Ауыл тұрғындары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күні кешегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауына ерекше қолдау көрсетіп отыр. Өйткені Президент агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасау қажеттігін айтты. Алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуді міндеттеді. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру жолын да атап көрсетті, яғни салық саясатын қайта қарау қажет.
Осы орайда Түркістан облысында егістікті әртараптандырудың нәтижесінде 3 млн тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналғанын айта кетелік. Жыл соңына дейін өнім көлемін арттыру көзделіп отыр. Облыста өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісі, тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі зор. Мақтаарал ауданында мақта талшығын өңдейтін зауытының құрылыс жұмыстары басталды. Алдағы уақытта зауытта 50 жергілікті тұрғын үшін жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 360 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Елімізде салынған жылыжайлардың 71 пайызы облысқа тиесілі. Оның жалпы көлемі 1 мың 577 гектарға жетіп, 117 мың тонна өнім өндірілді. Осы жұмыстарды және өндірілген өнімдерді терең өңдеу бағытын жандандыра түсу маңызды. Мемлекет басшысы Жолдауында «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінгенін атап өтті. Жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмай, жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажеттігін айтты. Иә, «Ауыл аманаты» жобасы Түркістан облысында өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсете бастады. Ауыл тұрғындары өз кәсібін ашып және дамытуды қолға алған. Тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, табысын молайтуға негізделген «Ауыл аманаты» жобасы аясында облыста 3 220 жоба қаржыландырылады, 3500-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Бағдарлама аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсетіп, оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған.
Сондай-ақ шаруалардың ертеңге сенімін нығайтып отырған – ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдаланудың маңыздылығы. Президент суды үнемдейтін технология өте баяу енгізіліп жатқанын айтты. «Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет», деді Мемлекет басшысы. Иә, су тапшылығы мәселесі толық шешілмеген түркістандық диқандар үшін Президенттің ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту жөніндегі тапсырмасының орындалуы маңызды. Мысалы, мақталы аудандарда ағын су мәселесі өзекті. Бұл орайда каналдардың су өткізу мүмкіндігін арттыру үшін 193 млн теңге қаралып, ұзындығы 306 шақырымды құрайтын 6 канал күрделі жөндеуден өткізілмек. Бұл бір ғана мысал, жалпы суды үнемдеуге әрбір азаматтың жауапкершілікпен қарауы бүгінде аса маңызды.
Президент Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеру қажеттігін айтқан болатын. Бұл ойын кешегі Жолдауда нақты бастамалармен айқындап берді. Яғни таланттарды тартатын шығармашылық индустрияның орталықтары әрбір облыс орталығында, әрбір ірі қалада болуға тиіс. Сондай-ақ Президент Жолдауында Үкіметке қазіргі демографиялық ахуалды еліміздің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалануды міндеттеді. Бұл орайда демографиялық өсімі жоғары өңірде жастарды жұмыспен қамту, өз әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік жасау маңызды. Түркістан облысында биылдың ІІ тоқсан қорытындысы бойынша 15-35 жасқа дейінгі жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3%-ды (12 186 жас) құрап отыр. Биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасын» жүзеге асыруға 84,0 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланса, оның 33 252-і (46,1%) жастар. Облыс көлемінде мемлекеттік бағдарламалар, соның ішінде «Жастар практикасы» арқылы 3 167 жас, «Қоғамдық жұмысқа» –
5 893, «Әлеуметтік жұмыс орны» негізінде – 1 668, «Алғашқы жұмыс орны» арқылы 1 199 жас жұмыспен қамтылып отыр. Елдің ертеңіне қатысты нақты бастамалар көтерілген, маңызды міндеттер қойылған Жолдауды өңір жұртшылығы қолдаумен қатар жүзеге асырылуына қомақты үлес қосатынына сенімдіміз.
Байділда ЖЫЛҚЫШИЕВ,
Түркістан облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы,
Ұлттық құрылтай мүшесі