Қазақстан тұрғындары азық-түлік құны бойынша әлемде 104-орынға ие болды және бұл көрсеткіш бойынша әлемдік анти-көшбасшылардың бірі. Жалпы, салыстыру 110 елдің деректерін пайдалана отырып жүргізілген.
Еуропа мен Орталық Азия мемлекеттері арасында ай сайынғы шығындарды ақшалай түрде салыстыру кезінде Қазақстан шамамен тізімнің ортасында болды (41 елдің көрсеткіштері салыстырылды). Ел тұрғындары айына азық-түлік себетіне 213 доллар жұмсайды екен. Бұл – Ұлттық банктің 28 тамыздағы бағамы бойынша 98 мың теңге. Отандастарымыздың азық-түлік өнімдеріне жалпы түбіртегі Ұлыбритания (202 доллар) немесе Испания (190 доллар) тұрғындарының түбіртегінен айтарлықтай көп емес сияқты. Бірақ бұл елдерде 200 доллар азаматтардың отбасылық бюджетінің аз ғана бөлігі. Мысалы, Англияда 202 доллар жалпы тұтыну шығындарының тек 8,7%-ы, Испанияда – 13,1%-ы.
Тұрғындардың халықаралық сарапшылар жариялаған шығындарының көлемі ұлттық статистика қызметі көрсеткен көрсеткіштерден екі есе көп. Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) есептеріне сүйенсек, биыл қаңтар-наурыз айларында тұрғындардың азық-түлікке жұмсаған шығыны бір тоқсанда 134 мың теңге немесе айына 44,7 мың теңге болды. Былтыр алғашқы үш аймен салыстырғанда азаматтар бұған 21,9% көп жұмсай бастады. Өсу бірте-бірте болды, тоқсанына 4%-7%, бірақ соңында айырмашылық айтарлықтай қалыптасқан.
«Ranking» сарапшылары бұған екі фактор әсер етті дейді. Оның бірі – өткен жылдың соңы мен 2023 жылдың басында кейінгі жылдардағы рекорд болған жалпы азық-түлік инфляциясы. Қараша-қаңтар аралығында азық-түлік бағасының жалпы өсімі 24,1%-25,7% деңгейінде болды, ақпанда баға 26,2%-ға жоғарылады.
«Екінші фактор – тұрғындардың табыс өсімінің өнім бағасының шарықтауына жете алмауы. Бұл атаулы және нақты жалақы динамикасының айырмашылығынан анық байқалады. Мәселен, биыл бірінші тоқсанда отандастарымыздың орташа атаулы жалақысы 19,3%-ға өссе, оның сатып алу қабілеті 0,6%-ға төмендеген. Сәуір-маусым айларында нақты жалақы индексі оң болды, бірақ айтарлықтай емес (1,2%), оны біздің тұрғындар сезбеген де болар. ҰСБ дерегінше, азық-түлік себетіне жұмсалған шығындардың үлесі өткен жылдың бірінші тоқсанындағы 50,4%-дан биыл қаңтар-наурызында 51,2%-ға дейін өсті. «Euromonitor International» деректерінен шамалы айырмашылық (тамызда 49,4%) қарастырылып отырған әртүрлі кезеңдермен де, әдістердегі ықтимал айырмашылықтармен де түсіндіріледі», дейді сарапшылар.
Азық-түлік бағасының қымбаттауының орнын толтыру үшін ел тұрғындары басқа санаттардан азырақ сауда жасай бастаған. Мәселен, биыл бірінші тоқсанда азық-түлік емес тауарларға жұмсалған шығындардың үлесі 26,3%-дан 24,4%-ға дейін төмендепті. Адамдар киім-кешек пен аяқкиімге, жиһаз бен тұрмыстық заттарға, жөндеуге арналған материалдарға үнемдеді. Олар алкоголь мен темекіні де аздап сатып ала бастады: бұл шығындардың үлесі бір пайыздық тармаққа азайыпты.
Бір қызығы, қиын-қыстау кезеңде ел азаматтары сырттан тамақтануды азайтқан. Кафе, гриль-бар және пиццерияларға бару шығындарының үлесі тіпті аздап өсіпті (1,7%-дан 2,2%-ға дейін).
Ақшамен есептегенде, «Сыртта тамақ ішу» санатындағы өсім бір жылмен салыстырғанда 57,3% болды. Егер 2022 жылдың басында бір адам орташа есеппен бір тоқсанда фастфуд, кофе және мейрамханадағы кешкі асқа 3,4 мың теңге жұмсаса, биыл қаңтар-наурызда бұл сома 5,3 мың теңгеге дейін өсті. Бұл сан өте аз болып көрінеді. Дегенмен мұның математикалық есептелген қосынды, орташа арифметикалық шама екенін ескеру керек.
Статистиктердің жекелеген тауар санаттары бойынша егжей-тегжейлі ақпараты отандастарымыздың барлық өнімге шығындарды ұлғайтқанын және бұл өсудің орташа алғанда инфляциялық диапазонында болғанын айқын көрсетеді: 20%-27%-ға артық. Бірақ азық-түлік бағасының өсуіне ет және сүт өнімдері, жарма және ұн өнімдері ең үлкен үлес қосты.
Тамыздың қорытындысы бойынша инфляцияның жылдық мәні 13,1% болды. Азық-түлік тауарларының бағасы – 12,4%, азық-түлік емес тауарлар – 13,5%, ақылы қызметтер 13,9%-ға өскен. Bizmedia.kz ақпараты бойынша, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ елдері (ЕАЭО) арасында азық-түлік бағасының өсуі бойынша көшбасшы атанып отыр. Жалпы, ЕАЭО-да жыл басынан бері ақылы қызметтер – 6, азық-түлік тағамдары – 3, азық-түліктік емес тауарлар 2,6%-ға өсім көрсеткен. Тамақтану өнімдері бойынша ең жоғарғы өсім де біздің елде тіркеліп отыр – 5,9%. Бұл көрсеткіш Қырғызстанда – 4,6%, Беларусьте 3,2%-ды құрайды.