Парламент • 06 Қыркүйек, 2023

Кедендік бақылауды жетілдіретін құжат

164 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кедендік мәселеге қатысты келісім ратифика­цияланды. Сондай-ақ бірқатар заң жобасы жұмысқа алынды.

Кедендік бақылауды жетілдіретін құжат

Атап айтқанда, жалпы отырыс­та «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республи­касының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Өзбекстан кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желі­лері бойынша энергия ресурстарын өткізу кезіндегі бірлескен кедендік бақылау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.

Құжат жөнінде Премьер-ми­нистрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баян­дама жасады. Оның айтуынша, келісім аясында Қазақ­стан-Өзбекстан кедендік шекарасы арқылы құбыржол көлігімен және электр беру желілері арқылы өткізілетін энергия ресурстарына бірлескен кедендік бақылау ұйымдастырылады.

Екі ел тәжірибемен және кеден саласындағы ұлттық заңнаманы бұзу фактілері туралы ақпарат­пен алмаса алады. Хаттамада тараптардың кеден органдары балансында тұрған есепке алу тораптары көрсеткіштерін ай са­йын алуды, сондай-ақ есепке алу аспаптарына салынған кедендік сәйкестендіру құралдарының тұтастығын, сәйкестендіру құрал­дарын жоюды және салуды тексеру көзделген.

«Келісімде энергия ресурс­тарын кедендік декларациялау және кедендік бақылау мәсе­ле­леріндегі тәжірибесі туралы, мемлекеттердің кеден істер саласындағы ұлттық заңнамасы талаптарын бұзу деректері жайында ақпарат алмасу қарастырылған», деді Е.Жамаубаев.

Мәжіліс комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында Салық кодексі мен Салық кодексін қолданысқа енгізу, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс­ке түзетулер, жолаушыларды автомобильмен тасымалдау сала­сындағы кейбір мемлекеттік функ­цияларды өзін-өзі реттеу­ге беруге қатысты өзгерістер, сон­дай-ақ бірқатар халықаралық құжат бар.

Сондай-ақ Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хатта­ма­ға, Қазақстан мен Қатар үкімет­тері арасындағы инвестициялар­ды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімге, 2000 жылдың 7 шілдесіндегі Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы Азаматтардың өзара сапарлары­ның шарттары туралы хаттамаға қатысты бес ратификациялық заң жобасы жұмысқа алынды.

Бұдан кейін депутаттар тиісті мемлекеттік органдар бас­шы­ларына елдегі ахуалға қатыс­ты бірқатар сауалын жолдады. Премьер-министр Әлихан Смайыловқа қойған сұрағында «Amanat» фракциясының же­тек­­шісі Елнұр Бейсенбаев те­мір­жол көлігінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді.

«Жаз келсе болды, қоғамда теміржол жолаушылары тасымалына қатысты шағым да көбейеді. Жылда қайталанатын жағдай. Теміржол жолаушылар тасымалы сапасының төмендігі сын көтермейді. Себебі жолаушылар құрамының көп бөлігі – кеңес заманының мұрасы. Жыл са­йын біз вагондар паркін жаңарту мәселесін көтеріп келеміз. Көп­теген уәде бар, бірақ іс жүзін­де жоспарланған қарқындар сақталмайды.

Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта жылжымалы теміржол құрамының паркі 138 мың бірлікті құрайды, орташа тозуы 55 пайыз. Министрлік 2025-2030 жылдар аралығында вагондар паркін жаңартуды жос­парлап отыр. Осы орайда, ескере кететін жайт «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 1997 жылы құрылды. Яғни 26 жыл күткеніміз аздай, енді тағы да 7 жыл күтуіміз керек. Күткен үмі­ті­міз ақталатынына, вагондар паркін жаңарту жұмысы тиімді болатынына сеніміміз аз. 2030 жылы қалған вагондар ескіріп, теміржол құрамы паркінің тозуы 55 пайыздан да асып кетпейтініне кім кепіл?», деді Е.Бейсенбаев.

Депутат вагондардың әб­ден тозғанын, одан қала берді жазда билет табылмайтынына наразылық білдірді. Бұл аз десеңіз, жол жүру ақысы да қымбат. Е.Бейсенбаевтың айтуынша, тапшы маршруттарға билеттерді сатып алу кезінде тек жоғарғы орындар қолжетімді. Бұл жыл сайынғы теміржол билеттер құнын субсидиялауға қомақты қаражаттар бөлінуіне қарамастан орын алып отыр.

«Қымбат бағасына сапасы сай келмейтін пойыздар жиі кешігеді. Соңғы кездері сапардағы азаматтарымыз үшін пойыздардың 1-2 сағат кешігуі үйреншікті жайт болып қалды. Бұл уақытты жоғалтуға ғана емес, кейде қаржылай шығындарға әкеледі, өйткені трансфермен келе жатқан жолаушылар келесі пойызға кешігіп қалады. Бірақ бұл үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға ешкім асықпайды», деді Е.Бейсенбаев.

Депутат Гүлдара Нұрымова Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға оңтүстік өңірлердегі су тапшылығына байланысты туындаған төтенше жағдай туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша, биыл оңтүстік өңірлердегі шаруа қожалықтары үшін қиын болып отыр. Соның ішінде, Жамбыл облысының 6 ауданында төтенше жағдай жарияланды.

«Осыған дейін облыста қол­­­д­а­ныстағы суармалы жер­лер­­ді ағын сумен қамтуды жақ­сар­­ту мақсатында 2019 жылдан бас­тап Халықаралық қаржы инс­титуттарының несиесі есебінен жалпы құны 40,0 млрд теңгені құрайтын 2 жоба жүзеге асырыла бастаған. Аталған жобалардың әкімшісі Су ресурстары комитеті­нің «Қазсушар» кәсіпорны. Айта кету керек, аталған 2 жоба 2021 жылы бітіп, жалпы 114 мың гектар алқапты сумен қамтуы керек еді.

Алайда жобалау-смета­лық құжаттаманың сапасыз әзір­ленуіне, жосықсыз мердігер­лердің жұмысына және «Қазсу­шар» кәсіпорны тарапынан бақылаудың әлсіздігіне байланысты жобалардың аяқталуы ағымдағы жылдың желтоқса­нына ауыстырылған. Жұмыс­тың уақ­тылы аяқталатыны үлкен күмән туғызады. Оған қоса, атқарылған жұмыстардың сапасы сын көтермейді. Бүгінгі таңда жобалар аясында жоспардағы 54 мың гектардың тек 34 мың алқабы ғана ағын сумен қамтылған», деді Г.Нұрымова.

Депутат жауаптылардың салғырттығы салдарынан 20 мың гектарға жуық жерді иеленіп отырған шаруалар шығынға бат­қанын атап өтті. Олардың шығындарын өтеу бойынша Үкі­меттен бөлінетін қаржы әр зардап шеккен шаруаға әділ түрде жетуі керек. Г.Нұрымова шаруа­ларды сумен қамтуға қатысты сырттан алынған қарыздарды қалай және кім өтейтініне, бұған нақты кім жауапты екенін сұрады.

Депутат Дәулет Мұқаев Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында жастарға 5 жыл мерзімге берілетін пәтерді жалға алуға қатысты мәселе көтер­ді. Депутаттың айтуынша, Жастар жылында жастар қуана қабыл алған, жұмысшы жас­тарға беріл­ген жалдамалы пәтер­лер бүгінде жастардың басты мәсе­лесіне айналып отыр.

«Астана, Алматы, Шымкент қалаларында 2019 жылдан бері жалдамалы пәтерге орнық­қан жастардың саны 10 000-ға жуықтады. Бұл аудан халқымен парапар екенін ескерсек, назар аударарлық мәселе. Иә, бұл жастарға өз баспанасын алуға қаржы жинау мақсатында берілген үлкен мүмкіндік еді. Әйтсе де, Үкімет бұл бағдарламаны қабылдағанда өзге де факторларды ескеруді назардан тыс қалдырған сыңайлы. 2019 жылы баспана алған жастардың баспананы босатуына да 1 жылдан аз уақыт қалды. Бүгінде мега­полистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары.

2019 жылы баспана алған жастар әлемдік пандемиямен қатар келіп, 42 500 теңгеге қарап қалғанын ескерсек ақша жинау мүмкіндігі болмады. Бағдарлама ең алғашында 5 жылға берілсе, кейінгі жылдары 3 жылға тағы қысқарды. Бүгінгі таңда елі­міз­де инфляция деңгейі де шарық­тап, үй бағасы жылдан-жыл­ға өсті. Шындыққа тура қарасақ, бас­панаға қаржы жинау­дан, қым­батшылық қыспаққа алып күн­көріс мәселесі алдыңғы орын­ға шықты», деді Д.Мұқаев.

Екіншіден, жастар саясаты туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін өсті. Сәйкесінше үй алған жастар бүгін де жастар санатынан шықпады. Депутат осы 5 жылда балалы болған жас­тар қайда қалатынына алаңдап отыр. Ал елде жастарға арналған бірыңғай мемлекеттік баспана бағдарламасы жоқ.

«Үшіншіден, жалдамалы пәтер алған жастар өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен үй кезегінде тұру мүмкіндігінен айырылған. Ақшасын жинап, түйіп отырған жастар, басқа бағдарламаға қатыса алмаса, қалай баспаналы болмақ? Төртіншіден, бүгінде елде бас­пана алуға тиімді бағдарлама жоқтың қасы. «7-20-25» аты бар заты жоқ бағдарлама, ал «Otbasy bank» арқылы 50 пайыз бастапқы жарна жинау  5 жылда мүмкін де емес! 2019-2020 жылдардан бері нарықтағы үй бағасы 2 есе өскен.

«Көп қайда болса, шындық сонда» демекші, жастардың назына назар аудару қажет. Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасау және кемі 10 пайыздық бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік  беру мәселелесін қарастыруды сұраймын. Және де нарық­тағы «Елорда, Алматы жастары» ипотекалық бағдарламалары секілді пайыздық мөлшерлемесі де 5 пайыздан аспауға тиіс», деді Д.Мұқаев.