Елорда • 07 Қыркүйек, 2023

Әлеуметтік осал топтардан шыққан мектеп түлектері ЖОО-да тегін оқиды

175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан мектеп түлектеріне елорданың жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқу ақысын төлеуге арналған сертификаттар табыс етілді, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Әлеуметтік осал топтардан шыққан мектеп түлектері ЖОО-да тегін оқиды

Фото: gov.kz

Елорда әкімдігі Астананың кез-келген ЖОО-да жеке және мемлекеттік деңгейде тегін оқи алатын мектеп түлектеріне мыңнан астам грант бөледі.

Қаланың жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысанына ақы төлеуге сертификаттар Астана қаласының жалпы білім беретін мектептерінің биылғы түлектеріне беріледі:

- жетім балалар,
- балалар үйінің түлектері,
- бала кезінен мүгедектер,
- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар,
- көпбалалы отбасылардан шыққан балалар – жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтындарға ақшалай төлемдер түрінде – 213 240 теңге.

Биылғы оқу жылында оқуды 30 студент аяқтады, оның 29-ы дипломын алса, 1-еуі республикалық грантқа көшті. 2008 жылдан бастап барлығы 359 студент маман болып тіркелді.

«Дәлірек айтсақ бүгінгі таңда 359 маман шығарылды. Жыл сайын бұл бағытқа қаражат қарастырылады. 150-ден астам адам оқып жатыр. Түлектеріміздің бәрі, яғни 359-ының ішінде 320 адам жұмысқа орналастырылды», деді елорданың жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Жүсіпов.

Азаматтардың жекелеген санаттарының түлектері (оның ішінде оқуын жалғастырушылар) 2023-2024 оқу жылына бекітілген мамандықтар тізбесіне сәйкес басым мамандықтар – медициналық, педагогикалық және техникалық мамандықтар бойынша оқиды.

«Бұл маған берілген оқу мүмкіндігі, ал ата-анама үлкен жеңілдік болмақ. Бұл біздің отбасымыз үшін өте маңызды. Сапалы білім алып, көкжиегімді кеңейтіп, білікті маман боламын деп ойлаймын», деп атап өтті грант иегері Ләззат Темірболатова.

Бұл жолы грант сертификаттары 19 мектептің түлектеріне дизайн, ақпараттық жүйелер, қазақ тілі мен әдебиеті, көліктік логистика, жалпы медицина, психология мамандықтары бойынша берілді.