Әрине, Еленаға ондай құрметтің тегін көрсетіліп отырмағаны анық. Соңғы жылдары 24 жастағы жерлесіміз өрелі өнерімен көзге түсіп, толайым табыстарға қол жеткізіп жүр. 2021 жылы ол Ролан Гарростың ширек финалына дейін жетсе, 2022 жылы Уимблдонда қарсылас шыдатпай, бас жүлдені олжалады. Биыл Аустралияның ашық біріншілігінің ақтық сынына дейін алқынбай жетті. Бұған қоса WTA турнирлерін бес мәрте ұтып, ITF додаларында төрт рет дараланды. Бір ғажабы, биылғы маусымда Рыбакина әлемнің 1-ракеткасы польшалық Ига Свентектің өзін үш рет ұтты. Бұл күндері қоржынында 5 476 ұпайы бар Қазақстанның өкілі әлемдік рейтингте төртінші орында тұр. Жер-жаһанның ең таңдаулы сегіз теннисшісінің басын қосатын бәсеке 29 қазан мен 5 қараша аралығында Мексиканың Канкун қаласында өтеді. Оның жүлде қоры шамамен 5 миллион АҚШ долларын құрайды.
WTA-ның әйелдер арасындағы қорытынды турнирі 1972 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол аралықта ең көп олжаға кенелген – Мартина Навратилова. Чехословакияда туып-өсіп, кейіннен АҚШ-қа қоныс аударған әйгілі теннисші өткен ғасырдың жетпісінші және сексенінші жылдары сегіз бірдей турнирде (1978-1979, 1981, 1983-1986 жылдары) теңдессіз деп танылды. Германиялық Штеффи Графф (1987, 1989, 1993, 1995-1996) пен америкалық Серена Уильямс (2001, 2009, 2012-2014) бес реттен топ жарды. АҚШ-тың тағы бір өкілі Крис Эверт (1972, 1973, 1975, 1977) төрт жарыста озды. Аталған турнирдің тұңғыш жеңімпазы да дәл осы спортшы.
Ерлер арасындағы рекордтық көрсеткіш Роджер Федерер мен Новак Джоковичке тиесілі. Екеуі алты реттен бас жүлдені олжалады. Швейцарияның мақтанышы 2003-2004, 2006-2007, 2010-2011 жылдары қарсылас шақ келтірмесе, Сербияның саңлағы 2008, 2012-2015, 2022 жылдары шашасына шаң жұқтырмады. Чехословакиялық Иван Лендл (1981-1982, 1985-1987) мен америкалық Пит Сампрастың (1991, 1994, 1996-1997, 1999) бес турнирде мерейі үстем болды.