Аймақтар • 07 Қыркүйек, 2023

Сиқы қашқан смарт аялдамалар

250 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Талдықорғанға ақылды аялдама қажет пе? Осы бір сауал жетісулықтарды көптен бері мазалап жүр. Биыл Талдықорғандағы аялдама кешендерін күтіп-ұстауға әрі жөндеуге 80 млн теңге бөлінді. Бұған тұрғындар таңғалып отыр. Себебі смарт аялдамалар өз міндетін толықтай атқарып жатқан жоқ. Әрі шағын шаһардың біртүрлі сәнін құртып тұрғандай...

Сиқы қашқан смарт аялдамалар

Әкімдіктің «әнтек» әрекеті

Бұдан бірнеше жыл бұрын қала әкімдігі Талдықорғанды ақылды қала­ға айналдырамыз деп алып-ұшқан. Қа­зіргі сенатор Ғалиасқар Сарыбаев Ал­маты облыстық мәслихат хатшысы болып тұрған тұста жиын сайын «облыс орталығының әрбір тұрғыны – заманауи қаланың адамы атанады», деп баяндайтын. Одан беріде шағын шаһардың басынан не өтпеді?! Ал айтылған әңгіме айтылған жерінде қалды...

Жә, бұл енді басқа тақырып. Бірақ солай дегеннің өзінде жиектасы (бордюр) жылда ауысатын шағын қаланың шырайы күннен-күнге көмескіленіп ба­рады. Орталық жолдардың дені сапасыз, серуендейтін орындар жеткіліксіз, қаланы абаттандыру жұмыстары жөнді жолға қойылмаған, қоқыс көп, ал аялдамалары қирап жатыр...

«Ақылды аялдама» – бұл нағыз ақша шашудың бір амалы. Олай дейтініміз, 2019 жылы орнатылған смарт аялдамалар 3 жыл өтпей жатып қирай бастады. Құны 8 млн теңгеден басталатын кешеннің ма­териалы қаңылтырдан жасалған. Әри­не, Қытайдың өнімі. Жергілікті жұрт Қытайда мұндай аялдамалар 3 есе арзан тұратынын айтады. Бұл былық А.Баталовтың тұсында басталған.

«Ақылды аялдама деп орнатты, ер­теңін­де есігі сынды. Ішіне кірсең мас­кү­немдер ұйықтап жатады. Өзі қала­ның қысы қатты суық емес қой. Астана не Қара­ғанды секілді қатты аяз да болмайды. Әрі бір орнатып, бір алып бере­ке­сін қашырды. Университеттің алдына орнатқан басында, артынан жол жөн­дейміз деп алып тастады. Әкімдік биыл орталық көшелерге заманауи әжетхана орнатқан, ол да осының күйін кешіп тұр. Істемейді. Ал миллиондар шашылып жатыр», дейді қала тұрғыны Әнуар Арманов.

Қараңыз, облыс орталығында смарт аялдамалардан бөлек, стандартты түрде салынған плакатты аялдамалар бар. Олардың құны уағында 2 млн 800 мың теңгені құраған. Қазір олардың көбісінің әйнегі сынып, бояуы оңып тұр. 2019 жылдың есебі бойынша осындай 50 аялдама орнатылған, қала әкімдігі тағы 40-қа жуығын қоятынын айтып уәде еткен-ді. Бұл стандартты аялдамаларда интернет желісі жоқ демесеңіз, шатыры бар, күн мен қардан қорғаныш. Яғни Талдықорғанға осы нұсқа тиімді. Мұны қоғамдық кеңес мүшелері де қолдаған еді.

«Смарт аялдама дегеніңіз күннің суығында болмаса, ыстығында қажет емес дүние. Сосын қуат көзі мен интернет желісі кімге қажет?! 5-10 минут автобус күткен жолаушыға түкке де керек емес. Оның ішінде отырған мектеп оқушылары бейберекет ойын ойнап, сабақтан кешігіп қалғанын естіп те жүрміз. Қалай дегенде де заманауи аялдама – өте қате шешім. Талдықорған шап-шағын қала адам жау­райтындай, үсіп қалатындай суық қала емес, оның үстіне олардың салыну сапасы сын көтермейді», дейді зейнеткер Зәріп Ізтілеу.

Бұл заманауи жылы аялдамаларда Wi-Fi желісі, телефон қуаттағыш және автобустың кестесі орналасқан. Одан бөлек күннің көзінен қуат алатын әмбебап аялдамалар да бар. Оның құны – 11 млн-ның үстінде. Әу басында қала әкімі мердігер компаниямен келіспей, есігі жабық тұрған, артынан ашылды. Қазір қалада жиырмадан аса смарт аялдамалар бар. Оның көбі қаланың шетінде орналасқан.

 

Мердігер мүддесі «менмұндалайды»...

Жалпы, аялдама кешендерінің жалпы саны – 282 бірлік, оның ішінде: 155 бірлік лайтбокстары бар стандартты типтегі аялдамалар, 106 бірлік ескі үлгідегі аялдамалар және 21 бірлік смарт аялдамалар. Біз қала әкімдігінің аялдамалардың жаңғыртуға қыруар қаржы бөлгенін ес­тіп, мән-жайды сұраған едік.

«Мемлекеттік сатып алу веб-порта­лын­да аталған нысан 2 рет жарияланды. Атап айтқанда, 30.01.2023 жылы және 03.05.2023 жылы. Осы конкурс­қа қатысқан мердігер ұйымдар қоры­тынды хаттамаға шағымданып, камерал­дық бақылау жүргізіліп, Жетісу облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит депар­таментінің камералдық бақылау нәти­желері бойынша конкурсқа қатысуға бір әлеуетті өнім беруші жіберілмеуіне байланысты конкурс өтпеді деп танылды. Қазіргі кезде аталған конкурс 10.07.2023 жылы қайта жарияланды. Конкурстың аяқталу мерзімі – шамамен 12.09.2023 жыл», деп ақпарат берді.

Мердігер ұйым анықталысымен жү­зеге асыратын жұмыс түрлері: қоқыс жәшіктерін қолмен тазалау, орындық­тар­ды, терезелерді жуу, бояу, жарық қораптары мен шамдарды ауыстыру, кондиционерді жөндеу және сыртқы бейнекамераны орнату және т.б.

Қалай десек те, әкімдіктің «әнтек» әрекеті әшкере болуда. Неге десеңіз, смарт аялдама халықтың жағдайын ойлап емес, мердігердің мүддесі үшін са­лын­ғаны анық. Бұлай дейтініміз, сол аялдаманың қызығын халық көп көрген жоқ. Ішін үйсіз-күйсіз жүргендер мен араққа сылқия тойғандар паналап жүр. Ал интернет желісі дұрыс істемейді.

Бір смарт аялдаманың құнына сапасы жақсы стандартты аялдама салуға болады. Бұл әрі ұзаққа шыдайды, әрі бюджетті үнемдеп, басқа салаға жұмсауға себеп болады. Тұрғындар мұның бәрі көзбояушылық деп отыр. Мұнда мердігерлердің мүддесі жатқаны көрініп тұр. Себебі жазда мұздатқышы істемейді. Үш жылда қаусап қалған смарт аялдамаларды жылда жөндей бергенше, оның орнына ескі үлгідегі берік әрі материалы сапалы аялдама орнатқан әлдеқайда тиімді. Мұны біз емес, халық айтқан.

 

Заманауи әжетханалар зары

Биыл қалалық әкімдік заманауи әжетхана орнатуды қолға алды. Сол үшін орталық көшелерге қоғамдық дәретхана орнату үшін 30 млн теңгеге жуық қаражат бөлген. Әйтсе де, қыруар ақшаға келген әжетхананың алды бүлініп жатыр.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәліметке сүйенсек, ашық конкурсқа 5 компания қатысып, «Kosem LTD» серік­тестігі жеңімпаз атанған. Яғни 26 млн 656 мың теңгеге 5 әжетхана ор­нату­ды компания өз мойнына алған. Сонда әрбір әжетхана 5 млн 300 мың теңге шамасында деген сөз. Жалпы, дүңгіршекке ұқсайтын су жаңа модульді дәретханалардың артықшылығы көп, 3 бөлмеден тұрады. Іші әжетті өтеуге қажетті дүниемен жарақталған.

Қала тұрғындары «кішкентай қо­ғам­дық дәретхананың қалаға қанша қажеттілігі бар?» деген сауал қояды. Оған себеп орталық көшелерге орнатылған жаңа нысанды бұзақылар бүлдіріп жатыр. Бұған дейін Талдықорғанда смарт аялдамалар орнатылып, артынан сол кездегі облыс басшысы Амандық Баталов бұл әрекетінің қате екенін жеткізген-ді. Ол да миллиондаған қаржыны босқа жерге шашқандай әсерде қалдырған. Сондықтан қала халқының бұл уайымы да орынды.

«Түнгі уақытта есіктерін күштеп сын­дырып кеткен. Камерадан көрдік. Сын­­дырған адамдарды полиция іздеп табатын болады. Кейбір жерде сапа­сының төмендігі, уақытша сынған жер­лері байқалады. Мысалы, унитазды көрдіңіздер. Ол кісілер канализацияны қосқан кезде бәрін шешу керек болды да, сол себепті олар босап тұр. Қосқан кезде халықтың қолданысына жағдай жасап беру үшін біз мердігер мекемені міндеттейміз», дейді жауапты мамандар.

Жалпы, бұл заманауи дәретханалар сән үшін емес, халықтың игілігі үшін салынғаны анық. Қоғамдық дәретхана қоғам қажеттілігінен туындайды. Десе де, осыншама ақша келіп тұрып, көпке шыдамаса, бұл әкімдіктің мойнына міндеттелетін мәселе болуы керек.

«Арбаттағы әжетхана жабық тұр. Мұны елдің игілігіне бермесе неге орнатты? Біз таңда серуендеуге шығамыз, жасымыз 70-тен асты. Ұлы сөзде ұят жоқ, үйге жетіп үлгере алмайсың, сондықтан осындай әжетханаларды маңайлап жүре­міз. Таңертең кемпіріміз екеуіміз қыдырып шығып, айналадан отырар қоғамдық әжетхана таппадық», дейді қала тұрғыны Амангелді Төсбаев.

Қала әкімдігінің мәліметінше, қоғам­дық дәретхананың есігі әрдайым ашық болады, әрі тегін қызмет көрсетіл­мек. Тазалығын бақылауды арнайы ме­ке­ме іске асырады. Ол үшін де тендер жарияланған. Ашық дереккөздегі ақпаратқа қарағанда бұл мақсатқа 4 млн 600 мың теңге шамасында қаржы бө­лін­ген. Яғни конкурстан жеңіп шыққан меке­ме қаладағы 5 әжетхананы бір жыл бойы күтіп-ұстауы шарт.

 

Жетісу облысы