Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жасыл желекке малынған, үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдері самал желмен толықси тербеліп жатқан Көкше өңірі мен Қорғалжынның сулы-нулы даласы туризм саласын дамытуға қолайлы-ақ. Қойнауы аңыз-ертегіге, тамаша табиғаттың тартуына тұнып тұрған бәсі бөлек Бурабай мен зергер зерлегендей сырлы сымбатқа ие Зерендіге Қорғалжын өңіріндегі биосфералық резерватты, елорданың маңайындағы ертегідей жылдамдықпен есейіп, етек-жеңі кеңіп келе жатқан туризм аймағын қоссаңыз, әлеуеттің салмағы сезілер еді. Облыста туризм саласында ұзын-ырғасы 600-ден аса кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 348-і демалыс нысаны болса, 15-і – санаторийлік-курорттық мекеме, 207-сі – жол бойындағы қызмет көрсету нысаны. 76 турфирма әлемнің әр түкпірінен әр белесі, әр төбесі тылсым сырға тұнып тұрған, көкірегің саф ауасына тоймайтын дархан даладағы бір шөкім гауһар іспеттес көгілдір мекенге шақырып, оңтайлы орналастыруға әзір. Сол бағытта жұмыс істеп те жатыр. Нәтижесі де жап-жақсы. Сәл ғана талдау жасалық, 2022 жылы көрікті өңірге келіп демалып, 1,2 миллион турист аунап-қунап кетсе, биыл бұл көрсеткіш өсе түскен. Жалпы, келушілердің қай тұсқа қызығушылығы басым екенін де талдауға болады. Мәселен, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 711,2 адам ат басын тіреген, «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне 17,1 мың адам келіп, көркем табиғаттың келісті бейнесінің ғажайып суретін көкірегіне көшіріп, тыныстаған. «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде 1,5 мың адам болып, көне дәуірдің тыныс-тіршілігін аулаған әрі рухани қазынаның көмбесінен нәр алған. Міне, осылайша, келушілердің қызығушылығын сараптасақ, Бурабай төңірегінің бағасы артып тұрғанын аңғаруға болады. Демек дәл осы арада талғампаз туристердің көңілінен шығатын сапалы тұрмыстық қызмет бар деген сөз.
Қазіргі туристер табиғаттың тамылжыған реңін ғана емес, өткеннің елесін іздейтінін айта кету керек. Олар қазақ даласының бүгінгі тыныс-тіршілігімен қоса, өткен дәуірдің өрнекті іздерін де іздейді. Ал Бурабайдағы құжыр-құжыр жақпар тастар, Ұйқыдағы батыр мен Оқжетпес, самал желмен тербелген биші қайың адам көңілін ауламай қоя ма? Жұмбақтастың жұмбақ сырын ұққысы келгендер өз елімізді былай қойғанда, алыс-жақын шетелде де жыртылып айырылады екен. Биыл курортты өңірге 7 449 шетелдік турист ат басын бұрыпты. Бір көрген адамның есінен өмір бақи шыға қоймайтын табиғи саф тазалық, таңғы шықтай мөлдіреген көркем сұлулық бірден бірге жетпей ме? Көрген дүниесін көзіқарақты шетелдік турист те аузының суы құрып айтатын болар. Кей кезде жарнаманың осы жарытымды түрі құлаққағыс қылуға керек-ақ шығар. Әлемге аты шыққан көрікті өңірге келушілер көлемі өткен жылмен салыстырғанда үш есеге көбейіпті.
Әлемнің інжу-маржаны іспетті небір ғажайып жерлерді көріп, көзайым болып жүргендердің көңілінен шығу да оңай-оспақ шаруа емес. Бұл тараптан әңгіме қозғағанда өңірдегі демалыс аймақтарының қайта түлеп, жақсарып келе жатқанын ауыз толтырып айтуға болады. Рас, 2023 жылдың алғашқы жартыжылдығында қонақүйлердің қызмет құны 12 пайызға өсті. Егер өткен жылы орташа есеп бойынша 10 мың теңгенің төңірегінде болса, биыл 2 мың теңгеге қымбаттады. Есесіне осы салаға инвестиция құю көлемі арта түсіп жатыр. 2023 жылы инвестицияның жалпы сомасы 23,3 млрд теңгеге жетіп отыр. Қазір 65 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ойға алған шаруа оңынан оңғарылса, туризм саласындағы су жаңа нысандарды кез келген елдің кірпияз адамына ұялмай көрсетуге болады. Жеке инвестициялармен қатар мемлекет тарапынан да айта қаларлықтай қамқорлық көрсетіліп отыр. Мәселен, курортты өңірде мәдениет үйлерін, демалыс орталықтарын, спорттық-жаттығу базалары мен кешендерді салуға 9 млрд теңге төңірегінде мемлекеттік инвестиция құйылып отыр.
Бұрнағы жылдары Бурабай баурайындағы жолдың сапасына, Щучье қаласындағы көшелердің көріксіздігіне орынды сын айтылатын. Осы жылы көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында 4,5 млрд теңге қаражатпен қамтылған бес жоба қолға алынып отыр. Бұл жобалардың аясында Бурабай кентінің жол желісі қайта жаңғыртылып, Бурабай, Қатаркөл күрежолы күрделі жөндеуден өткізіледі. Текекөл көлінің жағалауынан Шабақты көлін бойлап өтетін солтүстік айналма бағытқа автожол салынбақ. Щучье-Николаевка бағытындағы көлік жолы жөнделіп жатыр. Осының барлығы айналып келгенде туризм саласын түбегейлі жаңғыртып, келімді-кетімді кісінің қарасын көбейте түспек.
Ендігі бір мәселе – миллиондаған адам аяғы басатын әсем өңірдің көркін бағзы бейнесінде сақтап қалу. Шынтуайтында, бұл – үлкен мәселе. Әр тәулік сайын жүздеген адамның жолы түсетін алақандай аймақтың ажарына кіреуке түсірмеу – қиын шаруа. Бұл үшін, әрине, санитарлық талапты бұлжытпай сақтау керек. Жағдайды жақсарту мақсатында санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша іс-қимылды үйлестіретін жедел штаб құрылды. Атқарылуға тиісті жұмыс жоспары бекітілді. Облыстық бюджеттен 33 млн теңге қаражат бөлінді. Бурабай кентіндегі туристердің жаппай тынығатын орнына 27 санитарлық-гигиеналық торап, осыншама қоқыс алаңы, 110 металл контейнер, 50 ағаш контейнер, 220 стационарлық қорап, 80 орындық орнатылды. Қоқыстарды әлсін-әлсін жинап, белгіленген орындарға шығару кестесі бекітілді. Адам көп болған соң жазғы маусымда қоқыс тәулігіне алты рет шығарылады. Бұрын заңсыз орнатылған 27 коммерциялық павильон бұзылып алынды. Балмұздақ пен сусын сататын 20 орын ыңғайлы жерлерден бөлінді. «Сырт көз – сыншы» емес пе, қашанда барың мен жоғыңды бағалап тұрады. Елдің елдігін де таразы басына тартпақ. Осы орайда қонақ күтіп, әдетте жергілікті жердегі биліктің ұтымды ісін айта кету де – парыз. Бурабай кентінде Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған ескерткішке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орталық алаң қайта жаңартылды. Сәл тозған сәулет нысандары бағзы кейпін тапты. Бүгінде Бурабай кентінде «Казгидроград» жобалау институты» серіктестігі жан-жақты ойластырылған бас жоспарды дайындау үстінде. Курортты аймақтың халық ең көп шоғырланатын тұстарын көңілден шығатындай етіп көркейтіп, абаттандыру үшін бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр. Тіпті көліктерін қоюда қиындық тумас үшін 500 орындық тұрақ салу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны 72 млн болатын бұл жобаны «СК Достастық» серіктестігі атқаруда. Алдағы уақытта дәл осыған жетеғабыл төрт тұрақ салу межеленіп қалды.
2023 жылдың 13 қаңтарында қабылданған облыс әкімінің қаулысына сәйкес Зеренді курортты аймағын дамытудың жоспары бекітілген. Көз жауын алатын көркем суретпен көмкерілген Зеренді өңірінде 31 инфрақұрылымдық жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Биылғы жазғы маусымда Зеренді ауылының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан туристік нысандарға апаратын жолға асфальт жамылғы төселді. Жол бойы жарықтандырылды. Қатты тұрмыстық қалдықтар салуға арналған контейнерлер орнатылды. Жағажайда демалушыларға қажетті қолшатыр пішінді пана саңырауқұлақтай қаптап тұр. Суға түсушілердің киім ауыстыруына керек орындар дайындалды. «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық паркінде туристер жүретін жол бойына орындықтар мен қоқыс тастайтын контейнерлер орнатылды. Бұл өңірдегі туристік нысандар өз есептерінен абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Осылайша, өңі жақсы өңірдің ісі өнік, берекесі мол. Алдағы уақытта да көгілжім сағымға оранған сайын даланың төсіндегі өзіндік ықылас-пейілімен құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, мерейлі мекенге айналған курортты өңір қыр асып, тау басып келетін туристерге достық қолын бұлғап, өзіне шақырып тұрғандай.
Ақмола облысы