Театр • 08 Қыркүйек, 2023

Елу бесінші маусым

133 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ең алғаш шымылдығын қазақтың классик жазушысы Б.Майлиннің «Жалбыр» пьесасымен ашқан Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры 55-маусымын А.Володиннің «Махаббат бер!..» драмасымен бастады.

Елу бесінші маусым

Аудан орталығында орналас­қан театрдың көрермені көп. Ал жаңа маусымның ашылуына аудан басшылары, мәдениет сала­сының ардагерлері қатысып, ұжымға сәттілік тіледі. «Кезінде Жүсіпбек Аймауытов «... театр деген нәрсе ермек емес, көңіл кө­теру де емес, ол – үлгі, ол – тәр­бие, өнер орны» деген. Театр сах­насынан әрбіріміздің өмі­рі­міз­де жиі кездесетін ізгілік пен махаббат, зұлымдық пен қиянат, бас пайдасын ғана ойлайтын «менмендік» секілді қасиеттердің арақашықтығын, олардың айырмасын көруге болады. Зұлымдықты сынай отырып, адамдарға ізгілік пен имандылық жолына баға да бере аламыз», дейді аудан әкімінің орынбасары Марат Айнабеков. Ал театр директоры Орал Камал 55 жылдық тарихы бар театрдың жетістіктері мен өткеніне тоқта­лып, қуыршақ театрын қолға алып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ жыл соңына дейін бірнеше жаңа туынды сахналанбақ.

Театр ұжымы жаңа маусым­да тағы бір тың дүниені көпші­лікке ұсынды. А.Володиннің «Махаб­бат бер!..» драмасын сахна­лаған қоюшы-режиссер Ари­­даш Оспанбаева болса, режис­сер ассистенті Елдос Ақы­лов, қоюшы суретшісі Бақыт Сраилов. Мемлекет іргесінің берік болуы үшін әрбір от­басының бекем болғаны ма­ңызды екенін ұғындыруға ұм­тылатын драмада соңғы кез­дері отбасы құрған жастар­дың да, ересектердің де арасында ажырасу фактілерінің жиілеп кеткені, шаңырақтың шайқалу себептері, өз бақыттары үшін соңына дейін күресе алмаудың салдары кеңінен сурет­те­леді. Ерлі-зайыптының сый­ластығын, ізет-құрметін қалай сақтап, нығайтуға болады? Дос пен достың, әйелі мен күйеуінің алдындағы міндеттері неден тұрады деген сұрақтарға жауап іздейді. Өнер ұжымының жаңа туындысы көрермен көңі­лінен шықты. Өнерсүйер қауым әртістердің әрбірі өздеріне бекі­тілген образды керемет алып шыққанын, қойылымнан рухани нәр алып, белгілі бір мәселе бо­йын­ша ой түйгендерін айтады.

 

Түркістан облысы