Қоғам • 07 Қыркүйек, 2023

Шымкентте 24 оқу орталығы жұмыссыз азаматтарды тегін оқытады

309 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкентте жұмыс берушілерден түскен өтініштерге сәйкес қыркүйек айынан бастап 24 оқу орталығы 1500-ден астам жұмыссыз азаматты тегін оқытады. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкентте 24 оқу орталығы жұмыссыз азаматтарды тегін оқытады

Фото: gov.kz

Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында жүзеге асырылады. Оқу аяқталғаннан кейін жұмыссыз азаматтарға сертификат табысталады, жұмыс берушілер оларды әлеуметтік келісімшарт негізінде жұмысқа орналастыруға міндеттелген.

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекованың төрағалығымен өткен комиссия отырысында оқу ұйымдарында түрлі мамандықтар бойынша оқытып, жұмыс күшімен қамтамасыз етуді өтінген 60-тан астам жұмыс беруші мекеменің талапқа сәйкестіктері сараланып қаралған. Мекемелерден техникалық және кәсіптік сала мамандарына сұраныс көп түскен.

Оқуға Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Егер үміткердің мүгедектігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) жұмысқа қабілеттілігіне дәрігердің рұқсатнама құжаты қажет.

Жалпы, кәсіптік оқыту мерзімі − 3 ай. Ай сайын 20 948 теңге шәкіртақы және 6900 теңгеден бір реттік материалды көмек көрсетіледі.