Енді бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін шаһардың солтүстік бағытынан айналма жол құрылысы басталды. Оның ұзындығы – 26 шақырым. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының бөлім басшысы Нұрлан Жантуриннің айтуынша, Жайық өзенінің оң жағалауындағы «Атырау – Орал» республикалық тасжолының 10 шақырымын және сол жағалаудағы «Атырау – Индер» жолының 9 шақырымын қосу үшін көпір салынады.
«Екі күрежолмен қиылысатын екі жолайрығы мен өзен үстінен бір көпір салынады. Филиалдың мамандары жол құрылысына пайдаланылатын топырақ қабатынан сынама алып, ұдайы тексеру жүргізеді. Бұл жол Атырау қаласындағы көлік қозғалысының ағынын төмендетуге, негізгі автокөлік жолдарындағы кептелісті, транзиттік көліктер санын азайтуға мүмкіндік береді», дейді Н.Жантурин.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Самат Айтқалиевтің дерегіне қарағанда, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тапсырысымен екінші категория санатында салынатын айналма жол құрылысының мердігері ретінде «АzVitr» және «Ақжол құрылыс» компаниясы таңдалған. Жол құрылысын 2024 жылдың соңына таман аяқтау көзделген. Жол құрылысының құны 28 млрд теңгені құрайды.
«Қазір солтүстік айналма автожолдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс жүргізілетін 12 шақырым аумақта өсімдіктер қабаты алынып, 101 565 текше метр жолдың негізгі қабаты төселді. Атыраудан Ресейдегі Астрахан өңіріне қатынайтын тасжолдың қиылысында құбыр үлгісіндегі өткелдің құрылысы басталды. Оған 50 қазық қажет. Оның 12-сі қағылды», деп мәлімдеді С.Айтқалиев.
Атырау облысы