Айбын • 06 Қыркүйек, 2023

Танкист

262 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бейбіт заманда әскери қызметтің ыстық-суығына төзіп, жауынгерлік міндетін адал орындап жүрсе де, ел көзіне түсе бермейтін кейбір мамандық иелері бар. Солардың бірі – танкистер. Олардың әр күні майданда жүргендей өтеді. Өйткені ел басына күн туғанда алдыңғы шептен көрініп, жаудың бетін бірінші болып қайтаратындар осылар. Сондықтан да олар жауынгерлік дайындыққа баса мән береді.

Танкист

Бүгінде «өскенде танкист болам» дейтін баланы аз кез­дестіретініміз белгілі. Бір жағынан, Құдайдың берген бейбіт заманы «ұшқыш», «танкист» болуды армандайтын балалардың санын барынша азайтса, екінші жағынан танк айдаудан кейбір жас жет­кіншектер үрейленетіні де жасырын емес. Бірақ арамызда танк секілді кез келген күрделі әскери техниканы ұршықша иіре алатын қазақ жастары аз емес екенін дәлелдеп жүрген замандастарымыз жетерлік. Солардың бірі – 3-сыныпты сержант Рустам Молдашев.

Тәртіп пен білімді, шыдам мен төзімді талап ететін әскери саланы таңдаған кейіпкеріміз Қостанай облысының Придо­рож­ное ауылында өмір есігін ашқан. Әскери қызметін 2013 жылы келісімшарт бойынша «Шығыс» өңірлік қол­бас­шы­лығына қарасты Аягөз гар­низонының танк бригадасында көздеуші-оператор болып бас­та­ғанда бұл қызметтің өзі­нің оң жамбасына келетінін бір­ден байқапты. «Мерзімді әс­ке­ри қызметімді аяқтағаннан кейін өз қалауыммен осы сала­ға бір­жола бет бұрдым» дейді ол.

Қазіргі уақытта 10810 әс­ке­ри бөлімінің 1-танк ба­тальо­нында рота сержанты лауазымында қызмет атқарады. Ол өзіне сеніп тапсырылған Т-72 ауыр ұрыс техникасын тиянақты меңгерген. Өз біл­гені мен көкейге түйгенін үйре­­туден жалықпайтын сер­жант қызметтің хас мама­ны болу үшін әрдайым біліміңді арттырып отыру керек деген пікірді ұстанады. «Дегенмен танкист болам дейтін адам­ның жүре­гінен, ең алдымен, отаншылдық сезімі орын алуы керек деп ойлаймын. Екіншіден, болаттай мықты болу қажет» дейді ол.

Еліміздің Қарулы Күште­рінде 10 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан Рустамның әскери қызметтегі жетістіктері аз емес. Атап айтқанда, ол әс­ке­ри­лердің халықаралық ойын­­дары аясындағы «Танк биат­лоны» сайысында Қарулы күштеріміздің қатарында өнер көрсетіп, ел намысын қорғап, 2016, 2017, 2019 және 2021 жылдары командалық есепте жүлделі орындарды иеленді. Бұл жарыстарда ол танкте көздеуші қызметін атқар­ған. Осындай жетістіктерінің ар­қа­сында оның қажырлы ең­бегі бағаланып, Қорға­ныс ми­­нистрінің қолынан ха­лық­­аралық ойындарында көрсеткен шеберлігі мен адал қызметі үшін 2017 жылы «ІІ дәрежелі Ел қорғаны» медалін алды.

Айта кетсек, қазіргі таңда мерзімді әскери қызметке келген жігіттерге Гвардейск гарнизонында танк басқару ма­мандығы оқытылады. «Еліміз­дің армиясында Т-72 ұрыс тан­кілері қолданылады және олар кез келген қауіпке тойтарыс беруге 100% дайын деп айта аламын. Мен қазір Аягөз гарнизонындағы танк бригадасында қызмет атқарамын. Артық айтқандық емес, біз күн сайын өз шеберлігімізді шыңдаймыз. Күнделікті жауын­герлік жоспарға сәй­кес көптеген тәжірибелік жатты­ғуларды жасаймыз» дейді Рустам Молдашев.

Біздің кейіпкеріміз қыз­метте адал дос, сенімді қа­рулас болса, үйінде өнегелі әке. Өмірлік серігі Марина Молдашовамен әскери қыз­метте жүріп танысып, бүгін­де өмірдің ыстық-суы­ғын бірге көріп келеді. Мол­да­шов­тар отбасында Жасұлан, Жасмин және Санжар есімді тәтті балапандар өсіп келеді.

Қызмет жолында түрлі бе­лес­терді өткерген, сабырлы мінезімен өз ортасында бедел­ді Рустамның әріптестері де оның еңбексүйгіш, табанды жан екенін жасырмайды. «Ол өзінің тәртібі және берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындауымен әріптестеріне үлгі. Жауынгерлік даярлық сабақтарында әрқашан жоғары деңгейден көрінеді. Байрақты бәсекелерде еліміздің абыройын асқақтатып жүрген батыр ұлдың бізбен бірге қызмет атқаратынын мақтан етеміз», – дейді 1-танк батальонының командирі, майор Ринат Са­ғын­­дықов.

Біз әңгіме соңында Рустам­ға «Еліміздің өз танкілері қашан шығады?» деген тосын сұрақты қойдық. «Қазіргі таңда бізде танкілерге күр­делі жөндеу жасайтын кә­сіпорындар бар. Ал өз тан­кімізді шығару бо­ла­шақтың еншісінде деген сенімдемін. Себебі танк – құр­лық әскер­лерінің ең жойқын күші» деп жауап берді.

Айтпақшы, 15 қыркүйекте елімізде Танкистер күні аталып өтеді. Мереке қарсаңында өз ісінің майталманына қызметте табысты болуын, артынан өзі секілді танк тізгіндеген батырлар ере беруін тіледік.