Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Солардың қатарында ел экономикасы мен өндірісінің негізгі бағыттарының бірі саналатын ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөлінді. «Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығының әлеуеті зор. Еліміздің стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу», деп атап көрсетті.
Сондай-ақ кейінгі жылдары бүкіл еліміз бойынша қатты алаңдаушылық туғызып, өнеркәсіптің қалыпты дамуына кедергі келтіріп отырған су тапшылығы мәселесі, оны шешу жолдарына жан-жақты тоқталды. Жолдауда: «Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады», деген жолдар бар.
Міне, осындай, ауыл шаруашылығына қатысты жақсы жаңалықтарды, жобаланып отырған жеңілдіктер мен қолдауларды, біздер, осы салада ұзақ жылдар бойы табан аудармай еңбек етіп келе жатқан кәсіп иелері қуана қабылдадық. Жолдау жүктеген міндеттердің мән-маңызына тоқталмас бұрын ел игілігі, қоғам, заман, адам дамуы үшін шұғылданып отырған, атқарып келе жатқан жұмысымыз жөнінде аз-кем мәлім еткенді жөн көремін. 1994 жылы атакәсіп күріш егумен айналысуды мақсат тұтып «Абзал және К» серіктестігін құрған едік. Ол бір қазіргідей сан салалы қолдау шаралары қарастырылмаған, қаржы көзі тапшы, қол қысқа заман еді ғой. Дайын тұрған жеріміз, сақадай-сай техникамыз, адам күшіміз жоқ, серіктестік жұмысын бірден дөңгелетіп алып кету оңайға соқпады. Дегенмен табанды, тиянақты жүргізілген жұмыстың, есті-басты азаматтардың қайтпас қажыр-қайратының арқасында жылдан-жылға өрісіміз кеңейе берді. Бүгінде кәсіпорын отандық күріш өндірушілердің алдыңғы қатарында. Серіктестіктің егістік алқабы 6 мың гектарға жуық. Жыл сайын 30-35 мың тонна күріш жиналады. Бізге еншілес, күріш өсірумен тікелей айналысатын «Мағжан және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде аумағы бойынша еліміздегі ең үлкен – 5 мың гектардан астам күріш алқабы бар.
Өндіріс көлемін кеңейте келе, өзіміздің ғана емес, бүкіл облыстағы күріш өнімінің сапалы болуына атсалыссақ деген ниетпен тұқым зауытын ашқан едік. Бүгінде «Абзал және К» серіктестігі таза тұқымды өздері ғана пайдаланып отырған жоқ, өзге шаруашылықтарға да дайындап беріп жатыр. Кейінгі жылдары «Янтарь», «Лидер», «Фишт», «Анаит» секілді күріш сорттарын жерсіндірдік.
Серіктестік толық цикл бойынша жұмыс істейді, яғни бүкіл өнім өз зауыттарымызда өңделеді. Біз күрішпен ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етумен қоса, өз өнімдерімізді экспорттаумен де айналысамыз. Мәселен, біздің күріштің 30%-ға жуығы «Элит» брендімен Ресейге, Қырғызстанға, Әзербайжанға, Түркіменстанға, Тәжікстанға, Өзбекстанға жөнелтіледі.
Серіктестік күрішінің сапасы жарнаманы қажет етпейді. Бірнеше рет халықаралық, отандық сапа белгілеріне ие болған, түрлі марапаттаулармен, құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталған. Компанияның жетістігі еліміздегі басқа да көптеген байқауларда атап өтілген. Серіктестеріміз қатарына «Nestle» (Швейцария), «Metro Cash and Carry» және т.б. сияқты әлемдік деңгейдегі компаниялар бар. Біздің кәсіпорын бәсекелестерінен әрқашан бір қадам алда және тұтынушыларға ең жақсысын ұсынады. Біз сапаны, лайықты бизнесті және серіктестерімізді барынша бағалаймыз.
Күріш дақылы суда өсетіні белгілі. Ал үнемі су жатқан соң жер құнарсызданады. Арасында күріштік алқапты демалдырып алмаса болмайды. Ондай кезде ауыспалы алқапқа жоңышқа егіледі. Бұл өзі – баяғыдан қалыптасқан дәстүр. Күріштің суға тікелей тәуелді екенін ескерсек, онда су реттегішінің пайдасы өзінен-өзі белгілі болады. Жолдауда бұл мәселе: «Суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек», деп қадап айтылды.
Осы орайда, бұрын әр министрліктің, ведомствоның шылауына бір байланып келген су ресурстары комитетінің жеке министрлік болып құрылуы өте дұрыс шешім деп білеміз. «Су – тіршілік көзі», бұл проблеманы шешіп алмай бір де бір жұмыс алға баспайды. Айталық, онсыз да жері қуаң Қызылорда облысының диқандары соңғы үш жылда су тапшылығының зардабын қатты тартып отыр. Біз шекара аумақтық су көздеріне тәуелді елміз. Егіс алқабына, оның ішінде күріш танаптарына қажетті су көздері көршілес елдерден ағып келеді. Сондықтан іргелес елдермен бұл мәселені, өзара келісімге келе отырып, екі жаққа бірдей тиімді тұрғыда, оралымды шешу жолын қарастыру қажет. Мемлекет басшысының: «Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер», деген сөзі көңілге қонады. Енді осы мемлекеттік мәселемен жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі түбегейлі шұғылданады деп сенеміз.
Жалпы, Жолдауда атап көрсетілгендей, мемлекет ауыл шаруашылығын, жергілікті жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға барынша жағдай жасап келеді. Ол үшін бюджеттен аса қомақты қаржы бөліп, шаруашылықтардың шаруасын түзеп алуына ықпал етуде. Оны жыл сайын, тұрақты түрде беріліп келе жатқан түрлі субсидия көлемінен-ақ байқауға болады. Кейінгі жылдары күрішке төленетін субсидия нормасы да едәуір көтерілді. Сондай-ақ күріш өндірісінде пайдаланылатын минералдық тыңайтқыш, гербицидтер, су жеткізіп беру қызметіне төлейтін Үкімет бекіткен субсидиялар бар. Қысқасы, кеткен шығынның төрттен бір бөлігін мемлекет субсидиялап отыр. Облыс әкімдігі де шаруалардың барлық жағдайын жасап келеді. Ол үшін арнайы күріш кластерін дамытатын консорциум құрылған.
Жолдауда айшықталған тағы бір маңызды мәселе – салық саясаты. «Кәсіпкерлер қосымша құн салығын қайтару рәсімінің күрделі екені жөнінде орынды мәселе көтеріп, шағымданып жүр. Бұл жайт еліміздегі инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді. Үкімет көптен бері түйіні тарқамай келе жатқан осы мәселені шұғыл шешуге тиіс. Сондай-ақ салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу қажет. Олар экономикалық ынталандыру шараларының нысаналы тәсілі болуы керек», деді Мемлекет басшысы. Міне, бұл айтылғандар да өндірісіміздің дамуына тікелей қатысты. Қосымша құн салығын қайтару рәсімін жеңілдету де кәсіп иелерінің қызметін алаңсыз өрістетуіне септігін тигізеді.
Әрбір еңбеккерден сапалы жұмыс талап ету үшін олардың алаңсыз жұмыс істеуіне жақсы жағдай жасау керек. Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойып отырған басты талабы да осы. Сол тұрғыда маңызды міндеттер, түйінді тапсырмалар тізбектелген бұл Жолдауды барша отандастарымызды «Әділетті Қазақстан» құру жолында жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін және ортақ мақсатқа жұмылдырған құнды құжат деп бағалаған жөн.
Абзал ЕРАЛИЕВ,
«Абзал және К» серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері