Үкімет • 09 Қыркүйек, 2023

Күннің құбылуы күзгі науқанда қолбайлау болып отыр

189 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Егін жинау науқаны жөнінде жедел штабтың отырысын өткізді. Фермерлерге  қажетті қолдау көрсетіп, келесі жылға сапалы тұқым қорын қамтамасыз етуді талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің хабарламасына сүйеніп.

Күннің құбылуы күзгі науқанда қолбайлау болып отыр

Фото: primeminister.kz

«Егін жинау науқанында фермерлер үшін астықты кептіруге қажетті дизель отынының қолжетімділігі, ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккен фермерлердің несиелерін ұзарту, субсидиялар бойынша қарыздарды жабу мәселелері өзекті болып отыр. 

Қазақстанның негізгі астық егетін өңірлері – Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында соңғы екі аптада жауын-шашын толастамай тұр. Қазгидрометтің болжамы көңіл көншітпейді: жауын-шашын 17 қыркүйекке дейін жалғасып, аяз түседі, соның салдарынан солтүстік өңірлерде жаңа дәннің өніп кетуі және ылғалдың жоғарылығынан сапасының төмен болу қаупі бар. 

Бірінші шара – астықты қабылдау кәсіпорындары мен карантиндік қызметтер астықты қабылдау кезінде тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ ҚТЖ компаниясымен астық тасымалдайтын вагондарды уақытылы жеткізу мәселесі пысықталады. Бүгінгі таңда елімізде элеваторлардың жалпы сыйымдылығы 29,9 млн тоннаны құрайды, оның ішінде астық қабылдау кәсіпорындарында – 13,1 млн тонна және ауыл шаруашылығы өндірушілерінде – 16,8 млн тонна. Бұл өткен жылдардан қалған өнім мен биыл орылатын егінді сақтауға жеткілікті.

Екінші шара – астықты кептіру үшін қосымша дизель отынын бөлу. Шешім Энергетика министрлігімен бірлесіп қабылданды. Тиісті нормативтік құқықтық акт әзірленіп, қазір тиісті органдармен келісіліп жатыр. Игерілмеген дизель отынының қолда бар қоры жеткілікті болмақ. Ал астық өңдеушілер мен лицензиясы бар элеваторларға қосымша көлем бөлінеді.

Үшінші шара – қаржы институттары мен Азық-түлік корпорациясы шаруаларға несиелер мен лизингтерді төлеу мерзімін ұзарту мәселелерін егжей-тегжейлі пысықтайды. «Бәйтерек» холдингінің қаржылық ұйымдары тарапынан қолайсыз ауа райынан зардап шеккен фермерлердің несие мен лизинг мерзімдерін ұзартуға берілген әрбір өтініші жеке тәртіппен қаралады. 

Төртінші шара – қосымша субсидиялар бойынша борыштарды жабу мәселесін жеделдету. Қосымша қажеттілік 171 млрд теңгені құрайды. Бұл қаражатты бөлу кезінде қолда бар және қосымша бөлінген қаржының уақытылы игерілуін қамтамасыз ету, сондай-ақ туындайтын проблемаларды шеше отырып, қысқа мерзімде субсидиялаудың ақпараттық жүйесін дайындау қажет. 

Бесінші шара – келесі жылға фермерлер үшін сапалы тұқым қорын құру. Ол үшін «Қазагрэкс» Азық-түлік корпорациясымен бірлесіп, қоймаларда қалған астықтың өткен жылғы қорларына зерттеу жүргізеді. Олар барлық талап етілетін сапалық сипаттамаға сәйкес келсе, Азық-түлік корпорациясы 2022 және 2023 жылдардағы егіннің астығын бөлек сақтау есебінен сапалы тұқым қорының сақталуын қамтамасыз етеді», деп жазылған хабарламада.

8 қыркүйекке дейінгі мәлімет  бойынша 4,8 млн гектар жер орылған, бұл жалпы егіс алқабының 28%-ы. Орташа өнімділігі гектарына 10 центнерден деп есептегенде қамбаға 4,8 млн тонна астық  құйылған.