05 Маусым, 2010

БАСШЫСЫНА ТАҚ ТҰРАТЫН ЕЛ – БАСЫНА БАҚ ТҰРАТЫН ЕЛ

540 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Елбасы мен Ел Басының айырмасы бар Парламент өз сөзін айтты. Біз сол күні нөмірге шұғыл мақала жа­зып, пікір қостық. “Кеше Пар­ла­мент қабылдаған шешім, юрис­пру­ден­ция тілімен айтсақ, де-факто жағ­дайды де-юре жағдайына ауыс­тыру ғана, айдан анық нәрсені заң жүзінде айғақтау ғана. Ол мәртебе Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзіне керек емес, ол мәртебе бізге керек, біздің елдігімізге, біздің болашағымызға керек. “Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол” деген Абай атамыз. Асылды тану да, азаматты ардақтау да қай заманда болсын елдің өзіне қойылатын сын”, дедік (ЕҚ, 2010, 14 мамыр). Арада жиырма күн өтті. Кез келген заңның тағдыры бір айдың ішінде шешілуі керек. Бір айға жеткізбей, алдыңғы күні Президент өз сөзін айтты. Ел азаматтарына, ел Парламентіне, елдің билік ба­сын­дағы партиясы – “Нұр Отанның” Саяси бюросына арнауында: “Мен күрделі кезеңде елдің көшін бастау құрметіне ие болдым. Сонда сіздер­дің нақты қолдауларыңызды, ынта-жігерлеріңізді, қажыр-қайрат­та­ры­ңызды әрдайым айқын сезіндім. Бұл – орасан бақыт. Бұдан өзге маған ештеңе қажет емес. Бойдағы қуат, білік пен тәжірибе мүмкіндік берсе, мен халқым жүктеген қастерлі мін­детті орындау мақсатында әлі де қажымай еңбек ете беремін”, деді, “Мен әрқашан түрлі мақтау мен мадақтан биік тұруға тырысамын және осы ұстанымымда қала бе­ремін”, дей келіп, сөзін: “Жоғарыда аталған жағдайларға байланысты, құрметті Сенат және Мәжіліс де­путаттары, маған жіберілген заң­дарға қол қоюдан бас тарту жө­нін­дегі ұстанымымды дұрыс түсіну­леріңізді өтінемін”, деп түйіндеді. Дұрыс. Енді бәрі орын-орнына келді. Расында да, Елбасы мен Ел Басының арасында айырма бар еді.  Парламенттің қос палатасы бұл ұстанымға байланысты кеше өз байламдарын жасады. Біз кеше күні бойы ел өңірлеріне сауал салып, та­ны­мал тұлғаларға хабарласып, Пре­зи­дент шешіміне байланысты пікір­лерді шұғыл жинақтадық. Олар осы нө­мірде жарияланып та отыр. Қа­зақстан халқы өз Көшбасшысының бұл ұстанымын ұлық болған сайын кішік болатын кісіліктің келісті көрінісі ретінде ғана емес, өрке­ниет­ті де демократиялық мемле­кет­тің, Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төраға­лық етуші елдің басшысына лайық­ты шешім деп бағалап отыр. Тек бір тілегімізді жеткізгіміз келеді. Елбасымыз өзі жайындағы ел сөзінің бәрін “түрлі мақтау мен мадақ” деп қарамаса екен, өзі жайында жақсы айтқанның бәрін жағынғандай көрмесе екен дейміз. Тіпті Елбасыны мақтағанда да оның өзі Елің үшін мақтану екенін ескерсе екен дейміз. Елбасы – елдік­тің бір символы.  Оның үстіне “Жақ­сының жақсылығын айт, нұры тасысын” дейтін халықпыз, бірін бірі батыр дейтін өсер елдің баласымыз. Біз осындай ойларымызды бұл күндерде баспадан жарық көргелі жатқан ұжымдық жинағымыздың алғысөзінде айтқан да едік. Сондағы “мүмкін” дегеніміз дәл келіпті. Еліміздегі демократияның дамуында айтулы белес болған орасан мәнді осы оқиғаның тұсында сол алғысөзді кітапқа басылған күйінде оқырман назарына ұсынуды артық көрмедік. Алғысөз кітапта “Елбасы және “Егемен Қазақстан” деп аталады. “Социалистік Қазақстанның” табалдырығынан жаңа аттаған, жасымыз жиырма беске де жет­пе­ген кезіміз. Қанша жерден жан­та­лас дегенмен редакция жұмысының да ара-арасында араласып-құра­ласуға мүмкіндік беретін кездері болады. Сондайда секретариатты жағалаймыз. Ағалардың әңгімесін тыңдаймыз. Қозғалмайтын тақы­рып жоқ. Лауазымды адамдардың бәрінен мақалалардың орысша келетіні, кабинет атаулыдан ести­тінің тек орысша сөз екендігі ай­тылды бір күні. Қазақ газетіне қы­рын қарайтын біраз хатшының құ­ла­ғы шуылдатылды. “Олар тіпті қа­зақша амандасуды қойып барады”, деп қалды біреу. “Бәрі бірдей емес қой, адамына байланысты ғой” деген де пікір қосылып жатыр. – Оның рас, ана жылы Қара­ғандыдағы секретарь жігіттің қазақша жосылтқанын айтсаңшы, айызымызды қандырып еді-ау, – деді бір ағамыз. Сол-ақ екен, басқалар іліп ала жөнелді. – Қазақы әзілі қандай, шір­кін­нің, – деп жатыр бір ағамыз. – Әзілін айтасың, домбырамен ән салғанын айтсайшы, – дейді бір ағамыз. – Ән салғанын айтасың, өзінің әнін орындағанын айтсаңшы, – деп тағы бір ағамыз қосып қояды. Одан кейін журналистер хатшының кең толғап, әріден ойлайтыны, қа­ғазға қарамай сөйлейтіні, қаншама цифрларды жатқа айтып, кез кел­ген сұраққа қысылмай жауап бе­ре­тіні жөнінде жарыса жалғастырып жатты. Әңгіме Теміртау қалалық пар­тия комитетінің екінші хатшысы туралы екен. Отыздан жаңа асқан жігіт көрінеді. 1973 жылы сол хат­шының ұсынысымен “Социалистік Қазақстанның” облыстардағы мен­шік­ті тілшілерінің көшпелі жина­лы­сы Теміртауда өтіпті, оған ре­дакциядан да біраз адам барыпты. Сонда кеше ғана металлургтер ор­та­сынан шыққан жас хатшы ойы­ның нәрімен де, сөзінің әрімен де журналистерді тәнті етіп, қайран қалдырыпты. Уахап Қыдырханов ағамыз хатшының өзі шығарып, өзі орындаған “Шұбарат” деген әнінің сөзін де жазып алыпты. Ұмыт­па­сам, есінде қалған бір шумағын сол арада айтып та жіберді-ау деймін. Жас хатшының жарқылдаған міне­зіне сүйсінген арқалы ақын, газет­тің Көкшетау облысы бойынша тілшісі Еркеш Ибраһимнің көзі жасаурап тұрып: “Алда, қарағым-ай, сені дүниеге әкелген ата-анаңа рахмет. Мен білсем, түбі үлкен адам боларсың”, дегені еске алын­ды. Сол кездегі бас редактор Ұзақ Бағаев жамбылдық тілші, ақын Жақсылық Сәтібековке: “Көресің, мына жігіт әлі ел басқарады, біз на­сихаттауымыз керек” деп қадап, тап­сырыс беріп тұрып, баллада жаз­дыртқаны айтылды. Осы алғы­сөзді қағазға түсірерде сол баллада басылған 1973 жылғы 1 мамырдың мерекелік нөмірін тауып, қарап шықтық. Онда “Жаралса да салқын лептен, Кеудесіне жалқын бөккен, Тағдыр бүгін сырласады, Нұрсұл­танмен, Алтынбекпен” деп келетін шумақтар бар екен. Алтынбек Дә­рі­баевтың Қазақстан Магниткасы­ның атақты металлургі екенін біраз адам білуге тиіс. Елбасымыздың есімін алғаш рет солай естіп едік. Артынша Нұрсұл­тан Назарбаев Қарағанды облыс­тық партия комитетінің екінші хат­шысы қызметіне көтерілді. Ағала­рымыз шу ете қалды. “Айтып едік қой” деп. Көп өтпей Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшылығына жоғарылады. Ағала­ры­мыз ду ете қалды. “Біліп едік қой” деп. Біраз жылдан кейін рес­публика Үкіметінің тізгінін ұстады. Тағы біраз жылдан кейін рес­публика Компартиясының бас­шы­сы қызметіне кірісті. Тағы бірер жылдан кейін Қазақстан Прези­денті болып сайланды. Осы оқиға­лардың бәр-бәрінің тұсында редак­циямызда “Аузы дуалы газетпіз ғой, алдымен бас басылым бата берген ғой” деген әңгіме мақ­танышпен айтылып жүрді. Содан бергі жиырма жылға жуық уақыттың ішінде біздің газет­тің тұрақты тақырыптарының бірі Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың өмірі мен қызметі болып, Елбасымыздың өнеге өрнектері, тағдыр тағылымы, қажыр-қайраты, білім-білігі, парасат-пайымы жүйелі түрде әңгіме арқауына айналып келеді. Басылым басшыларының қай-қайсысы да Елбасымен бір­неше рет сұхбат жасады. Президент қызметінің сан түрлі қырларына арналған қыруар мақалалар, пор­треттік дүниелер жазылды. Азама­тымыздың алтын басын ардақтап, жырға қосқан ақындарымыздың өлеңдері, поэмалар да жария­лан­ды. “Егемен Қазақстан” газетінің бетіндегі осындай сұхбаттар мен мақалалардың еліміздегі пре­зиденттік билік жүйесінің өзіндік сипатын тануға, Елбасымыздың елім деп, жерім деп жанын жеп, аттан түспей жүрген аса ауыр, аса жауапты еңбегінің бағасын біл­гізуге, мемлекетіміздің осы жылдар ішінде жүріп өткен қадір-қасиетін көрсетуге, сөйтіп елдігімізді еңсе­лентуге, біздің өз күшімізге, өз бо­лашағымызға сенімімізді арттыруға, қиындықтарды еңсеруге, жарқын жетістіктерге жетуімізге септескені сөзсіз. “Егемен Қазақстанның” қашанда алдымен жақсыны көре­тін, әрбір игі нышанға қуанатын дархан көңілі, бәрінен бұрын ел­діктің мүддесін көздейтін мем­ле­кетшіл мінезі, сынағанда да сы­пайы сөйлеуге тырысатын сараб­далдығы Президентке де көмек­тескені күмәнсіз деп білеміз. Елбасымыздың біздің басылымды қандайлық қадірлейтінін газеттің 85 жылдығына орай жолдаған құт­тықтауында “Егемен Қазақстанды” “Отанымыздың бас газеті” деп атағанынан да көруге болады. Осы жылдар ішінде Президент “Егемен Қазақстанды” ерекше назарда ұстады, екі рет ұжымды өз кабинетінде қабылдады, кезінде басылым басшысын министр қызметіне де жоғарылатты, газеттің 90 жылдығында редакцияға арнайы келіп, ардагерлерді, шығармашы­лық ұжымды мерейлі мерекемен құттықтады, жаңа ғимаратымыздың салтанатты жағдайда ашылуына орай бір топ бұқаралық ақпарат құ­ралдары басшыларымен сұхбаттас­ты. Ал Елбасымыздың редакцияны елордаға көшкелі бері сонау 1954 жылы, тың игеру жанталасында са­лынған екі қабатты ескі үйде он жылдай тұрған жерінен тікелей өзі­нің тапсыруымен қомақты қаржы бөлдіртіп, айналасы бір жылдың ішінде сегіз қабатты сәулетті ғи­ма­ратқа шығарып берген жақсылы­ғына разылығымыз тіпті бөлекше. Елбасытану – елтанымның енші бөлінбес бөлігі. Президент институтының тарихы – Тәуелсіз­дік шежіресінің ең жарқын беті. Солай болғандықтан да біз Елба­сымыз өміріндегі биік белестің алдында Президент жайындағы газет жарияланымдарынан арнаулы жинақ құрастыруды орынды көр­дік. Осыншама мол көлеміне қара­мас­тан, мұндағы дүниелер Елбасы­мыз туралы “Егеменде” шыққан мақалалардың жарым-жартысын ғана қамтитынын ескертіп, осы та­қырыптағы мақалалары кітапқа ен­бей қалған авторларымыздың та­лайы­нан алдын-ала ғафу өтінуге мәжбүрміз. Нұрсұлтан Назарбаевтың ха­лық­тың бағына туған перзент екендігі ендігі жерде ешқандай талас тудырмайды. Нұрсұлтан На­зарбаев, шын мәнінде, мүмкін емес дерліктей істерді жүзеге асыра алған, тарихта талай есесі кеткен туған елінің, арғы ғасырлардағы бодандықты қозғап, боздамағанның өзінде, осыдан небәрі ширек ғасыр ғана уақыт бұрын басқаруға Мәскеу көлденең көк аттыны жібере сала­тын елінің етектегі басын төрге шы­ғарып берген адам. Тағы да айтамыз: Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзат тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлғалар тобынан та­былатыны қазірдің өзінде айдай әлемге айқын – жиырма жылға да жет­пейтін уақыт ішінде қиранды­дан, құландыдан мемлекет құру, қоғамды бір формациядан екінші формацияға ауыстыру, өтпелі ке­зең­дегі қиыншылықтардан есең­гірей жаздаған халықты тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып өту, елдің еңсесін көтеру, аяғынан тік тұрғызу, көп тілді, көп дінді елдің жұртын бір үйдің баласындай ұйытып ұстау, алыс та, жақын да, Батыс та, Шығыс та мойындайтын, санасатын, құрметтейтін елге ай­нал­дыру, сан түрлі себептерге бай­ланысты бірнеше ғасыр бойында дүниежүзілік өркениеттен шеттеті­ліп қалған елді жер-жаһанға таны­ту, тіпті ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет азиялық мемлекет, тұңғыш рет ТМД мемлекеті, тұңғыш рет хал­қының негізгі бөлігі мұсылман дінін ұстанатын мемлекет, тұңғыш рет түркі тілдес ұлт ұйыстырып отыр­ған мемлекет Еуропаға төбе би болатындай жағдайға жеткізу, әлемді жайлаған дағдарыстан қай­та-қайта алып шығу тек шынайы реформатордың, ұлттың ұлы перзентінің ғана қолынан келеді. Сондықтан да халқымыз елі сүйген, елін сүйген перзентін, тұңғыш Президентін Елбасы деп ардақтап отыр. Елбасы мен Ел Басының ара­сында айырма бар. Тіпті Парламент бірауыздан шешіп беріп тұрғанда да Ел Басы атанудан Президенттің өзі бас тартуы мүмкін. Ол арасын біз біле алмаймыз. Біздің білетініміз – “Елбасы” сөзін “Президент” сөзінің қазақы баламасындай ғана қарау ұғымның мағынасын тарылтатыны. Ел басшысының бәрін Елбасы деуге болмайды. Елбасы – елдің басы. Елдіктің басы. Елдің, елдіктің басында, бастауында тұрған адам. Ел болуды бастап берген, елді орнатып берген адам. Елбасы – Мемлекетқұрушы. Біздің кітабымыз да “Елбасы” деп аталады. Бұл жинақ мерейтойға тарту әзірлеу мақсатымен дайындал­ма­ған. Бұл жинақ басымыздағы бағымызды бағалауға шақыру үшін, қолдағы қазынамыздың қадіріне же­туге үндеу үшін дайындалған. Президент туралы сөз Елбасының өзінен бұрын елдің өзіне көбірек керек. Келешегіміз үшін керек. Қадым заманнан қағанын қадірлеп, ханын қасиет тұтқан елдің бола­шақта да биліктің бағасын білу, халықтың өзі сайлап, екі тізгін, бір шылбырды қолға берген адамын қалтқысыз құрметтеу, ел басшы­сына тақ тұру дәстүрі орныға түсуі үшін керек. Басшысына тақ тұратын ел – басына бақ тұратын ел. Сауытбек АБДРАХМАНОВ.