Теннис • 10 Қыркүйек, 2023

Данилинаның тарихи жеңісі

171 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нью-Йорктегі Артур Эш атындағы аренада теннистен АҚШ-тың ашық біріншілігінің әйелдер және аралас жұптар арасын­дағы бәсекесінің жеңімпаздары анықталды.

Данилинаның тарихи жеңісі

Финляндиялық Харри Хелиё­ваарамен жұп құрған 28 жастағы жерлесіміз Анна Данилина ақтық сынға дейін алқынбай жетті. Бас­тапқы бәсекелерде Николь Ме­ликар (АҚШ) Мэттью Эбден (Аус­тралия) мен Алисия Паркс Денис Кудланы (АҚШ) қапы қалдырған олар ширек финалда Сюй Ифань (Қытай) Йоран Флигенді (Бельгия) шаң қаптырды. Жартылай финалда Эна Сибахара (Жапония) Мате Павич (Хорватия) жұбын жеңсе, финалда америкалық Джессика Пегула мен Остин Крайчекке қар­сы ойнады. 1 сағат 15 минутқа созылған бәсеке 6:3, 6:4 есебімен Анна мен Харридің пайдасына ше­шілді.

Өткенге зер салсақ, «Үлкен ду­лыға» санатындағы турнирлерде санаулы ғана отандасымыз бас жүлдені олжалағанын аңғару қиын емес. Жұптық бәсекеде Ярослава Шведова 2010 жылы Уимблдон мен АҚШ-тың ашық бірін­шілігінде (2022 жыл) топ жар­ды. Былтыр Елена Рыбакина же­келеген сайыста Уимблдонның жеңімпазы атанды. Міне, енді олардың қатарына Анна Данилина қо­сылып отыр. Ол – миксте ме­рейі үстем болған еліміздің тұң­ғыш теннисшісі. Сол себепті де Ан­наның бұл жетістігін тарихи жеңіс деп бағалаған жөн. Құтты болсын, Қазақ елі!

Әйелдердің жекелеген сынында бас жүлдені америкалық Ко­ри Гауфф пен беларусьтік Ари­на Соболенко өзара сарапқа салды. 1 сағат 6 минутқа созылған бәсеке 2:6, 6:3, 6:2 есебімен АҚШ теннис­шісінің жеңісімен ақталды. 19 жас­тағы Гауффтың бұл – «Үл­кен дулыға» санатындағы турнир­лердегі алғашқы жеңісі.

Ал Италияның Бари қаласында өтіп жатқан WTA 125 турнирінің ши­рек финалында Жібек Құ­лам­баева мен франциялық Ка­роль Монне жұбы Марина Бас­сольс (Испания) Лаура Пигос­си­ді (Бра­­­зилия) ұтып, жартылай финал­да Монне Валентини Грам­ма­тикопулу (Грекия) Эликсан Ле­чемиямен (Франция) шеберлік байқасты.