Екіжақты әңгіме барысында Қазақстан мен Италия қатынастарының серпінді дамуы талқыланды. Саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық, ғылыми-техникалық және туристік салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективалары егжей-тегжей сөз болды. Сондай-ақ тараптар көпжақты форматтағы өзара іс-қимылды, соның ішінде халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жөнінде пікір алмасты.
«Бүгінгі таңдағы геосаяси және геоэкономикалық тұрақсыздық еліміздің сыртқы саяси стратегиясынан жан-жақтылықты талап етеді. Сондықтан ынтымақтастығымыз бекіген жақын көршілеріміз, стратегиялық әріптестеріміз – Ресей және Қытаймен қоса, Қазақстан әлемнің өзге де ықпалды әрі беделді ойыншыларымен байланысын нығайтуға екпін береді. Осы тұрғыда, Италия халықаралық аренада және Еуроодақтағы біздің аса маңызды стратегиялық әріптесіміз ретінде, Қазақстанның көпвекторлы саясатында ерекше орын алады», деді М.Нұртілеу.
Сыртқы істер министрі Қазақстан мен Италия арасындағы жоғары деңгейде сындарлы саяси диалог пен стратегиялық әріптестік орнағанын ерекше атап өтті. Соның ішінде үкімет және парламентаралық ынтымақтастық та қарқынды дамып келеді.
«Екіжақты шарттық-құқықтық базамыз айтарлықтай ауқымды. Халықаралық ұйымдар аясында өзара қолдау негізінде сенімді іс-әрекеттестік дамып отыр. Жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарымыз да жақын немесе ұқсас. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы шеңберіндегі ықпалдастығымыз соның айқын үлгісі.
Орталық Азияның Еуропамен энергетикалық, логистикалық және технологиялық байланысын дамытудағы Римнің рөлін ескеріп, аталған салалардағы өзара тиімді жобаларды одан әрі ілгерілетуге деген ниетін толық қолдаймыз. Осы ретте «С5+Италия» форматында өтетін министрлік конференциялардың қомақты үлесін атап өткеніміз абзал. Биыл тамыз айында Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасының дипломатиялық қарым-қатынастары жаңа отыз жылдыққа аяқ басты», деді М.Нұртілеу.
Сала басшысы, ең алдымен, сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестікке көңіл бөлінетінін жеткізді. Қазіргі таңда Италия – Қазақстанның Еуропадағы ең ірі сауда серіктесі. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 14,9 млрд долларды құраса, биылғы қаңтар-шілде айларында 9 млрд-қа жетті. Алдағы уақытта осы көрсеткішті тағы 900 млн долларға арттыруға мүмкіндік бар.
«Энергетика, табиғи ресурстарды барлау және өндіру, құрылыс, инфрақұрылым, көлік, байланыс, ауыл шаруашылығы, ғылыми-техникалық қызмет және кадр дайындау салаларындағы ынтымақтастығымыздың болашағы зор. Италия – инвестиция көлемі бойынша да еліміздің негізгі серіктестерінің қатарында. Қазақстанға 2005 жылдан бері құйылған инвестиция 7 млрд доллардан асты.
Қазіргі таңда елімізде 270-ке жуық италиялық компания жұмыс істейді. Жалпы көлемі 474 млн долларды қамтитын әртүрлі салада 21 индустриалды жоба карастырылып жатыр. Атап айтқанда, 90-жылдардан бастап «Eni» компаниясымен ірі мұнай-газ жобаларын жүзеге асыру жұмыстарында өзара тиімді әріптестік орнатылған. Қазіргі таңда «Eni» күн қуаты негізіндегі, ал «Arm Wind» жел электр стансаларын салу бойынша перспективті «жасыл энергетика» аясындағы қомақты жобалар әзірлену үстінде», деді М.Нұртілеу.
Бұдан бөлек, Жоғары технологиялық және өңдеу салаларында «Petrovalves» және «Deutz-Fahr» компанияларымен бірлескен жобалардан да мол үміт күтіліп отыр. 2022 жылғы маусымнан бастап Милан – Алматы – Милан бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейсін жүзеге асырып жүрген «NEOS» әуе компаниясы өзара байланысты өрістетуге өзіндік үлес қосып келеді.
«Елімізде мықты өнеркәсіптік базаны қалыптастыру бағыттарындағы жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлерді құру жоспарларына ерекше назар аудардым. Осы ретте жан-жақты серіктестікті бекіте түсуге мүдделі екенімізді растап, Италия тарапын экономикамыздың басым салаларына инвестиция салуға шақырамыз.
Сонымен қатар Антонио Таяни мырзамен екіжақтық ықпалдастық тетіктерін, оның ішінде үкіметаралық жұмыс тобының мүмкіндіктерін белсенді пайдалану және Қазақстан – Италия Іскер кеңесін құрудың маңыздылығына бөлек тоқталдық. Мәдени-гуманитарлық, ғылыми-техникалық және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша өзара шараларды қолдау жөнінде ортақ пікірге келдік», деді М.Нұртілеу.
Министрдің айтуынша, Орталық Азиядағы алғашқы Италия мәдениет институтының Алматы қаласында ашылуы білім және жалпы гуманитарлық байланыстарымызды одан әрі нығайтуға өз ықпалын тигізбек. Сондай-ақ келіссөздердің тағы бір өзекті тақырыбы екіжақты шарт-құқықтық базаны, консулдық мәселелер бойынша тығыз жұмысты ілгерілетуге арналған. СІМ басшысы Еуроодақпен ынтымақтастық шеңберінде Қазақстан азаматтары үшін визалық режімді оңтайландыру мәселесі бойынша италиялық тараптың қолдауына үміт артатынын жеткізді.
Өз кезегінде А.Таяни Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қуатты экономика мен гүлденген қоғам құруға бағытталған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халқына Жолдауында айтылған бастамаларына және де саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларға қолдау білдірді. Сондай-ақ жаңа перспективалы бағыттардың бар екеніне назар аудара отырып, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейін атап өтті.
«Екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастық өте маңызды. Италияда білім алатын қазақстандық жастарды көбірек көргіміз келеді. Сондай-ақ студенттеріміздің де Қазақстанға келіп білім алғанын қалаймыз. Бірнеше аптадан кейін Алматыда Италияның мәдениет институтын ашамыз. Бұл аймақтағы алғашқы мәдени ошақ болмақ. Бұл – мәдени дипломатияны дамытуға ниетіміздің дәлелі. Италия үшін Қазақстан стратегиялық серіктес, сондықтан біз одан әрі байланыста болып, бірге жұмыс істейміз», деді Италия А.Таяни.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар достық пен өзара тиімді ынтымақтастыққа бағытталған 2009 жылғы тиісті Шарт негізіндегі қазақ-италия стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға бейілділігін растады. Экономиканың басым секторларындағы және мәдени-гуманитарлық өлшемдегі өзара іс-қимылға негізделген бірлескен мәлімдемеге қол қойды.