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында гастрольдік сапармен болып, халыққа өз өнерлерін паш етті. Сондай-ақ аталған жоба Қостанай облысының бірқатар ауданында Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің кавалері Айжан Нұрмағамбетованың сахнадағы шығармашылығына 45 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Жыл аяғына қарай дәл осы игі істің жалғасы ретінде «Қазақконцерттің» солистері мен өнер ұжымы Қызылорда өңіріне іссапарға шығады», деді А.Райымқұлова.
Иә, өткен маусым жаңадан жасақталған «Гүлдер» ансамблінің Астана, Алматы және Көкшетау қалаларында өткен тұсаукесер концерттерімен де есте қалды. Бишілер Қырғызстан, Өзбекстан елдеріне іссапарға шығып, өнерлерін көрсетіп қайтқан еді.
«Сонымен қатар «Astana musical» мемлекеттік театрының репертуарында «Ент тапсырмаймын», «Достар серті», «Covid» спектакльдері болса, былтыр Балалар жылына орай арнайы балалар үшін «Алдар көсе» мюзиклі енді. «Astana musical» театры Қазақстандағы және Орталық Азиядағы тұңғыш мемлекеттік мюзикл театр болып саналады. Маусым айында театрдың халықаралық фестивальда бірден екі жүлдені жеңіп алуын елорданың мәдени өміріндегі айтулы оқиға деп білеміз. Оңтүстік Кореяның «daegu international musical festival» фестивалінде «Роза Бағланова» мюзиклі «Үздік халықаралық мюзикл», ал театр әртісі Зарина Макина «Үздік әйел бейнесі» аталымымен марапатталды», деді ұйым директоры.
Концерттік ұйымның 2023 жылдың ІІ жартыжылдығының концерттік-гастрольдік жоспарлары да көп екені айтылды.
«Қыркүйек айында Алматы көрермені үшін қала күніне орай «Алматыдағы Алтын күз «Қазақконцертпен» атты концерттік бағдарламамызды ұсынамыз. Іс-шараға қазақ эстрада жұлдыздары Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Алтынбек Қоразбаев, Айжан Нұрмағамбетова, Сүлеймен Ибрагимов, Жеңіс Ысқақова, Жазира мен Жанболат, Жанна Орынбасарова, «Меломен», «Азия» топтары және басқалары қатысады. Биыл екінші рет «alem saz» халықаралық музыкалық фестивалін ұйымдастырғалы отырмыз. Бұл – әлемнің түкпір-түкпірінен түрлі музыкалық бағыттағы бірегей музыканттарды бір сахнада тоғыстыратын ерекше іс-шара. Қыркүйек айының 28-і мен қазан айының 3-і аралығында өтетін фестивальға Түркия, Жапония, Мажарстан, Германия, Ресей мемлекеттерінен қонақтар күтілуде. «Арман асулары» атты ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған республикалық фестивальдың гала-концерті де екінші рет ұйымдастырылғалы отыр. Іс-шара Қазақстанның барлық аймағынан ерекше қажеттілігі бар балалар арасындағы таланттыларды анықтау, шығармашылық қабілеттерін арттыру, дамытуға қажетті жағдай жасау және қолдау көрсету мақсатын көздейді. Астана қаласында өтетін фестивальдың гала-концертіне еліміздің өңірлерінде тыңдалым байқауларында жеңіске жеткен балалар танымал өнер жұлдыздарымен бір сахнада бірге өнер көрсетеді», деп атап өтті.
Ұйым басшысының айтуынша, «Көшпенділер әуені» халықаралық фестивалі де жоспарланған. Фестивальдың мақсаты – түркі халықтарының бірлігін және мәдениетін нығайтуға бағытталған, сондай-ақ ежелгі тамыры бар салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар арқылы біртұтас фольклорлық шығармашылық орта құру. Фестивальға түркі халықтарының танымал музыканттары қатысады. Атап айтатын болсақ, Өзбекстан, Түркия, Якутия, Мажарстан, Қырғызстан елдерінен өнерпаздар келмек. Одан бөлек, жетекші шығармашылық ұжымдар мен солистер Қытай, Түркия, Франция, АҚШ, Сербия елдеріне гастрольдік сапарға аттанбақ.