Университет базасында ішкі қажеттіліктерді өтеу мақсатында бүгінде әлемнің көптеген университетінде іске асып келе жатқан студенттерге қызмет көрсететін орындардың ашылуы баға жағынан да, уақыт үнемдеу тұрғысынан да тиімді болмақ.
Университет аумағында 1978 жылы жабық спортзал ретінде тұрғызылған екі қабатты ғимарат ұзақ жыл бойы жекеменшікке жалға беріліп, кейіннен қойма ретінде пайдаланылып келген-ді. Білім ордасының инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Қуат Сұлтанғазиевтің айтуынша, тозығы жетіп төбесінен су аққан, есік-терезелері бүлінген, жылу жүйесі істен шыққан бұл ғимарат жаңа басшылықтың тапсырмасымен биыл толық жөндеуден өтті. Сонымен қатар цех ішіне әртүрлі үлгі мен материалды дайындау, өңдеу, формалау және құрастыру үдерістерін үздіксіз жүргізетін шетелдік арнайы станоктар орнатылды.
– Енді университеттің оқу корпустары мен жатақханаларына арналған офистік жиһаздар, есік-терезелер мен парталар, аудиториялардағы дизайндік пластик өрнектер, гүлзар бақтардағы орындықтар, асханалардағы үстелдер, басқа да күнделікті тұтынатын материалдар өзімізде жасалады. Біз осы салада үлкен тәжірибесі бар шебер мамандармен бірлесіп, серіктестік негізде жұмыс істейміз. Бұған қоса тігін цехы күрделі жөндеуден өтіп, жақында іске қосылды. Нәтижесінде, барлық жатақханадағы төсектік орын жабдықтары, матрастар мен жамылғылар, терезе перделері толықтай жаңартылды. Мұның барлығы университетіміздің қазіргі және болашақтағы инфрақұрылымдық дамуына ықпал етеді. Оның бәрі студенттердің игілігіне арналған, – дейді Қ.Сұлтанғазиев.
Қазіргі кезде оқу-зертханалық корпустар мен жатақханалардың айналасы абаттандырылып, «Алтын дән» студенттер асханасы қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар биыл 8 оқу корпусына және 7 студенттік жатақханаға ағымдық және екі жатақхананың шатырына күрделі жөндеу жасалды. Орталық стадион мен ветеринарлық клиникаға қатысты құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Кейінгі он жылда алғаш рет қолға алынған мұндай ауқымды жұмыстар студенттердің сапалы білім алуына, спортпен айналысуына, бос уақыттарын тиімді өткізуімен қатар қосымша жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
АЛМАТЫ