Медицина • 08 Қыркүйек, 2023

Дәрі-дәрмек арзандай ма?

245 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазір қалада да, тіпті ауыл­­­дарда дә­ріханалар кө­бей­ді. Көп болғаны әуелі тұ­ты­нушыға, одан соң кә­сіпкерге тиімді. Бас ауырып, балтыр сыздаса, күн-түн демей, тәулік бойы жұ­мыс істейтін дәріха­на­лар ашық. Осыған қарап фар­мацевтикалық заттар­дың тапшылығы байқалмайды-ау деп байлам жасасақ, қателескен екенбіз. Кешегі карантин кезіндегі ахуалды еске алып көріңіз. Коро­навирус өршіп тұрғанда сеңдей сапырылысқан жұрт қарапайым маска мен «па­рацетамол» таппай сарсаң­ға түскен жоқ па? Иә, барша­мыз­ға сынақ болған ол кез де артта қалды, ал ендігі жағдайымыз қалай?

Дәрі-дәрмек арзандай ма?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Өз дәрімізді өндірсек...

Әлеуметтік желідегі ашық ақпа­ратқа, пікірлерге зер салсақ, тұрғындардың басым көпшілігі дәрі-дәрмек бағасын қымбат санайды. Тұтынушыға дәрінің бағасы шамадан тыс қымбат болса, «көрпесіне қарай көсіліп», сол дәрінің арзанырақ баламасын алуға тырысады. Кейбір дәріханадағы дәрі бағасы екі аттам жердегі өзге дәріханадан қымбат болуы да мүмкін. Жұрт мұны да біліп алған. Егер дәрі-дәрмекті шамадан тыс арзандату міндеттелсе, кәсіпкерлер шығынға батамыз деп шырылдайды. Бұл қарама-қайшылық сайып келгенде халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты туындағанын байқай­мыз. Экономикалық тұрғыда алып қарасақ, бағаға, сапаға өзге­ріс енгізу үшін фармацевтика нары­ғында отандық өндірістің үлесін арттыру қажет. Тиімдісі осы.

Коронавирус пандемиясынан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке фармацевтикада отандық өндірісті 50%-ға дейін жеткізуді тапсырған болатын. Кейін Денсаулық сақтау министрлігі 2029 жылға дейінгі жол картасын әзірледі. Онда сатып алу үдерістерін, бағаны реттеу, цифрландыру, шетелдік инвестиция тарту сынды басқа да межелі міндеттер қамтылған еді. Бұл – фармацевтикалық кәсіп­орындардың дамуын жеделдетуге, кадрлық әлеуеттің сапасын арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға, озық технология­ларды енгізуге жол ашады. Ең бастысы, 2029 жылға қарай жергі­лікті өндірістің үлесіне 50%-ға жеткізуге мүмкіндік болады.

Фармацевтикада «big pharma» деген ұғым бар. Мұнда фармацевтика саласындағы белді компания­лар топтасқан. Бізге керегі – сол компаниялармен тығыз байланыс орнатып, озық тәжірибесін алу. Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған мағлұматқа зер салсақ, қазір фар­мацевтикалық компания­лармен, сондай-ақ келісімшарт негізіндегі өндіріс жобалары бо­йынша Оңтүстік Корея, Түркия, Германия және Жапония инвес­торларымен қарым-қаты­нас бекіген. Осы ірі жобалар үйле­сімді іске асып жатса, отан­дық фармацевтиканың өрісі кеңейе­ді дегенге үміт басым. Айта кетер­лігі, кәсіпкерлер Үкімет ұсын­ған жеңілдіктерді толық пай­да­ла­нады. Яғни қолдаусыз қалмай­ды. Сонымен қатар келер жылы фармацевтика өнеркәсібін дамыту бойынша 5 жылдық жаңа бағдарлама әзірленеді екен.             

 

Дәрі-дәрмектің шекті бағасы бекітілген

Әлеуметтік желіге үңілсек, «Amanat» партиясы филиалы пар­тиялық бақылау комис­сия­сы­ның мүшелері дәріхана­ларда партиялық бақылау жүргізгені туралы ақпарат көп. Байқағанымыз, партияның қала, аудандық фи­лиал­дары жариялаған қалың мағ­лұматтың мәтіні ұқсас. Басым көпшілігі «дәрі-дәрмектің қоры жеткілікті, бағасы мен сапасы қалыпты» деген сипатта хабар таратқан. Бұл ақпарды да бірауыздан теріске шығара алмаймыз. Себебі Денсаулық сақ­тау министрінің 2023 жылғы 7 та­мыздағы №465 бұйрығымен 6 890 дәрілік затқа шекті баға бекітілген. Қазақстан Респуб­ликасы Әкімшілік құқық бұзу­шы­лық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес дәрі-дәр­мекті шек­ті бағадан асыра сататын­дар­ға жауапкершілік көзделген. Көтерме-бөлшек сауда желісінде жыл басынан бері дәрі-дәрмекті шекті бағадан асыра сату бойын­ша небәрі 4 дерек анықталып, 690 250 теңге көлемінде айыппұл салынған. Құлаққағыс ретінде айтар болсақ, дәрі-дәрмекті шекті бағадан асыра сату фак­ті­сі анықталған жағдайда тұты­ну­шылар Медициналық және фармацевтикалық бақылау комите­тінің аумақтық департа­мент­теріне немесе DARIKZ мо­бильді қосымшасы арқылы өтініш қалдыруға болады. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің бас сарапшысы Әнуар Сейдрахымның хабарлауынша, биыл уәкілетті орган тіркелмеген, қолдануға шектеу қойылған дәрілік заттар мен медициналық бұйым­дарды саудалағандарға қатысты 25 деректі анықтап, жалпы сомасы 4 927 200 теңгеден астам айыппұл салған.

– Дәрiлiк заттарды, медицина­лық бұйымдарды тіркеу және қайта тіркеу, өндiру, дайындау және олардың сапасын бақы­лау, сынау (зерттеу), әкелу, сатып алу, та­сымалдау, сақтау, таңба­лау та­ғы­сын тағы жайттарда адам­ның ден­­саулығына зиян келмесе, же­ке тұл­ғаларға – 70, лауазым­ды адамдарға – 100, шағын кәсіп­керлік субъектілеріне – 130, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін жыл ішінде осындай іс-әрекет қайталанса, фармацев­тикалық қызметке лицензияның немесе лицензияға қосымшаның қолданысын алты айға дейінгі мерзімге тоқтата тұруға тура келе­ді, – дейді Әнуар Сейдрахым.

 

Импорт пен экспорттың үлесі қандай?

Фармацевтикалық өнімдерді экспорттаудан көшбасшы елдер­дің үштігінде Германия, Швей­цария және АҚШ тұр. 2021 жылы Германия – 119 млрд, Швейцария – 101 млрд, АҚШ – 77 млрд дол­лардың өнімін экспорттаған. Қуан­тарлығы, осы елдермен ынты­мақтастықты нығайту мақсатын­да қолға алған жобалар бар. Мыса­лы, былтыр желтоқсанда Швей­царияның «Roche» компаниясымен инновациялық дәрілік заттар өндірісін оқшаулау бойынша жобаға қол қойылыпты. Бұл келісімнің маңызы – онкологиялық ауруларды емдеуде қолданылатын бірқатар инновациялық дәрілік заттардың өндірісін оқшаулау арқылы жергілікті медициналық препараттардың үлесін ұлғайтуда екен. Бұдан өзге АҚШ-тық «Pfizer» компаниясымен вакцина өндірісіне және «GE Healthcare» компаниясымен УДЗ және КТ аппараттарына қатысты жобаларда ілгерілеу бар.

Ақпарат үшін айтар бол­сақ, елде бас-аяғы 158 фармацевти­калық компания жұмыс істейді. Оның 42-сі дәрілік заттарды, 116-сы медициналық мақсатта­ғы бұйымдарды өндіруге мамандан­ған. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің дерегіне сүйенсек, былтыр елде фармацевтика саласының айналымы 162,6 млрд теңгені құраған. Ал биыл бірінші жартыжылдықта өндіріс көлемі 79,4 млрд теңге шамасында. Қаржы министрлігінің дерегі бойынша былтыр экспорт көлемі – 32,2 млн долларға шақ­талса, ал импорт үлесі – 1,7 млрд долларға жеткен. Ал биыл бірінші жартыжылдықта фармацевтика өнеркәсібінің экспорты – 7,7 млн доллар, импорт – 875,6 млн доллар болған. Сондай-ақ былтыр фармацевтика нарығының көлемі  922 млрд теңгені (2 млрд доллар) құраса, оның ішінде отандық өндірістегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың үлесі 20%, импорттық өнімнің үлесі 80%-ға жеткен. Қарап отырсақ, отандық фармацевтикалық өнім­нің үлесі төмендегенін байқай­мыз. Мамандардың айтуынша, бұл өзгеріс эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталып, вакцина өндірісінің азаюына қатыс­ты болып тұр. Министрлік­тің меди­циналық және фармацевти­калық бақылау комитетінен сұрап білген ресми жауапқа көз жүгіртсек, «елде дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Нарықтан дәрі-дәрмектің аналогтарын табуға болады». Бірақ бұл фармацевтикада мәселе жоқ, іс бітті дегенді білдірмейді, керісінше, саладағы қыруар шаруаны әлі де ширата түсу керегін ұқтырады. Өйткені 2029 жылға қарай фармацевтика нарығында отандық өндірістің үлесін 50%-ға жеткізу қажет. Ал импортқа тәуелділік азайса, осы оң өзгеріс фармацевтикаға, дәрі-дәрмек бағасына әсер етеді.