08 Маусым, 2010

ФОРУМНЫҢ БЕДЕЛІ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕДЕЛІ

845 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара ық­палдастық және сенім шаралары жө­нін­дегі кеңестің ІІІ сам­ми­тіне қатысу үшін Ыстамбұл қаласына келді. Өткен кезеңге шолу жасай­тын болсақ, Қазақстан Респуб­ли­касы­ның Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев 1992 жылдың 5 қара­ша­сында БҰҰ Бас Ассамблея­сының 47-сессиясы барысында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім ша­ралары жөнінде кеңес (АӨСШК) шақыру туралы ұсы­ныс білдірген болатын. Содан бер­гі уақытта АӨСШК-нің жо­ғары деңгейдегі ІІ саммиті өтті. Алғашқы саммит 2002 жылы, екінші саммит 2006 жылы Қазақ­станда өтті. АӨСШК-нің басты мақсаты халықаралық форум­дар­да үнқатысу арқылы Азияда қауіп­сіздік пен тұрақтылықты қам­тамасыз ету жайларын қарас­тыру болып табылады. Бүгінде АӨСШК-ге Қазақ­стан, Әзірбайжан, Ауғанстан, Египет, Израиль, Үндістан, Иран, Қытай, Ресей, Түркия, ұзын саны 20 мемлекет мүше. Кеңес жұ­мы­сына сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, Араб мемлекеттерінің лигасы және Вьетнам, Индонезия, Катар, АҚШ, Украина,  Малайзия,  Жа­по­ния байқаушы ретінде қатысып келеді. АӨСШК-нің құрылым­да­ры мен институттарына келсек, Ке­ңестің жоғары органы төрт жылда бір рет өтетін Мемлекеттер және Үкіметтер басшыларының сам­ми­ті болып табылады. Ал АӨСШК Сыртқы істер ми­нистр­лерінің кеңесі ережеге сәйкес төрт жылда бір мәрте бас қо­са­ды. 5 қараша АӨСШК-нің ресми мерекесі деп аталады. Соңғы жылдары АӨСШК ая­сын­да Сенім шаралары катало­гын орындау мәселелері ойда­ғы­дай жүзеге асуда.  Мысалы, бұ­рындары  АӨСШК аясында бір жылда екі-үш шара өтіп келген болса, осы жылдың өзінде ғана Қа­зақстанда, Әзірбайжанда, Ко­реяда, Түркияда, Таиландта және Израильде бірқатар кездесулер, семинарлар мен форумдар өткізу жоспарланған. Осыған қара­ған­да, 2010 жыл АӨСШК-ні алдағы уақытта  дамытуда ерекше сер­пін­ділік беретін жыл болады. Кеше кешкісін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түрік Республикасының Президенті  Абдулла Гүлмен кездесті. Кездесу барысында Мемлекет басшылары екі ел арасындағы ынтымақ­тас­тық­ты әрі қарай тереңдету мәсе­лелерін талқылап, саммиттің күн тәртібі бойынша пікір алмасты. Қазақстан басшысы сондай-ақ кеше АӨСШК-нің ІІІ сам­митіне келген бірқатар мем­лекеттер бас­шылары – Иран Ислам Респуб­ли­касының Прези­денті  М.Ахме­ди­нежадпен, Па­лестина Ұлттық Әкімшілігінің Басшысы М.Аббас­пен, Македо­ния Республика­сы­ның Прези­денті Г.Ивановпен кездесті. Сонымен қатар кеше Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркия Премьер-министрі Режеп Тайып Ердо­ған­мен кездесуі болды. Ертең Чилаган сарайында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің ІІІ саммиті ашылады. Бұл саммиттің басты ерекшелігі – алғаш рет шет мемлекетте өтіп отырғандығы.  Сонымен қатар, бұл форумның халықаралық беделі нығайып келе жатқанын, оның институттық кезеңі аяқта­лып, Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі толық мәндегі халықаралық ұйымға айналғанын көрсетеді. Осы саммитте АӨСШК төрағалығын Түрік Республикасы алады. Ал Қазақстан өз бастамашылығын­дағы АӨСШК-нің ІІ саммитін жо­ғары деңгейде өткізген бола­тын. Жыл өткен сайын кеңестің мүшелік құрамы кеңейіп келеді. Ыстамбұл саммитінде Иран мен Вьетнам АӨСШК мүшелігіне өтіп, Бангладеш байқаушы ел мәрте­бесін алуы мүмкін. Егер жоғарыда аталған екі мемлекет АӨСШК-ге мүшелікке қа­былданса, оның қатары 22 мемлекетке жетеді. Сонда форум Азия құрлығының 90 пайыздан астам аумағын алып жатқан Азия­дағы 3 миллиард тұрғынды біріктіретін болады. Ыстамбұл саммитінің жұмысына 39 мем­ле­кеттен және 11 халықаралық ұйымнан мемлекеттер мен үкі­меттер басшылары, министрлер мен ресми өкілдер қатысады деп күтілуде. Бұл АӨСШК-нің ха­лық­аралық деңгейдегі беделі  өсе түскендігін көрсетеді.  Ал саммит барысында форумның қазіргі төрағасы  Қазақстан төрағалық міндетін Түрік Республикасына тапсырады. Кеше сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер ми­нистрі  Қанат Саудабаев АӨСШК Сыртқы істер министрлері  ке­ңесінің отырысына қатысты және сөз сөйледі. Ұйым төрағасы сөзінде Қазақстанның форумның жоғары деңгейдегі ІІ саммитін жоғары дең­гейде өткізгендігін, онда Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды шаралар өткізілгенін және Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі барысын­да Азиядағы қауіпсіздік мәселе­­лерін шешу мақсатында нақты іс-шаралар жүргізіп отырғанын атап көрсетті. Қанат Саудабаев “ХХІ ғасыр­да­ғы Еуразиядағы қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастық” аясындағы арнайы шараға қатысу­шы­лар алдында Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. Аталған шара осыдан 10 жыл бұрын ЕҚЫҰ-ға мүше елдер бас­шы­лары мен үкімет басшылары соңғы рет бас қосқан қалада өтіп отырғанының айтарлықтай маңы­зы бар. Бұл бізге Еуразия кеңіс­тігінде жүріп жатқан өзгерістерді кезекті мәрте талқылауға жақсы себеп бо­лып табылады, делінген Қазақстан Президентінің құттық­тауында. Бү­гінде Қазақстан құрлықтағы өңірлік екі ірі құрылымдарға жауапты төрағалық миссиясын атқаруда. Оның бірі – Азиядағы өзара ық­пал­дастық және сенім шаралары жө­ніндегі кеңес, екіншісі – Еуро­падағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымы. ЕҚЫҰ төрағасы лауазымында біз қазіргі әлемде Азия және Еуро­па елдерінің әлемдік саясат пен экономикаға өзара тығыз кірігуінің куәгерлері болып отырмыз. Демек, бұл мемлекеттер мен өңірлік бір­лестіктердің өзара іс-қимылын те­реңдету қажеттігін білдіреді, делін­ген Қазақстан басшысының құт­тық­тауында. Осы орайда ұзақ мерзімді қауіпсіздікті қалыптастыру лейтмотиві өңірлік ұйымдар мен халықаралық форумдардың күш-жігерін өзара толықтыру керек­тігіне екпін түсіреді. Қазақстан Президенті келесі кезекте АӨСШК-нің қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қарастыратын жалғыз жалпыазиялық тетік болып табылатынын атап көрсетеді. Біз, дейді Нұрсұлтан Назарбаев, АӨСШК-нің бүгінгі өзгермелі за­ман­ға тез икемделе түсіп отыр­ға­нын мақұлдау тұрғысынан атай­мыз және ЕҚЫҰ-мен ынтымақ­тас­­ты­ғын дәйектілікпен дамытып келеді. Осыған байланысты бола­шақта бүкіл Еуразия кеңістігінде қауіп­сіз­дік пен сенім мәселелерін қарас­ты­ратын қандай да бір бірік­кен тұғырнама құру ықтималды­лығын жоққа шығармаймыз. Қазақстан басшысы құттық­тауы­ның соңында еліміздің ЕҚЫҰ-ға төраға мемлекет ретінде Ауған­станға ерекше назар аударып келе жатқанын атап өтті. Және Ыстам­бұлда ХХІ ғасырда Еуразиядағы қауіпсіздікті нығайту, экономика­лық ынтымақтастықты арттыру ба­ғыттарында іскерлік идеялар мен ұсыныстар айтылатынына сенім білдірілді. *  *  * Кеше АӨСШК-нің 3-ші сам­миті аясында ЕҚЫҰ-ның Іс ба­сын­дағы төрағасы, Қазақстан Респуб­ли­касының Сыртқы істер министрі – Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың және Түрік Респуб­ликасының Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлының қатысуымен “ХХІ ғасырдағы Еуразиядағы қауіп­сіздік және экономикалық ынты­мақтастық” тақырыбында арнайы шара өтті. Қазіргі заманда біз Азия және Еуропа мемлекеттерінің өзара ұйыс­қанының куәгерлері болып табыламыз. Бұл өз кезегінде ЕҚЫҰ мен АӨСШК сияқты өңірлік бір­лестіктердің арасындағы өзара ықпалдастықты да тереңдете түсуді қажет етеді. Өйткені, Еуропа қауіп­сіздігі түсінігі қазіргі таңда құрлық­тық шеңберден шығып, кең байтақ Еуразия аумағын қамтып отыр, деді өз сөзінде Қ.Саудабаев. Сондай-ақ ол қазіргі таңда Қазақстанның экономикалық тұрғыдан мықты, демократиялық жағынан дамыған халықаралық қоғамдастықтың лайықты әріптесі болып табылаты­нын атап көрсетті. Ал Президент Нұрсұлтан Назарбаев әлемде та­нылған көшбасшы болса, АӨСШК ЕҚЫҰ-ның Азиядағы баламасы болып табылады. Қ.Саудабаев, со­нымен қатар, аталған халықаралық ұйымдар өңірлік және халықаралық қауіпсіздік мәселелеріне баса мән беретініне назар аударды. Осы ретте ол ЕҚЫҰ – АӨСШК фору­мын құру туралы мәселе көтерді. Шараға ЕҚЫҰ мен АӨСШК-ге қатысушы мемлекеттер сыртқы саясат ведомстволарының басшы­лары, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блеясының президенті Ж.Соареш пен ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П. де Бришамбо қатысты. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ – Ыстамбұлдан. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.