Саммитті ұйымдастыруға бірнеше жылдан бері университеттің стратегиялық серіктесі болып келе жатқан «Ариэль университетінің» де басшылығы мүдделі болған. Бұл екі университет арасындағы байланыстың берік екендігін ұқтырады. Мысалы, биыл Астанада Израиль мен Қазақстанның денсаулық сақтау жүйелерін салыстырмалы талдау бойынша халықаралық курс өткен. Онда білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды әзірлеу мәселелері талқыланып, мамандар тәжірибе алмасқан. Осы жолы саммиттің өтуіне Денсаулық сақтау министрлігі қолдау көрсеткен. Саммитке Парламент Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, Израильдің Қазақстан Республикасындағы және Қырғыз Республикасындағы елшісі Эдвин Натан ябо Глусман, «QazInnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттіктің және Ғылым қорының басшылары, медициналық университеттердің ректорлары, декандар, ғалымдар қатысты. Сондай-ақ Чехия, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Литва, Өзбекстан, Әзірбайжан және басқа елдердің сарапшылары, профессорлары және «Ариэль университетінінен» қонақтар келді.
Саммитте Астана медицина университетінің ректоры Камалжан Надыров медицина мамандарын даярлау ісіндегі жаңашылдықтар турасында орамды ой айтты.
– Университет тек білім алып, кәсіби машықтарды игерумен шектелетін орын емес. Кейінгі жылдары жоғары оқу орындарында зерттеу, кәсіпкерлік, цифрлық университеттер моделі бойынша даму векторы белсенді талқылануда. Қазір университеттердің мемлекет пен қоғамдағы әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге бағытталған үшінші миссиясы туралы кеңінен айтылып жүр. Қазіргі университеттің даму парадигмасы үнемі өзгеріп отырады. Оны барлығымыз біліп, көріп отырмыз. Оқу бағдарламалары мейлінше ғылыми ізденістерге негізделуде. Медицина бір орында тұрмайды. Бұрын өлім-жітім деректері жиі анықталатын аурулардың емі табылып жатыр. Мұның барлығы, әрине, ғылыми зерттеулердің жетістігі деп білеміз. Келешекте университеттер студенттердің осы қабілетін шыңдауға ден қояды деп ойлаймыз. Сонымен қатар студенттерді кейінгі кездері пайда болып жатқан жаңа мамандықтарға ертерек дайындауымыз керек. Мұндай мамандықтар салада баршылық, – деді ректор.
Ізінше, ректор Астана медицина университетінің саладағы мәселелерге қатысты ұсыныстар әзірлеп, жаңа бастамалар қалыптастыруға, идея алмасып ынтымақтастықты нығайту мақсатында медицинадағы білім, ғылым мен практикаға қатысты ұсыныстарды талқылау маңызды екенін еске салды. Бұл ретте шетелдік қонақтар медицинаға кейінгі жылдарда енгізілген өзгерістерге сай маман даярлау идеясын қуаттады. Сосын өндіріспен байланыс орнатудың маңызы туралы ой қозғады. Саммит бағдарламасында пленарлық және панельдік пікірталас, ректорлар форумы, декандар форумы, медициналық технологияларды жаһандық нарықтарға шығаруға арналған MedTech панельдік сессиясы бар. Осы сессияларға қатысатын мамандар фармацевтика саласын дамытуға байланысты мәселелерді де талқылайды. Себебі медицинаның барлық саласында білімді де білікті мамандар еңбек етуі керек. Бір сөзбен айтқанда, саммитке келген қонақтар үш күн медицина ғылымы мен білім берудегі соңғы үрдістерді, жетістіктерді талқылайды. Білім беру ісін одан әрі дамыту жолын ұсынады.